Сәрсенбай Қотырашовтың есімі бүгінде жер жаһанға машһүр болып үлгерді. Жетпістен асқан шағында Қазақстанның 17 облысын жаяу шарлап шыққан қария биыл әлемді «бағындыруға» жаяу жолға шыққан еді. Оның алғашқы кезеңін де сәтті аяқтап отыр. Қазақ елін күллі әлемге танытқан ақсақалды Республика мақтанышы деп дәріптесек, әсте артық емес.
«Қазақ елін күллі әлемге танытқан» деп әспеттеуіміз де тегін емес. Сәрсенбай Оспанұлының қариялық жасында қолға алған ісінің негізгі мақсатының өзі қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін, тарихын жер жүзіне насихаттау. Осы орайда ол өткен жылы 6 ай ішінде еліміздің 17 өңірін жаяу аралап, 8000 шақырымды артта қалдырып, рекорд орнатқан еді. Дүйім елге үлгі болып, мотиватор атанған жиһанкез қарияның әр қадамын күллі жаһан жұрты ғаламтордан қадағалап отырды. Таңданыстарын да ашық білдіріп жатты.
– Менің сапарымның бірінші мақсаты – Ұлытау өңірінің тарихын, оның қазақ тарихында ерекше орын алатынын елге насихаттау. Екінші мақсатым – қолөнер шеберлерінің тізімін түгендеп, толықтырып, ЮНЕСКО-ға өткізу. Үшінші мақсатым – қазақтың ұмытылып кеткен ұлттық мейрамы «Қымыз мейрамын» елге насихаттап, түсіндіру. Дүниежүзінде жылқыны алғаш қолға үйреткен халық – қазақ. Сол қолға үйреткеннен бие сауып, қымыз іштік. Осыдан 5 мың жыл бұрын «Қымыз мейрамы» деген мереке болған. Ол кешегі Қазан төңкерісіне дейін тойланып келген. Одан кейін бұл мереке ұмыт қалды. Осы күнге дейін ешкім біле қоймайды. Миллионның бірі білетін шығар. Соны насихаттап, күнтізбе бетінде «Қымыз мерекесі» деген атаулы күннің енуіне ықпал жасау, – дейді жиһанкез қария журналистерге берген сұхбатында.
Сәрсенбай Қотырашов өзінің әлемді «бағындыруға» жасаған жаяу саяхатын биыл 2 тамызда Атырау қаласынан бастады. Оның бұл сапары 2 жылға созылмақ. Жиһанкез қария жаһанды 2025 жылдың тамызына дейін жаяу аралап шығуды көздеп отыр. Ыңғайлы болу үшін маршрут бірнеше кезеңге бөлінді. Бірінші кезең – Қазақстан – Ресей – Грузия – Түркия. Бұл кезең жоспар бойынша 3000 шақырымдай жолды артқа тастап, 100 күнде өтеді. Екіншісі – Түркия-Франция-АҚШ (180 күн және 9 мыңнан астам шақырым жол). Үшіншісі – АҚШ – Қытай – Моңғолия – Ресей – Қазақстан (130 күн, және 4 мыңнан астам шақырым).
Биыл осы сапардың алғашқы кезеңі сәтті аяқталды. Былтыр еліміздің 17 облысын
6 айда жүріп өтіп, рекорд жасаған жиһанкез бұл жолғы маршрутын 2 ай 11 күнде жүріп өтті.
– Саяхаттау ешқашан кеш емес. Тек алдыңа зор мақсат қойсаң болды. Менің алдыма қойған мақсатым елімді, жерімді, жұртымды жаһанға таныту. Елімнің тарихы мен мәдениетін насихаттау болды. Ұлттық мейрамымызды әрқашан да қадірлеп, құрметтеп, ұмытылып кеткен мейрамдарымызды еске алып, ата-бабамыздың рухын оятайық. Соның арқасында біз ел боламыз. Соның арқасында біздің ұлтымыз сақталып қалады. Тарихын білмесе, мәдениетін білмесе, мейрам, дәстүрін білмесе ол ұлт бола алмайды. Сондықтан басқа ұлттың алдында біздің дәрежеміз әлдеқайда үлкен. Әсіресе тарихымызға келгенде…
Дүниежүзіндегі ең алғашқы металлургия 3500 мың жыл бұрын Ұлытау өңірінде басталған. Аспан әлемін зерттеу де бізден шыққан. Бізді сырт елдер көшпенділер деп түсінбейді. Мәскеу салынбай тұрып қазіргі Қазақ даласында бірнеше жүздеген қалалар болған. Ол қалалар болмаса мәдениет қайдан болған? 3500 мың жыл бұрын темір қорыту, металл қорыту оңай ма? Ол – өнер. Ол – кәсіп. Ұлттық дәстүрімізді басқа ұлттарға түсіндіріп, біздің мәдениетіміз, тарихымыз зор екенін айтып, мақтаныш ету мақсатында жолға шықтым, – деген еді Жезқазғаннан аттанып бара жатқанда жиһанкез ақсақал.
Ұлт мұрасын түгендеп жүрген қазыналы қария өзінің алға қойған миссияларын да абыроймен атқарып келеді. Мәселен, «Қымыз мейрамы» мерекесін елімізде насихаттауының арқасында Ерейментау ауданы, Қорғалжын ауданы, Атбасар ауданы, Павлодар облысындағы Шарбақтыда, өзге де көптеген жерлерде «Қымыз» фестивальдері кең көлемде өтті. Бұл түбі бүкіл Республика бойынша, сәтін салса ЮНЕСКО деңгейінде өткізілетін болады. Сондай-ақ, Қазақстандағы бүкіл қолөнершілердің тізімін жинау барысында бүгінгі күні 418 қолөнершінің тізімі жасалды. ЮНЕСКО-мен келісім ойынша осы тізім 1000-ға жетсе, аталмыш құзырлы орган сайт ашып береді. Бұл сайт біздің еліміздің қолөнершілеріне шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнатып, конференция, семинарларға қатысуға, сондай-ақ, өздерінің қолөнер бұйымдарын сол сайт арқылы сатуға мүмкіндік береді.
Ал, күні кеше Түркияға жеткен Сәрсенбай Оспанұлы ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Саид Юсуф мырзамен кездесіп, саяхатының ең басты мақсаты – Ұлытаудан бастау алған «Қымыз мерекесін» ТҮРКСОЙ шеңберінде өткізу жөніндегі ұсыныс хатын тапсырды.
– Бұл кісі өзінің бойындағы қарапайымдылық қасиетімен ерекше. Өзінің атын шығарып, керемет марапат алу үшін жүрген адам емес. Ұлытауда тарихи ескерткіштерге реставрация жұмыстарын жүргізіп, археологиялық қазба жұмыстарына қатысу арқылы тарихын тереңірек түсініп, зерттегеннен кейін сол Ұлытаудың ұлылығын насихаттаймын, сол арқылы Қазақстанды күллі әлемге танытамын деп жанын шүберекке түйіп, жолға шығып отыр, – дейді Ұлытау ұлттық тарихи-табиғи қорық музейінің қызметкері Баян Шайгөзова.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.