Өндірісті өңірде экология мәселесі өзекті екені айтылып та, жазылып та келеді. «Қазақмыс» корпорациясы өзінің нысандары орналасқан аймақтарда бұл жағдайды реттеудің тетіктерін қалыптастыруды қолға алды. Атап айтқанда, Жезқазған мыс қорыту зауытында бірнеше жылдан бері аспирациялық жүйеде шаң-тозаңды ұстап, тазарту жұмыстары өз шешімін таппай келе жатқан болатын.
Осыған баса мән берген «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нүриев пен «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабелов инвестициялық жоба аясында «ІАF» компаниясымен бірлесіп, «Даламатик» қондырғысын орнатуға шешім қабылдады. Нәтижесінде Жезқазған мыс қорыту зауытының шихта дайындау цехында бұл жүйе алғаш рет сәрсенбі күні іске қосылды.
Конвейерге түсетін ұсақ концентраттардан көтерілетін шаң-тозаңды арнайы аппаратпен сорып алып, оны шығынсыз қайта үдеріске қосуға бағытталған технологияның тиімділігін шет елдердегі зауыт, фабрикалар көріп отыр. Аспирациялық тазалау жүйесінің іске қосылуына орай «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нүриев, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабелов пен Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов зауыттың шихат дайындау цехында болды. «Даламатик» қондырғысын орнатушы компанияның басшылығы мен өкілдері жүйенің жұмысын баяндап берді.
Өндірістегі шаң-тозаңды жою мақсатында іске қосылған жүйенің тиімділігі жайында шихта дайындау цехының басшысы Қайырбек Мархабатовтан білген болатынбыз.
– Зауытта аспирациялық желдету жүйесі бұрындары қолға алынған. Алайда бұрынғы компанияның сервистік қызметі болмағандықтан, жүйелер толық қуатында жұмыс жасауға қауқарсыз болды. Ескілерін жаңартуға қомақты қаржы көзі инвестиция тарту арқылы шешілгеніне біз қуаныштымыз. Қазіргі таңда зауытта 18 «Даламатик» аппараты орнатылған болса, соның 13 данасы біздің цехта. Жезқазған байыту фабрикасының аумағында зауыттың бір цехы бар. Ол жерге біздің зауыттан бөлек, өзге зауыттардан да концентрат келеді. Сол концентраттан шихталық штабель алу кезінде шаң көтеріледі. Соны болдырмау үшін осы аппарат ол телімге де қойылды.
Заманауи технологияны іске қосуда «ІАF» компаниясының еңбегі елеулі. Бұл компанияның шет елдердегі атқарған шаруаларына көз жеткізгендіктен, басшылық осы топты тартты. Бірінші күнгі жұмыс оң нәтиже байқатты. Алдағы үдерістерде мұнан да жақсы көрсеткіштер беретініне сенемін. Өндіріс ошағының осындай мүмкіндікке қол жеткізуіне жол ашқан Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нүриевке, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабеловке ұжым атынан алғысымызды білдіреміз. Бұл жүйе цехта еңбек ететін 205 адамның денсаулығының кепіліне айналатынына ешқандай күмән жоқ, – деді цех басшысы.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.