Узалиндер әулеті Балқаш өңіріндегі тау-кен кәсіпорындарының арасында жақсы танымал. Бұл 500 жылдық жалпы еңбек өтілі бар құрметті де аймаққа танымал кеншілер әулетінің бірі. Оның негізін қалаушы – «Қоңырат» кенішінде өмір бойы техникалық жабдықтауда жұмыс істеген Төлеухан Узалин. Ол зайыбы Күләшпен 11 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінгі күні олардың көбісі тек «Қазақмыстың» әр саласында жемісті еңбек етуде.
Серғазы Узалин осы атақты кеншілер әулетінің өкілі. Ол Төлеухан Узалиннің даңқты еңбек жолын жалғастырушы. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Балқаштүстімет» ӨБ «Қоңырат» кенішіндегі еңбек жолын Серғазы Узалин 1985 жылы күрделі жөндеу телімінің электр слесарі болып бастады. Содан кейін ол карьердің экскаватор машинисінің көмекшісі болып жұмыс істеді. Ал қазіргі уақытта, 6-разрядты экскаватор машинисі.
Серғазы Узалин 40 жылға жуық еңбек өтілі бар мамандардың бірі. Әріптестері оны өз ісіне адал және еңбекқор азамат ретінде сипаттайды. Кеншінің өзі айтқандай, Балқаш өңірінің алтын бесігі «Қоңырат» кеніші гүлдену мен тоқырау кездерін бастан өткізген кәсіпорын. Әр қилы экономикалық қиындықтарға қарамастан, Серғазы аға «Қоңырат» кеншілерімен бірге өзінің кәсіби мамандығы мен кәсіпорнына адалдық танытып, барлық қиыншылықтар мен дағдарыстарды жеңіп шыққандардың бірі.
Серғазы Узалин кеніш туралы, әріптестері және өз жұмысы туралы тебірене айтып беруден жалықпайды. Оның әрбір сөзінде мамандыққа деген адалдық және шексіз сүйіспеншілік сезіледі. Серғазы Узалин үшін кенші болу оның өмірінің мәні.
«Білесіз бе, көпшіліктің пікірінше, экскаватор машинисі – бұл кабинада отыратын және экскаваторды тетіктердің көмегімен басқаратын жұмысшы. Бірақ, экскаватор машинисі, машинаны шебер басқарып қана қоймай, физика заңдарын, әсіресе электротехниканы жақсы білуі керек. Сондай-ақ, ол өз телімінің тау-кен геологиялық сипаттамасы мен қасиеттерін жақсы меңгергені дұрыс. Біздің жұмысымызда қол ептілігі мен көрегенділік қабілеті де үлкен рөл атқарады. Экскаватор машинисі – бұл әр уақытта керек мамандық», – деп түсіндірді Серғазы Төлеуханұлы.
Серғазы Узалинге кеніш басшылары ең қиын өндірістік міндеттерді орындауды әрқашан сеніп тапсырады. Күн сайын ол 250 тонналық шынжыр табанды карьер экскаваторының (ШКЭ-5А) алып шөмішімен бір уақытта 10-нан 12,5 тоннаға дейін тау жыныстарын шығарады. Серғазы аға өзінің еңбегімен, бейнеті мен зейнеті зор кеншілер мамандығын дәріптеп, кенші болуға тек қана рухы мықты, нағыз ер-жігіттер бола алатынын дәлелдеген адам.
Бүгінгі таңда Узалиндердің еңбектегі сара жолын осы әулеттің жас өкілдері жалғастыруда. «Қоңырат» кенішінде Серғазы ағамен бірге тау-кен шебері және бас геолог болып оның жиендері – Ерден мен Думан жұмыс істейді.
Серғазы Төлеуханұлы жоғары еңбек жетістіктері үшін бірнеше рет «Қазақмыс» тобының грамоталарымен және сыйлықтарымен марапатталды. Жақында Серғазы Узалин ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің III дәрежелі «Кенші даңқы» салалық төсбелгісін омырауына тақты Адал еңбегімен елеулі болған кейіпкеріміз бүгінде кен өндірісіне келген талай жасқа тәлімгер болып, адал азаматтық ұстанымын көрсетіп келеді.
Ләззат СМАҒҰЛОВА.