«Сарыарқа» магистральды газ құбыры іске қосылып, Жезқазған өңірі тұрғындарының алғашқы болып көгілдір отынның игілігін көре бастағанына да биыл үш жылға айналып отыр. Алғашқы болып Талап елді мекеніне газ тартылса, жақында Бекболатсай мен Қостангелді ықшам аудандарындағы үйлерге осы игіліктің келгені туралы сүйінішті хабарды естідік. Қазір бұдан әрі газбен қамтылу кестесі қалай болады екен, қала орталығындағы орамдарға құбыр тартыла ма деген сауалдар алдымыздан жиі шығуда. Сондай-ақ, Кеңгір ауылының тұрғындары да «көгілдір отын біздің жаққа келе ме» деп елеңдесіп қояды. Осыған орай, бұл үлкен жобаның бүгінгі және алдағы жай-күйін білу үшін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалы Жезқазған газ шаруашылығының директоры Ғани ҚҰЛШЫМБАЕВПЕН жолығып, әңгімелескен едік.
Қызылорданың Қараөзегінен Астана қаласына дейінгі мың шақырымнан асатын «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысы 2019 жылы қолға алынып, бір жылдың ішінде аяқталғанын көпшілік жұрт біледі. Содан бергі кезеңде құбыр бойындағы елді мекендерді газдандыру жөніндегі құрылыс жұмыстары толассыз жүргізілуде. Газ құбырының 26,3 шақырымы Жезқазған қаласының аумағы арқылы өтеді. Қаланы газбен қамту жобасы құны 14,5 млрд. теңге болатын үш кезектен және 7 іске қосу кешенінен тұрады. Тапсырыс беруші Жезқазған қаласының «ТКШ, АЖ және ЖК бөлімі» мемлекеттік мекемесі болса, бас мердігері «Әлия Сервис» ЖШС. Біздегі газ тарату станциясы Талапта орнатылды. «АГРС-Жезқазған» деп аталады. Ең алғашқы болып газға қол жеткізген де осы Талап ауылы болды. Қазір мұндағы 55 үй көгілдір отынның игілігін көруде. Газ шаруашылығының директоры Ғани Құлшымбаевтың айтуынша, бұл саладағы құрылыс жұмыстары жүргізілгеннен бері көгілдір отын желісіне екі елдімекен мен үш ықшам аудан қосылған. Олар – Талап, Геология ауылдары мен Бөгенбай батыр (Станция маңайы), Бекболатсай және Қостангелді ықшам аудандары. Қабанбай батыр атауын иеленген Геология елді мекеніндегі үйлер биыл толықтай газ жағатын жағдайға көшуі керек. Өйткені, жылу жөнінен жылда тұрғындардың ренішін туғызып жүрген мұндағы аудандық қазандық тозығы жетуіне байланысты біржола тоқтатылатын болыпты.
Қазіргі таңда Жезқазған қаласы бойынша Талап ауылымен қатар Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Қостангелді, Бекболатсай ықшам аудандары көгілдір отынға қосылуда. Алайда, «газ қашан келеді?» деп жүрген тұрғындардың көбісі іргеге келіп тұрған игілікті үйіне кіргізуге асығар емес. Бүгінге дейін газ тарату желілеріне 137 абонент қосылып, 295 техникалық шарттар беріліпті. Тек Бекболатсай мен Қостангелді ауданындағы жеке сектордың 1316 үйіне газбен жабдықтау желілері тартылғанын ескерсек, бұл – әрине, өте төмен көрсеткіш. Жылу жүйесінде газ қолдану – өңір үшін жаңа нәрсе. Біраз жұрт осы жаңалыққа бірден ұмтыла қоймаса, енді біраз тұрғындар үйге газ кіргізу құнын қымбатсынып созбақтап жүр. Осы жағдайға байланысты қала әкімдігі халықтың әлеуметтік осал топтарына қаржылай қолдау көрсетуді ұйғарып отыр. Тұрғындар игілігі үшін жасалып отырған бұл қамқорлықтың жай-жапсары туралы Жезқазған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Берік Әбен былай дейді:
– Әлеуметтік көмек отбасы мүшелерінде бір ғана баспанасы бар жалғызбасты аналарға және табыстары әр адам басына шаққанда ең төменгі күнкөріс көрсеткішінің 3 айлық деңгейінен аспайтындарға ғана тиесілі. Олар тиісті құжаттарымен әлеуметтік осал топқа жататындығын дәлелдеген жағдайда үйіне газ кіргізу үшін жергілікті бюджет есебінен 250 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын қаржылай көмек ала алады. Биылғы жылғы 250 АЕК – 862500 теңге мөлшерінде. Газ қостыруға берілетін көмектің талабына сәйкес келетін азаматтар біздің бөлімге келіп, тиісті құжаттарын өткізіп өтініш береді. Өтініштерді арнайы комиссия қарайды. Оң шешім шығарған жағдайда үй иесі лицензиясы бар газ орнату мекемесімен келісім шартқа отырады. Қазірде көгілдір отынның игілігін көруге ниеттенген адамдарға әлеуметтік саланың қызметкерлері осы шарттарды түсіндіру үстінде, – дейді Берік Абдыкамалұлы.
Негізінде, бұл жағдайы төмен жандарға айтарлықтай үлкен қолдау екені сөзсіз. Газ шаруашылығы директорының айтуынша, қазірде Жезқазғанда газ тарату желілеріне қосып беру қызметімен 8 фирма айналысуда. Пеш және басқа да жабдықтарын қоса есептегенде олардың үйге газ кіргізіп беру жөніндегі орташа бағасы 700 мың теңге көлемінде көрінеді. Сонда әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларына берілетін қаржылай көмек газбен жабдықтаудың құнына толықтай жететін болып отыр. Сонымен қатар, газбен жабдықтау желілеріне қосылу үшін тұрғындардың екінші деңгейдегі банктер («Қазақстанның Халық Банкі» АҚ мен «Kaspi Bank» АҚ) арқылы 6 айдан 2 жылға дейінгі мерзімге несиелеу мүмкіндігі де қарастырылған.
Өңірге газ келіп, тұрғын үйлердің жылумен жабдықталуы – бағалай білсек, үлкен игілік. Сондықтан, адамдар уақытты босқа өткізбей, игі істің қызығын көре де білгені жөн. Осыған мүдделілік танытқан «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалы Жезқазған газ шаруашылығының қызметкерлері қалалық жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп үйлерді аралап, газ қондырғыларын орнатушылар мен әлеуметтік көмекті қажетсінетіндерді анықтауда. Сондай-ақ, жасалатын жеңілдіктердің тәртібі түсіндірілуде. Негізгі мақсат – тұрғындарды газбен жабдықтауды белгіленген мерзімде ойдағыдай аяқтау. Осы тұрғыда әртүрлі деңгейдегі үгіт-насихат жұмыстары да жүргізілуде.
Жалпы, Жезқазған қаласын газдандыру жөніндегі жобаны толықтай 2020-2026 жылдары жүзеге асыру көзделген. Құрылыстың екінші кезегі бойынша өткен жылы басталған Бекболатсай мен Қостангелді шағын аудандарының орамішілік 43,4 шақырым желілерін тарту аяқталып, мұндағы үйлер газға қосылуға толықтай мүмкіндік алды. Ендігі кезекте 91-94-орамдардың ішіндегі 46,2 шақырым болатын желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы іске қосу кешені бойынша жұмыстардың 50 пайызы орындалыпты. Бұдан бөлек, биылғы жылдың жоспары бойынша Батыс ауданының 14 шақырымдық желілері салынуға тиіс. Оған қатысты құрылыс жұмыстарымен мердігер «Ремстрой» ЖШС айналысуда.
Құрылыстың 2024-2025 жылдарға жоспарланған үшінші кезегі екі іске қосу кешенін қамтиды. Оның біреуі қала ішіндегі 66-84-орамдардың жеке секторына жататын аумақ, ондағы үйлерді газбен жабдықтау үшін 30,9 шақырым орамішілік желілер тартылады. Екінші – кешен 4-6-орамдардың желілері. Ол 15,45 шақырымға созылады. Бұдан әрі Кеңгір ауылы мен Сәтбаев қаласының жеке сектор аймағын газбен қамту жобалары бар. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі Кешенді жоспары бойынша бұл бағыттағы газ құбырын салу 2025-2026 жылдардың еншісінде тұр.
Амандық РАХҰЛЫ.