Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың бір парасы. Бұл бағытта өңірімізде айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр.
Мәселен, жуырда Сарысу ауылында суды тазартуға арналған блок-модуль орнатылды. Қаражат аудандық бюджет есебінен бөлінді.
Аталмыш ауылдық округ өңіріміздегі судан тарыншылық көріп отырған аймақтардың бірі. Сарысу деп аталатын бір кездегі аңғарлы өзеннің табанында отырса да ауыл тұрғындары суға жарымай-ақ қойған еді. Жер асты су көзі да бар. Алайда, соның сапасын, қорын зерттеуге келгенде сала мамандары енжарлық танытып келеді.
Десек те, аудан басшылығы ауыл тұрғындарының судан қарап қалмауына барлық жағдайларды жасап бағуда. Бүгінгі күні ауылдықтардың 85 пайызы су құбырларын үйлеріне кіргізіп алған. Енді олар сапалы ауыз су тұтынуға қолжеткізіп отыр.
– Суды тазартуға арналған блок-модуль өте тиімді. Су халыққа жеткілікті деңгейде беріліп отыр. Қондырғы күніне 1,5 тонна су тазалап, тұрғындарға жібереді. Құрылғы қыста қатпау үшін де арнайы қондырғылар орнатылды. Енді ауылда судан проблема болмайды, – дейді Сарысу ауылының әкімі Сәтжан Құрманбаев.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.