«КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы төрағасының орынбасары Сержан Жақсыбеков «Жомарт» кенішінде болып, ондағы кеншілердің әлеуметтік, тұрмыстық жағдайымен танысты.
Жезқазғаннан 180 шақырымда орналасқан кеніште еңбеккерлер 15 күндік вахтамен жұмыс жасайтындықтан, ондағы жатын орындармен бірге асханада берілетін тағамның құнарлылығына баса көңіл бөлінуі тиіс. Ауыр еңбек жағдайында жұмыс жасайтын кеншілерге берілетін тағамдардың мәзірі әр алуан.
«ULY DALA» тамақ комбинатының құзырындағы асхана қажетті азық-түлік қорымен толық қамтылған. Деседе кеніш шалғайда орналасқандықтан азық-түлік сақтайтын қойманың қажеттілігі туындап отыр. Төрағаның орынбасары еңбеккерлермен тілдесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.