Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұдан сегіз жыл бұрын болған адам өліміне қатысты қылмыстық істі қарады. Ашық сот отырысында 9 куәгер түсініктеме берді.
Сот отырысында жауап берген сотталушы Е. тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындамайтынын жеткізді. Оның берген түсініктемесі бойынша сол күні танысы Н. өзіне қоңырау шалып, кездесуді ұсынған. Содан сағат 22.00 шамасында олар кездесіп, бірге тамақтанған. Одан шығып сағат 23.00 шамасында екеуі мейрамханаға келген. Кіре берісте Н.-ның таныстарымен ұшырасқан. Оның таныстарының біреуі туған күні екенін айтып, екеуін өздерінің дастарқандарына шақырған. Үстел басында бес-алты жігіт пен қыз отырған. Олармен танысып, әңгімелесіп, арасында билеп уақыттарын өткізе бастаған.
Бір кезде олар отырған үстелге Н.-мен екеуінің ортақ танысы жәбірленуші Р. тақалған. Өзінің аңғаруынша ол дастарқан басындағы жігіттермен де таныс болған. Жүздеспегендеріне бірқыдыру уақыт өткен танысы Р.-мен емен-жарқын хал-жағдай сұрасқан. Жәбірленушімен арада бұрын-соңды дүрдараздық болған емес. Осылай деп айта келіп сотталушы Е. сот отырысында берген түсініктемесінде сол күні түнде орын алған қастандыққа еш қатысы жоғын сөз етті.
Куәгер У.-дың түсініктемесінде сотталушы Е.-нің сол күнгі мейрамхана ішіндегі өзін дөрекі ұстағаны, қолында суық қаруы болғаны көрініс тапты. Сотталушы Е.-мен араларында мейрамхана ішінде төбелес болғанын егжей-тегжейлі баяндады.
Оның айтуынша, сол күні кешке мейрамханаға жәбірленуші Р.-дың «БМВ» маркалы автокөлігімен бірге барғанын, оның інісі М.-ны да сол жерде кездестіргенін, бірақ ол басқа залда өзі танымайтын жастармен бірге отырғанын баяндады. Куәгер У. бардың жанында отырғанында қарама-қарсы үстелдегі Е.-ні көреді. Сотталушы Е.-мен бір оқу орнына бірге түскеннен бері таныс болатын. Кейін ол оқудан екеуі де шығып қалған еді. Кездеспегендеріне бірер жыл болған. Ескі танысы Е.-ге сәлем бермек болып, қасындағы жолдастарымен бірге би алаңына бет алған оған жақындайды. Ал ол болса өзіне сұстана қарап, «оңаша барып сөйлесейік» деген ишара жасайды. Мейрамхана ішіндегі қатты музыка үнінен ештеңе есту де мүмкін емес еді. Содан сотталушы екеуі гардеробтың оң жағындағы бір есікке тақалады. Бір қыз оларға ол жаққа бөтен адамдардың кіруіне болмайтындығын айтады. Сосын ол сотталушы Е.-ге сөйлескісі келсе далаға шығуды ұсынған. Сотталушы сол-ақ екен түк айтпастан оң қолымен өзінің сол жақ жағынан ұрып жібереді. Екеуі алысып-жұлысқан сәтте У. еденге құлап түседі. Бір сәтте мойын тұсына қол сілтегенде сотталушы Е.-нің оң қолындағы пышақты көзі шалады. Сол жақ жағынан қатты қан ағып жатқанда Е. пышақпен соққы жасаған екен деген ой келген өзіне.
Бір мезетте Е.-нің қолынан сытылып шығып, қашып барып бір бөлмеге кіреді де есігін іштен жауып тұрады. Ал сотталушы есікті сырттан ашпақшы болады. Сөйтіп тұрғанда куәгер және бір есікті көреді. Ол далаға шығатын темір есік екенін аңғарады. Содан қашып шығып, сол бетте такси ұстайды да ол жерден кетіп қалады. Қанды оқиға орын алған күні сотталушы Е.-нің үстінде ақ түсті футболка, қара түсті жеңі шолақ жейде болғанын көрсетті.
Сот отырысында куәгерлер сол мейрамхананың күзетшісі А. және даяшылар И. мен М. өз түсініктемелерінде ақ түсті футболка мен қара түсті жейде киген жігіт төбелескен адамын ұрып құлатқанын, қолында пышағы болғанын айғақтады.
Және бір куәгер, сол мейрамхананың күзетшісі Ж. бұл екі жігіттің арасындағы жанжалды бүге-шігесіне дейін көргенін тізіп салды. Ол жәбірленуші Р. мен оның інісі М.-ны мейрамхананың тұрақты клиенттері ретінде сыртынан білетінін, олармен бірге «Шайтан» деген лақап аты бар У.-дың да болғанын, сотталушы Е. екеуінің төбелесін бастан-аяқ баяндап берді. Сотталушы Е. қолындағы пышағымен У.-дың жағы мен мойнына жарақат салғанын айтты. Куәгер төбелес болып, абыр-сабыр орын алған сәтті пайдаланып, кейбіреулердің ақша төлемей кетіп қалмауы үшін мейрамхананың сыртқы есігін жауып жатқанында сырттағы айқай-шуды байқап қалады. Ұрыс-керіс шығарған бір топ жігіттердің ішінде сотталушы Е. мен жәбірленуші Р.-ды көргенін айтты.
Мейрамхана алдында жай ғана айқай-шу ғана емес жаға жыртысқандай төбелес болғанын сот отырысында түсініктеме берген жәбірленушінің інісі М. да, куәгер А. да растады. Ағасы далаға шық деп қоңырау шалғанда М. әлде бір қолайсыз жағдай орын алғанын аңғарып, қасындағы жолдасы А.-ны ертіп алып сыртқа шыққанда сотталушы Е.-нің келеңсіз күйде біреуді іздеп: «Қайда анау? Қайда кетті?» деп аласұра айқайлап жүргенін көреді. Ағасы өзіне көлігінің кілтін беріп жатып, машинаның жанында болуын тапсырған. Ағасы сосын сотталушы Е.-ні сабырға шақырып, басу айтып тыныштандыруға әрекет жасап бақты. Екеуі өзгелерден бөлініп аулақтанып бара жатты.
Бұл екі куәгердің айтуына қарағанда оқиға одан әрі былайша өрбіген. Олар автокөлік жанында тұрғанда әлгі топтанған 4-5 жігіт төбелесе бастағанын байқайды. Енді бір сәтте жәбірленуші Р.-дың жол белгісіне ұқсас темір затпен өзгелерді өзіне жақындатпай қорғанып жүргенін, әлден соң қаша жөнелгенін, оның артынан әлгі жігіттер қуа ұмтылғандарын байқайды. Сол-ақ екен куәгерлер М. мен А. жәбірленушінің көлігіне отыра салып, оларды соңдарынан қуады. Машина рөліндегі М. ағасын қуған жігіттерді қағып өтпек болады. Бірақ олар жолдың шетіне қашып құтылады. Ол жігіттерге аялдамастан жәбірленуші Р. кеткен жаққа ұмтылады. Екеуі тақап келген сәтте сотталушы Е.-нің жәбірленуші Р.-дің үстіне мініп алып, қолымен соққылап жатқанын анық көреді. Көліктен түсе салып М. жатқан ағасына ұмтылған, ал А. қашып бара жатқанды қуа жөнеледі. Бірақ оған жете алмайды. Әйткенмен оның сотталушы Е. екенін анық көреді. М. өзін айқайлап шақырған соң қууын тоқтатып, көлікке қайтып келеді. А. келгенде көліктің артқы орындығында жәбірленуші Р. отыр екен. Оның кеудесінің жүрек тұсынан қан атқылап жатқанын байқасымен өзінің жейдесімен басып, қанын тоқтатуға әрекет жасайды. Ауруханаға бара жатқандарында М. ағасынан не болғанын сұрағанда, ол сотталушы Е.-ге жоламауын, ауруханадан шыққаннан кейін өзі сөйлесетінін айтады.
Сот отырысында жауап берген марқұм Р.-дың апасы, жәбірленуші С. онымен бір пәтерде тұрғанын айтты. Інісі Р. алған жарақатынан ауруханада қайтыс болғанын, інісін әлдекімдердің өлтіру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде өзін танығандығын сөз етті. Қылмыскердің кім екені табылмай, тергеу ұзаққа созылып бара жатқан соң құзырлы органдарға шағымдана бастайды. Полиция қызметкерлері күдікті Е. екенін, оған іздеу жарияланғанын айтып, өзін шығарып салып отырған. Інісі қайтыс болғанына шамамен екі жыл өткен соң ата-аналарына сотталушы Е.-нің анасы мен жақындары баласы үшін кешірім сұрай келіп, тіпті кісі құны ретінде басқа қаладағы пәтерін ұсынған болатын.
Сот куәлар мен жәбірленушінің түсініктерімен және сотталушы Е.-нің тағылған айып бойынша кінәсі көптеген іс құжаттарымен толық дәлелденді деп есептейді. Е.-нің жәбірленушінің өліміне қатысы жоқтығы туралы уәжі сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде жинақталған және сот тергеуі кезінде зерттелген дәлелдермен толық жоққа шығарылды.
Сотталушының қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаннан кейінгі іс-әрекеттері, яғни оның оқиға орнынан бой тасалап кетіп қалуы жәбірленушінің тағдыры мен денсаулық жағдайына қызығушылық білдірмеуі, оған қандай да бір көмек көрсетуге шара қолданбауы да оның осы қылмысты жасауға тікелей ниеттенгенін көрсетеді.
Сонымен сегіз жыл бойы сергелдеңге салған қанды қол қылмыскер сотталды. Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баспасөз қызметінің редакциямызға берген мәліметінде айтылғандай, сот жәбірленуші С.-ның сотталушыдан он миллион теңге моральдық залалды өндіру туралы азаматтық арызы толықтай қанағаттандырылуға жатады деп табады. Аталған қылмыс салдарынан, яғни жақынынан айырылып, орны толмас қайғы-қасіретті басынан кешкен және бірнеше жыл бойы осы өшпес қасіретті қайта-қайта есіне алып, інісінің өліміне кінәлінің заңға сәйкес жауапқа тартылуы үшін талай табалдырықты тоздырған жәбірленуші С.-ның және өзге де жақындарының жан азабын кешкені анық. Сот жәбірленуші С.-ның пайдасына сотталған Е.-ден он миллион теңге өндіруге және он үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге үкім етті.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.