Еңбек адамының құқықтары мен міндеттерін қорғау жолында өзінің стратегиялық бағдарламасы қалыптасқан тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы ел аумағы бойынша 56 мыңнан аса жұмысшының басын бір арнаға тоғыстырып отыр. Бүгінде Уәлихан Нұржанов төрағалық ететін ұйым филиалдарының жұмысы нәтижелі жүзеге асып келеді.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқармасындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің жұмысы 2023 жылдың қазан айына дейінгі аралықта ұжымдық келісім-шарттың орындалуына бақылау жасау, жұмысты ұйымдастыру, мәдени-бұқаралық, спорттық шараларды жүзеге асыруда белсенді болды. Келісім-шарттың жүзеге асу барысын бақылауда кәсіподақ комитеті ағымдағы жылы бірнеше мәрте ұйымның мүшелеріне ұжымдық келісім-шарттағы жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы міндеттерді түсіндіру мақсатында кеңес берді. Жұмысты ұйымдастыру бойынша комитет төрағасы еңбек ұжымдары арасында кездесулер ұйымдастырып, жұмысшылардың мұң-мұқтажына құлақ асты. Олардың тарапынан туындаған бірнеше мәселенің оңтайлы шешілуіне атсалысты. Еңбек дауы туындаған жағдайда заңгердің көмегі көрсетіліп, кеңес берілді. Сонымен қатар, еңбеккерлерді ынталандыру мақсатында салалық марапаттарға ұсынды. Материалдық көмек қажет болған жағдайда қаржылай қолдау көрсетті.
Мәдени-бұқаралық, спорттық шаралар осы тоғыз айда өз деңгейінде атқарылды. Сауықтыру жұмыстары да нәтижесін көрсетті. Еліміздегі шипажайларға жолдама беруден бөлек, жаттығу залдарына жеңілдік талоны қарастырылды. Кәсіподақ мүшелеренің балалары Бурабай жазғы лагерінде демалды.
Жалпы, биылғы жылдағы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқармасындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің атқарған жұмысы оң бағаға ие.
Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресіндегі «КәсіпҚорған» кәсіподақ комитеті берісі Ұлытау, Қарағанды, Балқаш, әрісі Жамбыл облыстарындағы кеніштердегі еңбеккерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын бақылауда белсенділік танытуда. Комитет төрағасы Болат Бодықов ұжым арасындағы жиындарға қатысып, жұмысшылардың тарапынан туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге тырысады. Ұжымдық келісім-шарттағы міндеттердің орындауын қадағалап, еңбеккерлерге кеңес береді. Мұнда, сонымен қатар, ай сайын кәсіподақ белсенділерінің жиыны өтіп, онда кәсіподаққа жолданған мәселелерді шешу жолдары қарастырылады. Кен өндірісінде жоғары табысқа жеткендерді кәсіби және мемлекеттік мерекелерде «Еңбек даңқы», «Кенші даңқы», «Құрметті кенші» төсбелгілерімен, «Еңбек ардагері» медалімен, Кәсіподақтың Құрметті қайраткері атақтарымен марапаттау жолға қойылған.
«КәсіпҚорған» кәсіподағының Жезқазған филиалы – өңірдегі «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өндіріс нысандарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын құрылым. Ақылбек Төлепбергеновтің басшылығындағы филиалдың бастауыш кәсіподақ комитеттерінің төрағалары жұмыс орындарындағы еңбек жағдайын бақылауды назардан тыс қалдырған емес. Осы жылдың алты айында 106 техникалық инспектор 513 тексеріс жүргізген. Оның отыз бесі «Жезқазғантүстімет» ӨБ техника қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімі мамандарының қатысуымен жүзеге асты. Анықталған кемшіліктерді жою жөнінде цех және телім басшыларына ескертулер берілді. «Қазақмыс» корпорациясымен арадағы келісімге сай, техникалық инспекторларды ынталандыру мақсатында сыйақы тағайындалып, бірнеше өндірістік құрылымның инспекторлары марапатталды.
Комитет төрағалары еңбек жағдайында туындаған дауларды шешу мақсатында келісім комиссиясының отырысына қатысып, өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Кәсіподақ құрылған он бір жыл ішінде аталған филиалда жақсы дәстүр жолға қойылған. Ол – жазғы және қысқы спартакиада. Аймақтағы өндіріс ошақтарының спортты серік еткен еңбеккерлері өздерінің қалауындағы спорт түрінен жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанды. Жүздеген өндірісшінің есімі «Қазақмыстың» спорт тарихында жазылып қалды. «Jastar Bolashaq» Жастар одағымен бірлескен бұл жобаға бүгінде қызығушылық танытқандар қатары қалың. Жезқазған филиалы өз мүшелерін сауықтыруға да баса көңіл бөледі. Денсаулықтарын жақсарту үшін «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС базасындағы Бубновский орталығына жеңілдікпен жолдама қарастырған. Мұнан бөлек, жаттығу залдарында спортпен шұғылдануға толық негіз бар. Материалдық көмек көрсетуде де филиал қаржылай қолдауға бағытталған шараларды жүргізіп отыр. Еңбек күні қарсаңында кәсіподақтың Жезқазған филиалы биылғы жылы жүзден аса еңбеккерді марапаттап, олардың даңқын асырды.
Республика күні қарсаңында өндіріс озаттарын «Еңбек даңқы», «Кенші даңқы» төсбелгілерімен марапаттау жоспарланған.
Біз сөз еткен «КәсіпҚорған» кәсіподағының филиалдары бекітілген жоспарға сай жұмыс жүргізіп отыр. Еңбек адамының қорғаушысы әрі қолдаушысына айналған бұл ұйымдардың келер жылдағы жоспарлары да ауқымды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.