Дәл осындай тақырыппен Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде көркемсөз оқудан конкурс өтті. Оған «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі мен мысты қала әкімдігі мұрындық болды.
Байқауға Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жәйрем, Жезді кенттерінен және Жаңаарқа, Ұлытау аудандарынан 45 үміткерден өтініш түсті. Алдын ала іріктеу сынынан кейін 18 үміткер ақтық айналымда өз өнерін көрсетті.
Конкурстың қорытындысында қазылар алқасының шешімімен Өмірхан Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің студенті Ақерке Калиева бас жүлдені және «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төс белгісін иеленді. Ал, Жаңаарқа ауданы, Атасу жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Гүлім Төлеуова І орынды, Сәтбаев қаласынан Айдана Мұратова II орынды, Жезқазған қаласының №8 гимназия оқушысы Сабина Сламғали III орынды иемденді.
Байқауда өзіндік өрнектерімен танылған Ұлытау ауданы, Жезді кентінің мектеп-интернат оқушысы Бекболат Шаяхмет және Жаңаарқа ауданы, Түгіскен селосы Жанайдар Сәдуақасов атындағы жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Айару Каримова арнайы сыйлық иегері атанды. Байқаудың ақтық сайысына қатысып, өнер көрсеткен өзге де қатысушылар ынталандыру сыйлығын иеленіп, арнайы дипломдармен марапатталды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.