Экономикада нарықтық қатынас қалыптасқан қоғамда заманауи корпорация әлеуметтік ахуалға жауапты қуатты құрал болып табылады. Соның бірі – бір қауым ел бетіне қарап отырған «Қазақмыс» компаниясы.
Ол өзінің қат-қабат қызметінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете сезініп, оны жүзеге асыруға алғашқылар қатарында қадам жасады. Оған компания стратегиясы мен дамуының маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарады.
Корпорация құрылымындағы адам капиталын қаржылық, техникалық, басқа ресурстарды ұлғайтудың шешуші шарты санады. Өз кәсіпорындары орналасқан аймақ жұртшылығын да назардан тыс қалдырмады.
Көмегі көп компания
Жасыратын несі бар, Тәуелсіздік тұғырына қонған жас мемлекет пен тоқырау «топалаңы» текетірескен талма тұста талай кәсіпорын қаңтарылып, күйзелген ел теңселіп кеткені әлі ұмытыла қойған жоқ. «Арқаның алқасы» атанған қуатты кен-металлургия комбинатынан да қадыр қашып, қыруар қарыздың құрсауында қалды.
Көпшілік комбинаттың келешегінен күдер үзе бастаған күрделі кезеңде «Қазақмыс» қабырғасы қаусап, өндірісі тұралаған, қызметі құлдыраған құрылым «қоқысынан» қайта көтерілді. Желкенін жайып, үмітін үкілеп, нарықтық экономиканың адуынды айдынына шықты. Шағын шеңбермен шектелмей, бәсекелестік бет қаратпайтын капиталистік қауымдастыққа қадам жасады.
Бірден бет-бейнесін, бағыт-бағдарын айқындап алды. Қоғам алдындағы жоғары әлеуметтік жауапкершілікті қызметінің темірқазығы етіп ұстады. Бизнесте барлық өндірісті адамға қызмет қылуға бағыттады. Компания қызметкері мен оның отбасын ғана емес, корпорация кәсіпорны қоныс тепкен аймақтағы жалпы жұртшылықты жан-жақты әлеуметтік қорғауға қолын созды.
Табысты өндірістік қызметі «Қазақмыстың» қаражаттан қысылмай, әлеуметтік саясатпен белсенді айналысуына мүмкіндік береді. Ол бұл салада шетелдік әріптестерінің үздік үлгісінен кем түспеуге ұмтылады. Әлемдік тәжірибедегі тиімді тұстарын жергілікті ерекшелікпен оңтайландырып, бизнестегі серіктестері және тұтынушыларымен қарым-қатынаста, әлеумет алдындағы міндетін атқаруда көптеген игі істің басын қайтарды.
Компания әлеуметтік саладағы қызметін екі негізгі бағытта жүргізеді. Мәселен, ішкісі – еңбек қауіпсіздігін, жалақы жағын, медициналық және әлеуметтік сақтандыруды, оқыту мен даярлау және біліктілігін арттыру бағдарламалары арқылы адами ресурсты дамытуды, қиын жағдайда қызметкеріне қол ұшын беруді; ал, сыртқысы – қайырымдылық пен демеушілікті, қоршаған ортаны қорғауға оң ықпал етуді, жергілікті билікпен және жұртшылықпен жұптаса жұмыс істеуді, қоғамдағы күрделі мәселені шешуге дайын болуды, тауар мен қызметін тұтынушылар алдындағы жауапкершілікті қамтиды.
Денсаулық – қоғамдық байлық
«Қазақмыс» былтырғы тамыздан бері сақтандыру компаниясымен бірлесіп ауыр еңбек атқаратын жұмысшылары мен отбасы мүшелерін ерікті медициналық сақтандыру бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның аясында шұғыл медициналық жәрдем, амбулаториялық және стационарлық ем-дом, тіс емдеу, дәрігерді үйге шақырту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін жүргізіледі. Анықтама орталығынан 9080 телефон нөмірі арқылы тәуліктің кез-келген уақытында кеңес алуға болады.
Емдеу мен сауықтыру сыртында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында компания жыл сайын спорт-сауықтыру орталықтарымен келісім-шартқа отырады. Жұмысшылар футбол, коньки тебу, суда жүзу, волейбол, тағы басқа спорт түрінен секцияға тегін қатысады. Ал, балалары «Таэквондо» спорт мектебінің секциясына тегін барады. Кәсіби кеселге шалдыққандар доктор С.М. Бубновский орталығында кинезитерапия тәсілімен сауықтыру сатысынан өтеді.
Бұдан екі-үш жыл бұрын әлемді әбігерге салған індетпен күрес кезінде «Қазақмыс» атойлап алдыңғы шептен көрінді. Жүріс-тұрыс шектеліп, қалыпты тұрмыс тұйықталып, індетпен күрес басталғанда республикалық қорға бірден 2 млрд. 220 млн. теңге қаражат аударды. Төсекке таңылғандар қатары көбейгенде вирус жұқтырған жұмыскеріне уақытша еңбекке жарамсыздығына төленетін жәрдемақыға орташа айлық жалақы мөлшерінде қосымша өтемақы жасау жүйесін енгізді.
Жекелеген әлеуметтік әлсіз топқа қол ұшын созды. Жергілікті билік ұсынған тізімге сәйкес Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қаласында әр адамға бір мәрте 30 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетті. Осы үш қаладағы медицина мекемелеріне түрлі қажетті жабдық сатып әперді, медперсоналды оқытуға қыруар қаржы бөлді, елуден астам медициналық қызметкерді баспанамен қамтамасыз етті. Қысқасы, індетпен күрес кезінде «Қазақмыс» 20 млрд. теңге қаржы жұмсады.
Биыл «Қазақмыс» шипажай жолдамасына жұмсалатын ақыны жеңілдетуге бағытталған жаңғыртылған бағдарламаны қолға алды. Бұдан былай барлық жұмысшының жылына бір рет, еңбек демалысы кезінде елдегі кез-келген шипажайда дем алып, денсаулығын түзетуге мүмкіндігі бар. Ал, балаларының жазғы каникулда «Эдельвейс Боровое» сауықтыру орталығына баруына болады. Жолдама ақысының оннан бір бөлігін ата-анасы төлейді, қалған шығынды компания өз мойнына алады.
Жақсы жалақы, жайлы баспана
Компания қызметінің өткен кезеңіне көз жүгіртсек, барлық деңгейдегі жұмысшылар жалақысы ұдайы ұлғайып отырғанын байқаймыз. Мәселен, кейінгі үш жылда: 2020ж. – 13,7%, 2021ж. – 20,5%, 2022ж. – 33% өскен екен. Бұл үрдіс биыл да жалғасуда. Тұрақты түрде: жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына мониторинг жүргізіледі, азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар мен қызмет нарығы талданып отырады, жалақы жағы елдегі басқа тау-кен компанияларымен салыстырылып тұрады.
«Қазақмыс» қаржы кеңістігіндегі келеңсіздіктің алдын алуды бұлжымас дағдыға айналдырған. Соның нәтижесінде өзінің өндірістік буындарында жұмыс істейтіндердің қаражаттан қысылып қалмауының қам-қарекетін ерте қарастырады. Қызметкерлеріне әлеуметтік және материалдық қолдау көрсету үшін кіріс-шығысты шотқа салып, бюджетін безбендеп, соған сәйкес тиісті іс-шаралар белгілейді.
Жұмысшылардың тұрмысы қолайлы болуына бағытталған әлеуметтік сипаттағы бағдарламалар жүйелі жүзеге асырылып отырады. Айталық, соңғы үш жылда 3,8 миллиард теңгеге төрт бөлмелі 186 жайлы пәтер сатып алып, компания қызметкерлерінің көп балалы отбастарына сыйлады. Назар аударатын нәрсе – ол пәтерлер алдын ала жиhаздармен жабдықталып, тұрмыстық техникалар қойылды. Қоныс тойын жасаушылар шексіз қуанышқа кенелді.
Былтырдан бастап отбасында ерекше қамқорлықты қажет ететін бала тәрбиелеп отырған компания қызметкеріне қайтарымсыз жайлы баспана сатып әперуді көздеген жаңа бағдарламаны жүзеге асыру қолға алынды. Көп кешікпей, Балаларды қорғау күні «Қазақмыс» алғашқы 35 пәтердің кілтін тапсырды. Жылдың аяғына дейін тағы осындай 53 отбасы қоныс тойын жасау бақытына ие болды. Сөйтіп, тек осы мақсатқа 2,7 миллиард теңге компания қаражаты жұмсалды.
Жалғасын тапқан жеңілдік
2020 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасы туралы да айта кеткен артық емес. Ол отбасының әр мүшесіне шаққанда шартты күнкөріс минимумы, корпорацияның 1,7 коэффициентіне көбейткенде, жетпейтін аз қамтылған қызметкерге беріледі. Атаулы әлеуметтік көмектің тоқсан сайын және бір мәрте ғана берілетін екі түрі бар.
Тоқсан сайын берілетін 75 000 теңге көлеміндегі тиянақталған қаражат азық-түлік алу үшін қызметкердің жалақысына қосылады. Одан ұсталатын бюджеттің міндетті төлемін компания өз мойнына алған, Ал, бір мезеттік 56 500 теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмек мектепке баратын оқушы баласы бар қызметкерге беріледі. Бұл қаражат киім-кешекті ішінара жаңартып, оқу құрал-жабдықтарын алу үшін бір балаға есептелген.
Өндірісте опат болғандардың отбасы мәселесі, жарақат алғандар мен кәсіптік ауруға шалдыққандарға қамқорлық қашанда айрықша назарда ұсталады. Еңбекке жарамсыздарға төленетін өтемақы мөлшері жыл сайын қайта есептеледі. Шипажайда емделу шығынын жеңілдету, дәрі-дәрмек алу, арнаулы тағаммен қамтамасыз ету, тағы басқа жәрдем түрінде қосымша көмек көрсетіледі. Мүгедектер мен өндірісте опат болғандардың отбасына көрсетілетін әлеуметтік жеңілдіктер ұжымдық келісім-шартта жеке көрініс тапқан.
Қоғамдағы қымбатшылықты қаперге алған компания басшылығы былтыр сәуірде мүгедек пен кәсіптік ауруға шалдыққанға, асыраушысынан айрылғанға ай сайын 36 000 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіп отыруға шешім қабылдады. Салауатты өмір салтын қолдау және тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында осы санаттағы тұлғалар мен олардың балаларына спорт секцияларына тегін қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
Түйін
«Қазақмыс» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты міндеттемесін қашанда қапысыз орындайды. Күнделікті кездесетін қат-қабат қиындыққа, қанжығаласып қалмайтын қаржы дағдарысына қарамастан әртүрлі әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік табады.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.