«Қазақмыс» корпорациясының кен өндіру бағытында табысқа қол жеткізіп отырған Оңтүстік Жезқазған кеніші биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Жұмылып жұдырық болған кеншілердің арқасында ұжымның еңбектегі табысы қомақты. Алып кенішке барған сапарымызда өндіріс ошағының директоры Данияр Жаналинов бізге № 45-65 шахталардың айбынды кеншілерін ерекше атап өтті.
Солардың қатарында Мақсұт Қожахметов басшылық жасайтын № 14 флексуралық телімнің жеткен жетістігін алға тартты. Негізгі кендерден бөлек, ұсақ кендерді өндірумен шұғылданатын телімнің ұжым арасындағы абыройы асқақтап тұр. Жас та болса бас болып, телімді табысқа бастай білген Мақсұт Қожахметовпен 800 метрлік тереңдікке тартатын шахта астында сұхбаттастық.
– Біздің бұл телім кен өндіруде бірнеше бағытты қамтып отыр. Бұрғылауда, кен тиеп, тасуда да межелі міндетке қол жеткізіп отырмыз. Мұнда әрбір еңбеккердің жоспарды орындаудағы үлесі қомақты. 27 жыл еңбек өтілі бар механик Көпжасар Құлсейтов, бригадир Қабиден Қабаев сынды майталмандардан үйренеріміз көп. Марат Жаулыбаев, Әлияр Қиянбеков, Абылай Әбілғазин сынды аға буынның ізін жалғаған озаттарымыздың арқасында телімнің жұмысы үздіксіз жүзеге асуда. Маркшейдер Мизамгүл Махатова, геолог Алмагүл Нұғыманованың алар орны ерекше.
Телімде кен бұрғылайтын «Сола» және оқтаушы «Чармик-12» техникасы бар. Осы техникалардың күшімен ауысымға берілген тәуліктік норманы қауіпсіздікті сақтай отырып орындап шығамыз. Ауысым алдындағы жиында әрбір еңбеккерге өзінің атқаратын шаруасы бойынша тапсырмалар беріліп, түсіндіріледі. Ұжымымыз береке мен бірлікке ұйысқан. Бір-бірін қолдап тұрады. Кен өндіру саласы қауіп-қатерсіз болмайтыны анық. Сондықтан мен телім басшысы ретінде әрбір еңбеккерімнің ауысымнан кейін үйіне аман-есен оралуына тікелей қатысы бар шараларды да жүзеге асыруға тиістімін, – дейді Мақсұт Болатұлы.
Мақсұт Қожахметов
Мақсұт Қожахметов – аймағымыздағы кадрлар дайындаудың шеберханасына айналған Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің түлегі. Осы іргелі оқу орнын тау-кен мамандығы бойынша оқып жүргенде тәжірибе жинақтауға келген студенттің көңілі Оңтүстік Жезқазған кенішіне түсті. Оқуды аяқтап, әскери міндетін өтеп келген соң Мақсұт Болатұлы аталмыш кенішке жұмысқа орналасты.
– Отбасымда жалғыз ұлмын. Үйдегілер кенші болуымды қаламады. Бірақ жүрек қалауындағы мамандықты басқа салаға айырбастағым келмеді. Студент жылдардағы осы кәсіпке деген құштарлық мені ақыры осы салада табан тіреп қалуыма ықпал етті, – дейді кейіпкеріміз.
Телім басшысы Мақсұт Қожахметов ауысым алдында жиын өткізуде
Мақсұт Қожахметов аталмыш телімге 2019 жылдан бері басшылық жасайды. Іскер басшының тәжірибесі телімді өрге сүйреп келеді.
Тегеуріні мықты телімді кәсіби мамандардың ортасы деп айтуға толық негіз бар. 1996 жылдан бері Оңтүстік Жезқазған кенішінде еңбек етіп жүрген Көпжасар Құлсейтовтің тәлімінен талай жас маман өтті. Инженер-механик мамандығын меңгерген Көпжасар Көлбайұлы Жезді кентінің тумасы. Кенттегі автобазада еңбек етті. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен кешегі кезеңдерде Көпжасар Құлсейтов те Жезқазғанға қоныс аударды. Оның кен өндірісе келуіне аймаққа танымал азамат Райымбек Аяшев ықпал етіпті.
– Тоқсаныншы жылдардың топалаңында көбіміз қалаға бет алдық. Заманның сондай тұсында жұмысқа орналасып, отбасын асыраудың өзі мұңға айналды. Жезді автобазасында басшылық жасаған Райымбек Аяшұлының мамандығым бойынша жұмысқа орналасуыма септігі көп болды. 1996 жылы кеніштердің директорларына: – Менің қарамағымда еңбек еткен тәжірибелі маман бар. Соны қайсың жұмысқа қабылдайсыңдар, – деп ұсыныс тастап, сәті түсіп осы кенішке келдім. Алғашында дизельдік телімге орналасып, бір жылдан соң осы телімге ауыстым.
Көпжасар Құлсейтов
Мұнда алғаш келгенде телім басшылығында болған Нұрахмет Итжанов, Қанағат Әбдіраев сынды азаматтармен еңбек еттім. Қазіргі басшымыз Мақсұт Болатұлының іскерлігі мен жұмысты ұйымдастыру шеберлігі мықтап қалыптасты.
Мен осындағы «Сола», «Чармик-12» сынды техникалардың әр ауысымда жұмысқа жарап тұруына жауаптымын. Техниканың кідіріссіз жұмыс жасауы табыстың кілті екендігі жасырын емес. Таңертегі ауысымды «блок ауысым» деп атаймыз. Сол кезде техникалар мен электр желілерін толық бақылап, сыр берген тұстарын реттеп, қалыпқа келтіреміз. Сонымен қатар кен тиеуші және тасушы техникалардың да мезгілінде өз бағыты бойынша жұмыс жасауына да ықпалымыз бар.
Біздің телімге бекітіліп берген энергетика басқармасының электригі Жандос Бәділбеков, «Қазақмыс МэйнтенаснСервисиз» ЖШС кәсіпорнынан слесарь жөндеуші Руслан Әлмұқановпен бірге техника мен электр желілерінің мәселелерін дер кезінде шешеміз, – дейді Көпжасар Көлбайұлы.
Көпжасар Құлсейтов телімдегі шаруашылықты бес саусағындай меңгерген азамат. Оның өз мамандығына деген адалдығы кейінгі жастарға үлгі. Кен өндіру саласындағы еңбегі де жоғары бағаланып, үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталған.
Біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған телімнің Қабиден Қабаев басшылық жасайтын бригадасы да жақында корпорация деңгейінде үздік деп танылды.
Тоғыз адамнан құралған бригаданың атқаратын жұмысы – кен бұрғылау. Бригадаға тәжірибелі маман Қабиден Қабаев жетекшілік етеді. Ол Қаражал қаласының тумасы. Қабиден Болатұлы әке жолын қуып кен өндіру саласымен тағдырын байланыстырған азамат. Қаражал шахтасында тәжірибесі қалыптасқан Қабиден Қабаев кейіннен Шығыс Жезқазған кенішінің Аннеск шахтасында слесарь болды. 2006 жылы осы №14 телімге жұмысқа қабылданды. Мұндағы аға слесарьдан басталған еңбек жолы кейін бригадирлікке ұласты.
Қабиден Қабаев
– Кенші мамандығы маған таңсық емес. Өйткені әкем Қаражал қаласындағы шахтада ұзақ жыл еңбек етті. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкемнің жолын мұра тұтып, кенші болдым. Қиындығы мен қауіп-қатері басым саланың өзіндік ерекшеліктері де бар. Бұрғылайтын әрбір аумақтан тиісті көлемде кен алып шығудан бөлек, бригадамның қауіпсіз жағдайда жұмыс жасауына басымдық беремін. Қауіп-қатерді ескермесе адам өміріне әкелер зияны кешірілмейді. Кеніш, шахта, телім басшылары мен инженер мамандар қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруға баса мән бергендіктен біздің тараптан қауіпсіз жұмыс атқарылуы керек.
Бригадамдағы Райым Әуез, Марат Жаулыбаев, Әлияр Қиянбеков, Абылай Әбілғазин сынды озаттардың еңбекқорлығының нәтижесінде телім нәтижеге қол жеткізіп отыр. Мехинигіміз Көпжасар Құлсейтовтің шеберлігі арқасында техникамызда тұрып қалу деген мәселе туындамайды.
Еңбек күнінде бригадамыздың өндіріске қосқан үлесін басшылық жоғары бағалап, «Үздік бригада» деп таныпты. Бұл біз үшін зор мәртебе, – дейді Қабиден Болатұлы.
Әке тәлімін бойға сіңіріп, еңбек жолын өзіне үлгі тұтқан Қабиден Қабаевтың кен өндіру саласындағы еңбегі бағалаусыз қалған жоқ. Үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі мен «Ерен еңбегі үшін» медалі соның дәлелі.
Кеніштің кен өндірудегі көшін бастап келе жатқан № 14 телімнің жетістігіне үлес қосқан еңбек озаттары осылай сыр шертті. Бүгінде өңірімізде өндірілетін кеннің 30 пайызға жуығын құрайтын Оңтүстік Жезқазған кеніші осындай оғландарымен мақтанады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.