Алпыс жылға таяу шежірелі тарихы қалыптасқан Оңтүстік Жезқазған кеніші – өңіріміздегі алыптардың бірі де бірегейі. Кешегі аға буын салып кеткен сара жолды жаңа дәуірдің еңбекқор азаматтары одан әрі жалғастыруда. Жеті қат жер астында жүріп, кен өндірген мұндағы кеншілердің ерен еңбегі елдің экнонмикасына елеулі үлес болып қосылуда.
Құрамындағы № 45, 65 шахталардың өндірістік қуаты бәсеңдеген жоқ. Аймаққа ғана емес, республика, тіпті кешегі Кеңес кезеңінде аты Одаққа танылған кеншілердің маңдай тері сіңген кеніштің әлеуеті зор.
«Қазақмыс» компаниясының кен өндірудегі жоспарын еңсеруде оңтүстіктіктердің көшбасынан табылуы еңбек адамының өз кәсібіне деген сүйспеншілігін арқасы деп білген жөн. Бұл кеніштің тізгінін бүгінде тау-кен саласының білікті маманы Данияр Жаналинов ұстап отыр. Кенішке ұйымдастырған арнайы сапарымызда Данияр Кеңгірбайұлымен тілдесіп, еңбек ұжымының 8 айда жеткен табыстары мен алдағы мақсат-міндеттері жөнінде әңгіме өрбіткен болатынбыз.
– Оңтүстік Жезқазған кенішінің құрамында қазіргі таңда екі шахта жұмыс істейді. №45,65 шахталардың кен өндірудегі межелі міндеті 100 пайыздан кем емес. Өнімнің көлемі мен кендегі металл құрамының сапасы да өз деңгейінде. Екі шахта бойынша жеті бригада жұмыс жасайды. Үш ұсақтап өндіру, 4 флексуралық телімдерінің шаруашылығы табысты. Кеніштің өзіне бектіліп берген жоспарды уақытылы орындауында «Қазақмыс» корпорациясы басшылығының қолдауы ұшан-теңіз.
Былтырғы жылы екі өздігінен жүретін «Паус-Нормит» техникасына қол жеткіздік. Аталған техникалардың арқасында кен өндірудің көлемі ұлғайды. Кеніштің техникалық базасын жаңарту, қауіпсіздігін нығайтуда бірлесе жұмыс атқарып отырған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тау-кен кешенінің бас директоры Руслан Елкеевтің, «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Бауыржан Баймұхановтың үлесі қомақты. Қазан айында тағы жер асты техникасының базасын жаңғырту жоспарлануда, – деген Данияр Кеңгірбайұлы әңгімесін өндірісті өркендетуде табысқа жетіп жүрген азаматтардың еңбегіне тоқталды.
– Сөз басында атап өткендей, кеніште 7 бригада бар. Солардың қатарында Базарбаев, Дәуітбаев, Алмахов, Тәтеновтың бригадаларының еңбегі ерен. Кен өндіруде Мақсұт Қожахметовтің басшылығындағы № 14 флексуралық телімі, ұсақтап өндіруде Әділ Дәулетбаевтың №9 телімі қыруар жұмыс атқарып отыр.
Бүгінде 1200 адамды жұмыспен қамтып отырған кеніш адам өмірі мен денсаулығына баса көңіл бөледі. Өндірістік қауіпсіздік бөлімінің басшысы Гүлсана Байгісінованың қадағалауымен техника қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саясатындағы жұмыстар да нәтижелі. Өткен жылмен салыстырғанда өндірістік жарақат алу көрсеткіші 70 пайызға дейін кеміді.
Ұжымымыздың табысқа кенелуінде бірқатар инженерлік-техникалық құрамдағы мамандардың да еңбегі айрықша. Өндірістік бөлімнің басшысы Дамир Маматаев, инженер Мұрат Алдабергенов пен № 45 шахтаның басшысы Нұрлан Нұрсейітовтің іскерлігінің нәтижесінде жұмыс жүйелі жүруде.
Кен өндіруде биылғы жылы табысқа жеткен жекелеген еңбеккерлеріміздің он төрті түрлі дәрежедегі «Кенші даңқы» төсбелгісімен, екеуі «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Бұл марапаттар олардың салаға қосқан еңбегінің әділ бағасы деп білемін. Оңтүстік Жезқазған кеніші кен өндірген сәттен бастап кен көлемі мен сапасы жөнінен жоспарды игеруді нәтижелі жүзеге асырса, сол игі дәстүр қазір де жалғасып келеді. Алып кеніштің өндірістегі өрісі кең. Жылды нәтижелі қорытындылап, келер жылды табыспен бастауды бағдар етіп отырмыз, – деді кеніш басшысы.
Данияр Жаналинов өндіріске кездейсоқ келген маман емес. Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін тау-кен ісі бойынша тәмамдап, Шығыс Жезқазған кенішінің шахталарында ауысым шебері, телім басшысы, шахта инженері, шахта басшысы сынды салаларда тәжірибе жинақтап, ысылды. Солтүстік Жезқазған кенішінде бас инженерлік қызмет атқарды. Шығыс Жезқазған кенішінің тізгінін ұстады. «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің өндірістік бөлім басшысы қызметінде де абыройлы болды.
2020 жылдан бері алыптар шоғыры қалыптасқан Оңтүстік Жезқазған кенішіне басшылық жасауда. Данияр Кеңгірбайұлының кен өндірісіндегі 23 жылдық еңбек өтілін бағалаған корпорация басшылығы оған екінші және үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін табыстады. Данияр Жаналинов кеншілер әулетінің өкілі. Әкесі Кеңгірбай ақсақал 45 жыл Шығыс Жезқазған кенішінде еңбек етті. Інісі Бақтияр да озат кенші. Ол «Батыс» кенішінің №73 шахтасында. Апалары Алмагүл де сол шахтаның шам берушісі болып еңбек етуде. Қос жездесі – Ғалымжан мен Нұрберген № 73 шахтаның мақтан тұтар еңбеккерлері.
Кейіпкеріміздің құдай қосқан өмірлік жары Ақнұр Ибрагимова 4 баланың ардақты анасы. Ол Оңтүстік Жезқазған кенішінің экономика бөлімінде экономист. Өндірісте іскер басшы, кен өндірісінің қыр-сырын жетік меңгерген маман Данияр Жаналиновтің еңбектегі жолы осылай сыр шертеді. Ал, ол басқарып отырған кеніштің жылнамаға жазылар шежіресі ғасырға ұласарына еш күмән жоқ. Лайым солай болғай!
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
Суретте: кеніш директоры Данияр Жаналинов.