Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Жезқазғанға жұмыс сапары аясында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндерге 55 жастан бастап жаңа арнайы әлеуметтік төлемді енгізуге қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру бойынша еңбекті қорғау мәселелері мен пысықталатын тәсілдер талқыланды.
Светлана Жақыпова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа әлеуметтік төлем тағайындаудың негізгі қағидаттарын белгілегенін хабарлады. Ол үшін жұмысшы 55 жасқа толуы және жұмыскерлерге арналған міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына кемінде 7 жыл аударылған болуы қажет. Қазіргі уақытта ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өмірді сақтандыру компанияларымен бірлесіп қажетті есептеулер жүргізуде.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз бұл мәселені мүдделі мемлекеттік органдармен пысықтадық. Қазірдің өзінде бұл әлеуметтік төлем әртүрлі қаржыландыру көздерінен бірнеше құрамдас бөліктерді қамтиды: бюджет қаражаты, зейнетақы жинақтары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-дан төлемдер. Сондай-ақ сақтандыру компанияларынан төлемдер көзделеді. Әлеуметтік төлемнің соңғы мөлшері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және сақтандыру компаниялары есептеулерін аяқтаған кезде анықталады, – деді министр.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС ұжымымен кездесуден кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі кәсіпорынның қызметімен және жұмыскерлердің еңбек жағдайларымен танысты.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС баспасөз қызметі.