Жаңа жүйеде жұмысы қалыптасқан кәсіподақтардың қызметі бүгінде әмбебаптылығымен ерекшеленеді. Еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғаудан бөлек, кәсіподақ түрлі мазмұндағы шараларды да ұйымдастыруға қабілетті болуы керек. Осы тұрғыда «КәсіпҚорған» кәсіподағы жергілікті филиалдар мен олардың бастауыш ұйымдарындағы кеңсе менеджерлерін оқытуды қолға алды.
Бұл жолы ұйымның Жезқазған филиалының аппарат жетекшісі Жанар Салықова бастауыш ұйымдардың кеңсе менеджерлеріне өндіріс ошақтарында кәсіподақ комитет төрағаларына шаралар өткізуде қандай қағидаларды ұстанып, ұйымдастырылатын салтанатты жиындарды жүргізудің жолдарын атап көрсетті. «Көпшілік шараларды ұйымдастырудың әдісі» деп аталған семинар барысында кеңсе менеджерлеріне Жанар Сәркенқызы бірқатар нұсқамалар беріп, шараның сценариін жазып үйретті.
Семинарға қатысқандардың бірі «Батыс» кенішіндегі «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің кеңсе менеджері Меруерт Бесимова оқудан алған әсерін бізге былайша жеткізді:
– Жезқазған филиалы кеңсе менеджерлері үшін түрлі оқулар ұйымдастырып келеді. Бізге де комитет төрағаларының сенімді серігі ретінде көп жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан дер кезінде оқып, дамып отырғанымыз жұмысымыздың оңға басуының кепілі деп білемін. Осы жолғы семинар ерекше форматта, тың тақырыпта өтті. Шараларды ұйымдастырудың жолдары мен сценариді жазуды үйрендік. Бұл да біздің жұмысымызда қажетті дүние деп санаймын, – деді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.