Кеншілер күнінде өздерінің саналы ғұмырын кен өндірісіне арнаған, кейінгі жастарды осы құрметті де қастерлі мамандыққа баулыған ардагер кеншілер мен байытушылар да қалыс қалған жоқ. Оларды «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі «Ханзада» мейрамханасында қарсы алды.
Салтанатты шарада сөз алған Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев кеншілер қаласын мекен ететін кеншілер мен еңбек ардагерлеріне шаһар басшылығы қашанда қамқорлық көрсетуге әзір екенін жеткізді.
– Ардагерлер кеңесінің жұмыс жоспары ауқымды. Облысымыздың қоғамдық өміріне белсене араласатын аға буын түрлі шаралардан қалыс қалмауға тырысады. Кеншілер мерекесін айшықтай түсу үшін де өндірістің өркендеуіне зор үлес қосып, өлкенің дамуына септігін тигізген ардагерлерді ардақтауы осының айқын дәлелі, – деген шаһар басшысы бірқатар ардагерге Сәтбаев қаласының құрмет грамотасын табыс етті.
Еңбек қаһармандарын ұлықтау біздің азаматтық борышымыз дегенге саятын жылы лебіздер қатарын «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов, «AMANAT» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Нұржанов, корпорация еңбеккерлерінің «Жастар-Болашақ» ҚБ төрайымы Луиза Мыңбаева жалғастырып, Алғыс хат, Құрмет грамотасымен марапаттап, сыйақы табыстады.
Салтанатты шарада ұзақ жылдар өндірісте тер төккен ардагерлерді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров құттықтап, сый-сияпатын жасады.
Өз кезегінде сөз алған аталмыш кеңестің Сәтбаев қаласы бойынша филиал басшысы Абулаис Мулаков атаулы күндерде ешкімді ескерусіз қалдырмайтынын, Қарттар күнінде, кеншілер мерекесінде спорттық жарыстар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылатынын, кен өндірісіне сан жылын арнаған ардақты аналардың да назарда болатынын, осының бәрінде белсенді ардагер кеншілер мен байытушылар жүретінін тілге тиек етті. «Әрине, мұндай игі істі қаржылай қолдаудың арқасында жасап отырмыз. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылығына шексіз алғысымызды білдіреміз», – деп түйіндеді төраға өз сөзін.
Мерекелік дастархан басында ардагерлер ән салып, салтанатты кештің сәнін келтірді.
Досан Дулығалы.