«КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев, «Уақыт» және «Бірлік» мүгедектер қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары Қарағанды облысы мен Ұлытау облысының өндірістен зиян шеккен азаматтары Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен кездесуге қатысты.
Өзекті тақырыптарды талқылау Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың төрағалығымен Қарағанды облысының әкімдігінде өтті.
Кездесуде өндірісте денсаулығына зиян келтірген азаматтардың жағдайына қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Бірнеше маңызды тұстарда түсіністікке қол жеткізілді. Соның қатарында Азаматтық кодекстің 944-бабының 1-тармағын және 938-бабының 6-тармағын қайта қарау сөз болды.
Ұлытау облысы өкілдерінің бастамасымен Светлана Жакупова өндірісте жарақат алған немесе мертіккен азаматтардың осы санатымен кездесу үшін Жезқазған қаласына баруға уәде берді. Сондай-ақ, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрімен бірлесіп, облысқа бару үшін денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері шақырылды.
Аймақтағы азаматтардың мәселесі тікелей дәрігерлердің жетіспеушілігінен, қызмет көрсету сапасының төмендігінен және денсаулық сақтау саласындағы бірқатар түйткілді жағдайлардан туындайды. Осындай форматтағы кездесулердің маңыздылығы мен қажеттілігін барлық қатысушылар атап өтті.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.