Биыл кен өндірісінің тарланы, Сәтбаев және Жезқазған қалаларының Құрметті азаматы, Ұлытау-Жезқазған өңірінің мақтанышы, есімі күллі қазақ жұртына мәлім біртуар тұлға – Садық Қасымұлы Асатовтың туғанына – 90 жыл. Ол өзінің саналы ғұмырын қазақ өндірісін дамытуға жұмсаған, Жезқазған, Жәйрем өңірлеріндегі үлкен кен орындарын басқарып, оны кешегі Одаққа танымал еткен басшы.
Садық Асатов 1933 жылы 1 мамырда Ұлытау ауданы, Сарлық ауылында туған. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. Атамыз, әкеміз Садық Асатов ақсақал Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, еңбек жолын кен мастері болып бастап, шахта бастығы, Солтүстік, Батыс Жезқазған кеніштерінің директоры, Жәйрем кен-байыту комбинатының бас директоры қызметін атқарған. Өзінің 55 жас қысқа ғана өмірінде қоғамдық жұмыста болсын, өндірісте болсын артында айрықша із қалдырған адам. Әсіресе, жапан түзде Жәйрем қалашығын көтеруде сіңірген еңбегі орасан зор. Садық аға бірнеше орден, медальдармен марапатталған, осындай абзал жанның өмірі болашақ ұрпаққа өнеге. Ө. А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің үздік студентіне С. Асатов атындағы шәкіртақы тағайындалған.
Садық Қасымұлы Асатов кен өндірісінің ірі ұйымдастырушысы болуымен қатар үлкен жүректі жан еді. Ол қазақтың салт-дәстүрін қолдаушы болды. Кеншілікпен қоса қолына қалам алып тамаша жырлар тудырды. Ақынның бірнеше өлең кітаптары жарық көрген. Қолжазба емес, ерекше болмысы, ұйымдастырушылық қабілеті, кәсіби біліктілігі, жомарттығы, азаматтық бейнесімен ел жадында қалған бірегей тұлғаның қолтаңбасы бұл. С. Асатов өзінің соңында зор рухани мұра қалдырды. «Құштарлық», «Сәлем де, Кішітаудың Серегіне» өлеңдер жинағы қалың оқырманға жақсы таныс. «Оның қызметтегі қол жеткен биігі – Жәйрем болса, ол бір төбе, ал өлеңдері болса, өмір жолының бір қиян, бір зиян шақтарының куәсі-тін. Садық аз болса да, мәз жазды, қимасына таңдап терген гүл шоғындай өлеңдері қазақ поэзиясының асыл қорына қосылды», – дейді белгілі қоғам қайраткері, алаштың айтулы ақыны Кәкімбек Салықов.
Өлең – жырлары жұртшылыққа жақсытаныс Сәкеңнің «Құштарлық» атты тұңғыш жыр жинағы 2001 жылы оқырман қолына тиді. Бұл кітапты шығаруда уақытында С. Асатовпен бір шахтада қызмет атқарған, оның азаматтығына, кісілігіне жақсы қанық белгілі ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовтың ерекше еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн. Кәкімбек аға кітапқа тебіреніске, толғанысқа толы алғысөз жазып, кейін туындының Жезқазған қаласында өткен тұсаукесеріне де қатысып, жүрекжарды лебізін білдірді.
Ал ақын Асатовтың «Сәлем де Кішітаудың Серегіне» атты екінші кітабы 2009 жылы жергілікті баспаханадан жарық көрді. Садық Асатовтың соңында қалған мұрасын жинақтап, жанашырлық танытып жүрген, өзіміз аса қадірлейтін бір азамат бар. Ол көңілі дархан, жүрегі кең Садық ағаның туған бауыры – Яхия Асатов. Яқия Асатов та кен саласында еңбек еткенімен, мәдениетке, әдебиетке бүйрегі бұрып тұратын жан. Өзінің де өлең жазатыны бар. Бірақ онысын әйгілей бермейді. «Ағам ертерек кетті ғой. Жүре тұрғанда ғой, шіркін-ай…» деп кей кездері өзін де, өзгені де толқыта сыр ақтаратыны бар. Алайда, жақсының аты өлмейді. Бұл күнде Сәтбаев қаласында, сондай-ақ Жәйрем кентінде Садық Асатов атын иемденген көшелер бар.
Биыл өндірісте де, өлеңде де өшпестей із қалдырып кеткен аяулы азаматтың туғанына 90 жыл толады. Туған еліне қалтқысыз қызмет еткен Садық Асатовтың ісі мен өнегесі қашан да ұмытылмайды. Жас ұрпақ Жезқазғанның тарихын, оның ішінде Садық Асатов есімін – тау-кен инженерін, жайсаң ерін ұмытпауы керек. Жәйрем дегенде ойы-
мызға бірден Садық Асатов оралады. Ал, Садық Асатов десек, көз алдымызға Жәйрем келеді. Бұл екеуі бір-бірінен ажырамайтын, егіз ұғым. Өйткені, Жәйремді Жәйрем еткен Садық аға . Жәйрем кентінің іргесі сонау 1972 жылы қаланған еді. Ол кезде шағын жұмысшы поселкесі ғана болатын. Жәйрем өндірісінің өрге басып, кенттің кербез қалаға айналуы осы Садық Асатовтың тұсында дәуірледі. Оны бүгінгі ел жырдай етіп айтады.
Жәйрем бүгін – балауса,
Ертең – кеннің ордасы,
Жәйрем бүгін – жас шалғын,
Ертең – мырыш, қорғасын.
Жәйрем бүгін – жас буын
Бұғанасы қатпаған.
Жәйрем ертең – кен көзі
Үмітінді ақтаған.
Жәйрем бүгін – толқында,
Теңіздегі кемедей.
Ағылар жастар осында,
Қиындықты елемей
Жәйрем – дауыл, Жәйрем – ән,
Жәйрем – көктем, Жәйрем – таң.
Жәйремдіктер бұқпайды,
Нөсер жаңбыр, дауылдан.
Жәйрем бүгін – сел жүзген,
Тасыған өзен суында,
Ертең Жәйрем – жас қала,
Келешек жас буынға.
Жәйрем әлі балауса,
Жаңа ашылды жол басы,
Жәйрем ертең Отанға,
Болар байлық ордасы.
Аида САДЫҚОВА,
Қ. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайының бас қорлар сақтаушысы,
Айнагүл КАДИРСИЗОВА, архивариус.