Бұл – қойнауы қазыналы Арқа төсінде кейінгі кезде кереге жайған кенже кеніш. Қуатты қос шахтаның (№67/70 және №73/75) негізінде жеке шаңырақ көтергеніне алтыншы жылға айналып барады. Таяуда «Батыстың» бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түсті.
Кеніште – 1200, мердігер мекеме-кәсіпорындарды қосқанда 1800 адам еңбек етеді. Табыстың тайқазанын тасытқан, бірлігі бекем ұйымшыл ұжым тізгіні Данияр Татанбаевтың қолында.
– Біздің биылғы міндет – 4 миллион 231мың тонна кен өндіріп, өңдеу кәсіпорнына жөнелту. №67/70 шахтада төрт-төрттен, 73/75 шахтада екі-екіден проходкашылар мен забойшылар бригадалары осы межеден көрінуге жұмылған. Кен өндірудің қыр-сырын мінсіз меңгерген майталмандар қашанда қауіп-қатері қанжығаласып жүретін кәсіпте кездесетін қиындыққа кәсіби шеберлігі мен қажыр-қайратын қарсы қойып, сегіз айда жоспардан тыс 70 мың тоннадай кен өндірді.
Бұл – берекеге беттеген «Батыстың» бірлігі бекем ұжымның ерен еңбегінің жемісі. Ортақ табысқа Еңбек Ері Тұрсынбек Мақышев пен Досбол Аппазовтың – проходкашылар, «Кенші даңқы» төсбелгісінің толық иегері Бақытжан Қазыбеков пен Данияр Әбдімұратовтың забойшылар бригадалары елеулі үлес қосты. Жұмысқа кедергі келтіретіндей күрделі қиындық жоқ, кен өндіру кестеге сәйкес жүйелі жүргізілуде, – дейді кеніш директоры Данияр Татамбаев.
Кеніш директоры Данияр Татамбаев
Данияр Қоңыратбекұлын осы кеніштің «төл тумасы» десем, ешкім қарсы бола қоймас. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін бітіріп еңбек жолын №67 шахтада өндірістік шебер болып бастаған ол басшылық баспалдақтың бәрінен өтті: телім бастығының орынбасары, бастығы, бас инженер болды. Арасында бірер жыл кеніштің өндірістік-техникалық бөлімінде қызмет істегені бар. Кеніш ұжымын басқарғанына үш жылға жуықтап қалды.
Кеніште еңбек қауіпсіздігін сақтауды, ықтимал апаттың алдын алуды, өндірістік жарақатқа жол бермеуді, кәсіптік ауру-сырқауға шалдығуды кемітуді көздеген өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбек қорғау жұмысы жүйелі жолға қойылған. Қауіпсіздік пен еңбек қорғауды қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыруда басшылық пен тұтас ұжымның бірлескен іс-қимылын тиімді үйлестіру механизмін жасауға бағытталған тұтас кешен қалыптасқан. Мақсат – оқыс оқиғаға жол бермей, қауіпсіз еңбекті өндірістік үдерістің ажырамас бөлігіне айналдыру.
Кенішке келгенде көп жағдайда назардан тыс қала беретін бір буын бар. Ол – шахта шыңырауында адамдарды жұмыс орындарына жеткізетін, проходкашылар мен забойшыларды, басқа да сервистік қызметті күнделікті керекті бөлшек-сайманмен қамтамасыз етіп отыратын телім. Жасыратын несі бар, клеттен шыққасын құмырысқаның илеуіндей шахта жолымен жан-жаққа тараған кеншілерге кім қызмет көрсететініне көңіл аудара бермейміз. Осы телімнің көлігіне өзіміз де талай мініп, «кеншілер патшалығының» өмірімен етене танысқанбыз. Сосын естен шығып қала беретін…
Осы жолы №67 шахтадағы №18 жеткізу теліміне арнайы ат басын тіредік. Оны жиырма бір жылдан бері тәжірибелі кенші Жасұлан Лақапов басқарады екен. Бұдан отыз бір жыл бұрын Жезқазған тау-кен техникумын бітіріп, Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген соң Батыс Жезқазған кенішінің №55 және №31 шахтасында еңбек етіпті. Өндірістен қол үзбей жүріп Жезқазған университетінде оқып, механик мамандығын алыпты.
Телім бастығы Жасұлан Лақапов
– Ұжымда 45 адам еңбек етеді. 7 инженер-техник қызметкері, 29 жерасты көлігінің жүргізушісі, 5 қоймашы, 3 кен жұмыскері, 1 дәнекерлеуші кеншілердің алаңсыз жұмыс істеуіне өзіндік үлесін қосып жүр. Қуаныш Мақашев, Сағдат Айтуғанов, Бақыт Сардарбеков, Владислав Белинький, Павел Малов сияқты жүргізушілер, қоймашы Қаракөз Садықова әріптестері арасында ыстық ықыласқа бөленген. Ал, орынбасарым Рахат Әбірахмановтың өндірісті ұйымдастырудағы орны тіпті бөлек.
Телім бастығының орынбасары Рахат Әбірахманов
Біз үшін жұмыстағы басты көрсеткіш – қауіпсіздік. Беталды тәуекелге бел бумай, қызметті қауіпсіздік техникасының барлық шарасын сақтай отырып ұйымдастыруға ұмтыламыз. Мұндай жүйелі көзқарас түптің түбінде табысты болуына әсер ететін пәрменді фактордың бірі – ең алдымен, әр адамның сақтыққа сергек қарауы. Біз мұны естен шығарған емеспіз. Соның арқасында телімдегі өндіріс өрендері қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етудің көзін тауып келеді, – дейді ол.
Жүргізушілер – Қуаныш Мақашев, Игорь Мерзликин, Сағдат Айтуғанов, ұоймашы Қаракөз Садықова, жүргізушілер – Бақыт Сардарбеков, Владислав Белинький, Павел Малов
Күндіз-түні уақытпен санаспай шыңырауда шикізат өндірген кеншілер үшінші тоқсанның соңғы айында да серпінді қимылды сәтімен жалғастыруда. Кеніште қалыптасқан ахуал алда алар асу бүгінгіден де биік екенін аңғартты…
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.