Жүйткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай зулап өтіп жатқан уақыт-ай. Білікті инженер-металлург, іскер басшы, аймағымыздың абзал азаматы, аяулы дос Жұмажан Әбдірахманұлы Сүттібаевтің жарық дүниеден өткеніне де он жыл болып қалды.
Бабаларымыз жалған деп әспеттеген мына жарық дүниеде адамзат баласының қадiрi қоғамда алар өзiндiк орны арқылы бағалануы заңдылық. Олай болатыны – ащы iңгәмен тiрлiк атты теңiздi тiтiркенте келген әр пенде ендiгi уақытта сол тiршiлiктiң жауапкершiлiк жүгiн мойынына артып алады. Алдағы өмiрдiң сәнi мен мәнi бұдан былайғы тұста оның ар-ұятының талғам таразысында болатыны кімге де аян.
Сонау бала кезімнен бері кімдермен кездесіп, кімдермен тілдесіп дидарласқанымның бәрі бірдей есте сақталды демесем де, кейбір жағдайлардағы естігендерім, көзбен көргендерім ара-тұра болса да санаға саңылау салатыны бар. Әсіресе, есейіп ес білгеннен кейін, ат жалын тартып, ел ісіне араласа бастаған кездердегі алдыңғы буын ағалардың, қатарлас, замандастардың арасында аттары жадымда жатталып қалғандары аз емес. Әсіресе, ел ісіне ерекше араласып, ауыл-аймақтың болашағы үшін аянбай тер төккендердің жарқын бейнесі әр кезде де көз алдыма келіп, әңгімелескен, сыр шерткен сәттер ой өрімінен тізбектеліп өте беретіні бар. Сондайда аттарын атап, түстерін түстеп, солардың үлгі-өнегесін кейінгілерге айту керек-ау деген ойға еріксіз тіреле беремін. Ал, ондай өнегелі өмір сүрген, өз ортасында ақыл-парасатымен алға озып, қалың көпшіліктің құрметіне бөленген игі-жақсылардың ішінде өзіне ерекше жақын тартып, соңынан ерген жастарды жатсынбайтын
Жұмажан досымның жайраңдаған жарқын жүзі, салмақты сөзі, мінезі, тек менің ғана емес-ау, мен қатарлы талай жандарға әдемі әсер қалдырғанын, араға жылдар салып болса да айта кеткеннің артығы болмас деген оймен қолға қалам алып, азаматтың атын және бір жаңғыртып айтудың қисыны да келгендей.
Жұмажан Сүттібаевпен өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтының металлургия факультетінде қатар оқып, бір жатаханада тұрдық. Ол менен екі-үш жастай кіші болғанымен үш курс жоғары оқыды. Жерлес ретінде жақсы араласып тұрдық. Оқуда озат, тәртібі жақсы, көпшіл, жағымды мінезімен студент достарының арасында абыройлы бола білді. 1977 жылы институтты инженер-металлург мамандығы бойынша бітірген Жұмажан арнайы жолдамамен Жезқазған мыс қорыту заводына жұмысқа келді.
Жұмажанның әкесі Әбдірахман ағай, менің туған нағашым Молдамұқан Байқадамовпен замандас әрі әріптес болды, екеуі «Жетіқоңыр» совхозының екі фермасын көп жылдар қатар басқарды. Нағашым мені жазғы демалыс кездерінде ауылына алып кететін, сол кезден бастап Сүттібаевтар отбасымен таныстығым басталған еді. Әбекең ұзын бойлы, тұлғасы келіскен, мінезі ауыр, көп сөйлемейтін іскер азамат еді. Анасы Рысалды бойына қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұпын жақсы сіңірген аяулы ана, қастерлі әже ретінде менің есімде қалды. Әбекең мен Рысалды апай дүниеге алты ұл, бес қыз бала әкелген. Балаларына жақсы тәлім-тәрбие берді, барлығының жоғары білім алуларына ықпал жасады. Ұл-қыздарының барлығы жақсы мамандық алды, олар туған еліне қызмет жасады. Балаларының үлкені Күзенбай көп жылдар Жезқазған қаласының іргесінде орналасқан құс заводын абыроймен басқарды, өкінішке орай арамыздан ерте кетті.
Ұлағатты отбасында дүниеге келген, жақсы тәрбие алған, жоғары білімді инженер-металлург Жұмажан еңбек жолын 1977 жылы Жезқазған мыс қорыту заводының электролит цехында электролизші болып бастады. Бір жылдан кейін катод бөлімшесінің ауысым шебері болып тағайындалды. Осы бөлімшеде аға шебер, бөлім бастығы болып он жылдай еңбек етті. Жақсы тәжірибе жинап мамандықтың қыр-сырына қанықты. Өзіне сеніп тапсырылған катод бөлімшесіндегі жұмысты ұтымды ұймдастырып іскерлігімен, біліктілігімен көзге түсті. Қарамағындағыларға талапты қатаң қоятын, өзі де сол талаптың үлесінен көрінетін, өндірісте жиі ұшырасып жататын күрделі жағдайлардан жылдам оң шешім тауып шыға білетін жоғары білікті маман ретінде танылған Ж. Сүттібаевқа электролит цехын басқару сеніп тапсырылды. Мамандығына берілген мақсаткер, нағыз істің адамы болып қалыптасқан Жұмажан бұл сенімді де абыроймен ақтап шықты. Электролит цехының жұмысы жүйелі жолға қойылып, заводтағы озаттардың қатарынан ойып тұрып орын алды.
Жезқазған мыс қорыту заводы жұмыскерлері мен инженер-техник қызметкерлерінің сенімінен шыққан Ж. Сүттібаевты, 1986 жылы завод коммунистері өзінің жетекшісі етіп сайлады. Бұл қызметті де ол абыроймен атқарды. Ұйымдастыру қабілеті жоғары, қарамағындағылармен тіл табысып жұмыс істеудің шебері Жұмажан кейінірек мыс қорыту заводының өндірістік-техникалық бөлімін басқарды. Осы қызметте өмірінің соңына дейін абырой биігінен көрінді.
Кемшілікке кеңшілік бермейтін талапшылдық, жоғары жауапкершілік, ұдайы ізденіс оның бойындағы басты қасиеттер болатын. Жас мамандарды мамандықтың қыр-сырына жалықпай баулитын тағылымды тәлімгер ретінде де танылды. Еңбек ұжымы арасында жоғары беделге ие болды. Мамандығы бойынша кәсіби сатылардың қай-қайсысынан болсын сүрінбей өткен тәжрибелі инженер Ж. Әбдірахманұлының қажырлы еңбегі кезінде «Қазақмыс» корпорациясы және «Қазақмыс Смэлтинг» басшылығының Құрмет грамоталарымен, басқа да марапаттармен атап өтілді. Жезқазған мыс қорыту заводының басшылығы Жұмажанның қажырлы еңбегін бағалап, оған жеңіл автокөлік және коттедж сыйлады.
Жұмажан институтты бітіріп, жұмысқа орналасқаннан кейін өзімен мектепте қатар оқыған Ұлту Құсайынқызымен бас қосып, отау тікті. Жас маман ретінде жаңадан салынған көпқабатты үйден завод басшылығы оған пәтер берді. Жұмыс барысында қатал болып көрінетін Жұмажанның үйіндегі мінезі мүлде басқа болатын. Ашық, өте жайдары, досқа адал, туған-туыстарына сыйлы, әйелі мен балаларына қамқор, жанын үзіп беруге дайын тұратын. Замандас достарымыз Көшербек Камалов, Өсербай Қорғанбеков, Жүсіпәли Жақыпбеков, Жұмажандармен отбасымызбен араласып, қуанышымызды бірге қызықтап, ауыр жағдайларды бөлісетінбіз. Көшербек пен Жүсіпәли өмірден ерте озғандары өкінішті.
2013 жылдың жаз айында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшысының Жезқазған мыс қорыту заводын тоқтату туралы шыққан бұйрығы завод ұжымы үшін төтенше жағдай болды. «Неге? Қанша уақытқа завод тоқтатылады?» деген сұрақтарға ешкім тұжырымды жауап бермеді. Дағдарысқа ұшыраған ұжым өкілдері заводтың Акті залына жиналып басшылардан тұжырымды әрі нақты жауап берулерін талап етті. Басшылардың берген жауабы завод еңбеккерлерін қанағаттандырмады. Қобалжу басталды. Сол кездерде Жұмажанмен жұмыс басында күніне бірнеше рет кездесетінмін. Жергілікті шикізатпен толық қамтамасыз етілген, ырғақты жұмыс істеп тұрған заводты тоқтатудың артында түсініксіз жағдайдың тұрғанын жақсы түсінген Жұмажан, корпорация басшыларына сұрақты төтесінен қойғанына завод қызметкерлері куә. Арада шамалы уақыт өткенде Үкімет басшысының сол кездегі 1-орынбасары Б. Сағынтаев арнайы Жезқазғанға келіп завод ұжымымен кездесу өткізді. Завод бір жылға тоқтатылып қондырғыларды жөндеу, тазалау жұмыстары жүргізілетіндігі және барлық еңбеккерлердің орта айлық жалақылары төленетіні туралы шешім шығарды. Завод еңбекерлері үшін жағымды жаңалықты Жұмажан естімей кетті.
2013 жылы 18 тамызда Өсербай Қорғанбековтің отбасылық тойында көптеген қонақтармен бірге біз де болған едік. Той үстінде Жұмажан екеуіміздің мыс қорыту заводының жұмысын тоқтатпауы үшін қандай шаралар қолдануымыз керектігін талқылау болды, ал қалғанын ертеңгісін жалғастырармыз деген ниетпен қоштасып үйімізге тарқастық. Ертесіне, таңертең Толқынбек Нұрмағанбетов деген әріптесіміз, әрі Жұмажанның көршісі суық хабарды жеткізді. Қаралы хабар жеткенде қабырғам қайысып, көкіректі мұң басты. Амал қанша ?!
Өмір атты дарияның толқынымен ағып өткен уақыттың ешкімнің ырқына бағынбайтынын, жаратқан иеміз өз пендесін ерте ме, кеш пе өзі алатынын уақыт таразысы осы бір қазасымен тағы бір дәлелдеп берген. Абзал азамат Жұмажан Әбдірахманұлының мезгілсіз жарық дүниеден өткені туралы қаралы хабар оны білетіндердің қабырғасын қайыстырғаны сөзсіз.
Ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көрер шағында алып жүрек соғуының мәңгілікке тоқтауы, әрине, өкінішті еді. Мұның өзі болашақта оны жақсы білетіндерге сыйлас адам туралы өткен шақпен еске алудың қиын екенін тағы бір дәлелдеп берген болатын. Жұмажанды соңғы сапарына шығарып салуға ағайын-туысқандары, достары, еңбектес әріптестері көп жиналды. Студенттік достары Астанадан Ғабдолкәрім, Түркістаннан Үмбет, Шымкенттен Өмір, Өскеменнен Азамат, Қарағандыдан Талғат, Талдықорғаннан Еркінбек, Алматыдан Жәнібектер арнайы келіп қатынасты.
Жұмажанның шаңырағы оның отын өшірмей, атын ардақтап келеді. Ол соңынан ерген балалары – Сандуғаш, Азаматтардың қызығын көрсем деп армандайтын. Бала-
лары да «алдыңда әкең болған қандай жақсы» деп әкесі барларға қызыға қарайтындай. Бүгінде өздері де ата-ана атанып, шат өмірдің шуағына бөленіп, әкесі Жұмажанның өздерін қалай жақсы көретінін, қалай еркелететінін жиі-жиі еске алады. «Әкеміз немерелерін алдына алып отырғанда ғой, шіркін!» дегенде кейде көңілдері босап та қалады. «Жақсының артында жақсы із қалады» деген емес пе.
Жұмажанның «еңбегім еліме болсын, төккен терім жеріме тамсын» дейтін сөздері бүгінгі жастардың үнімен де үндесе түскендей. Әрине, оның атқарам деген істері, алсам деген асулары көп болатын. Атқарған жұмыстары да аз емес-тін. Әйтсе де, нағыз кемеліне келіп, шарықтаған шағында қайырымсыз ажал ортамыздан алып кетті.
Иә, Жұмажан Сүттібаев пен оның замандастары еңбек еткен жылдар мен бүгінгі күннің арасы біраз уақыттың бөліп тұрғаны рас. Әйтседе жұрттың жады жақсыларының есімін жазып қалады екен. Жазып қана қоймайды оны өз биігіне лайық құрметтейді. Сондай есімдердің бірі –Жұмажан Әбдірахманұлы Сүттібаев.
Төлеген Бүкіров,
Қазақстанның Құрметті металлургі.