Қасым мен Тұмар өмір тауқыметін ерте тартқан жандар. Екеуі де балалар үйінде өсіп, талай қиын сәтте бір үзім нанды бөліп жеп, өмірдің ащысын да тұщысын да қатар көрді. Балалар үйінде жүргенде-ақ екеуінің арасында сезім ұшқыны пайда болды. Бұл сезім кейін махаббатқа ұласты. Тұмардың да, Қасымның да бар сенері осы балалар үйіндегі жалғыз аналарындай болған Бәтима апа. Орысша тәлім, тәрбиеде болған Бәтима бұларға үнемі:
– Тектеріңді ұмытпаңдар. Әке-шешелерің қатыгездікке салып, тастанды етсе де сендер сол қиындыққа қарсы жүзіп,өмірден өз орындарыңды табыңдар, – дейтін.
Жүздеген баланың ішінде Тұмар мен Қасым ерекше көзге түсетін. Бұларға ел-жұрт та қызыға қарайтын. Бақыт тілеп, олардың қуаныштарына ортақтасып, қиындығын бөлісетін. Осылай екі ғашықтың бұл үйде он екі жылы өтті. Үлкен өмірге қадам басып, өз орындарын табатын сәт те келді.
Тұмар экономист, Қасым инженер мамандығын игермекке ниет етіп, Алматыны бетке алды. Қалталарында орта мектепті тәмамдағаны туралы құжат пен азын-аулақ жиған ақшалары ғана бар еді. Ол жақта оларды құшақ жая қарсы алып, «Сендер келдіңдер ме?» дейтін ешкім жоқ. Өмірлерінде барып көрмеген алып шаһарда не күтіп тұрғанын өздері де білмейді.
Поезбен армандарын арқалап Алматыға да жетті. Алатаудың етегіндегі Алматының жаңбырлы ауа райы екеуінің жолына нұр себелегендей болды да тұрды. Іштерінен: «Жаратқа жар болып, қолдай гөр», – деп келеді. Жөн сұраумен бір жататын орын тауып, сонда түнеді. Жұпыны үйдің жатын орындары да мардымсыз. Қалталарындағы соңғы тиынын үй иесіне санап беріп, бір аптаға келісіп, сарайды жалға алды. Үлкен қаланың аты үлкен қала ғой, ер адамға аз да болса күнкөрерлік жұмыс табылады ғой.
Жоғары оқу орнына сынақ тапсыратын күнге дейін Қасым күндіз де, түнде де әр жұмыстың басын шалып, ақша тапты. Үйелмелі-сүйелмелі жағдайдың ретке келер түрі жоқ. Қымбатшылық, жалдаған жұпыны сарайдың жалдама ақысы да алқымнан қысып барады. Жағдайды түсінеді деп жүрген үй иесі де бұлардың болмашы тиын-тебендерін азсынып, түртпектей бастады. Жас отбасына қолұшын созып, демеу болудың орнына: «Ақша әкеліңдер, әйтпесе, үйден шығыңдар», – деп өктемдік таныта бастады.
Қасым осындай дәрменсіз күйде жүргендеріне налып, ауылға қайта қайтуды ойлады. Алайда, Тұмар оны сабырға шақырып:
– Біз әлі-ақ аяқтан тұрып кетеміз. Басқа отбасылар сияқты біздің де бақытты күніміз алда. Сәл шыдауымыз керек. Оқуымызға түсіп алсақ, сол жерден бізге жатақхана да беріледі. Шыдайық, – деді.
Осылай күндер өтіп жатты. Оқуға сынақ тапсыратын кез де келді. Тұмар да, Қасым да жеңілдікпен қалаған мамандығына оқуға түсті. Бірақ жатақхананың мәселесі көпке дейін шешілмей жүрді. Оқу да басталып кетті. Қасым күндіз оқуда, кешке азын-аулақ тиынға жұмыс жасап жүрді. Тұмар да екі қолға бір күрек тауып алды. Бір мекеменің еденін жуып жүріп, біраз кісілермен араласты. Солардың қатарында есепші Қарлығашпен тез тіл табысып кетті. Тұмар есеп-қисапқа жүйрік болғасын, мекеменің есебін жасауға Қарлығашқа көмектесіп жүрді. Оның қырағылығын байқаған Қарлығаш қолындағысын бөлісіп, көмек қолын созды. Бірде Қарлығаш оған оқудан бос уақытта табыс табуға ұсыныс жасады. Алайда Тұмар сабағының көптігінен үлгермейтіндігін айтты.
Осылай уақыт өте берді. Тұмардың жұмыс жасап жүрген мекемесінің басшысы оны ұзақ бақылап жүрді. Кабинетіне шақырып, жағдайын сұрап, қамқор адамдай жанашырлық танытты. Көрікті арудың қыр соңынан қалмай, бәйек болды. Мұның сырын сезген Тұмар басшысына қарапайым еден жуушының асты-үстіне түсудің қажеті жоқтығын, сүйген адамының барын айтты. Басшысы Тұмардың ырыққа көне қоймайтынын сезді. Жұмсақ сөйлеп, көндіруге әрекеттенді. Кешкі мезгілде жұмысқа келген Тұмарды басшы әдейі күткендей, есіктің алдында кездесіп қалды. Тұмарға қарап:
– Ертең кешке сенің оқуың, мына жұмысың жайлы сөйлессек қайтеді? Менімен дос болсаң ақшадан да қысылмайсың, – деп жас қызды алдарқатты. Тұмар ішке кіріп, біраз ойланды.
– Мүмкін бұл кісі мен ойлағандай емес шығар? Ақшадан да қысылып жүрміз. Бірақ, бұл кездесуімді Қасым білмеуі керек, – деп ойға шомып жұмысына кірісті.
Тұмар осы кездерде Анар, Ғайша есімді қыздармен үшеуі құрбы болып алған еді. Үшеуі бірге жүріп, көп шаруаны бірге атқаратын. Сырларын да бөлісетін. Анар мен Ғайшаға әлгі кездесу жөнінде айтуды жөн көрді. Тұмар Анар мен Ғайшаға бірге баруларын өтінді. Ғайша бірдеңеден сезіктенді ме, бара алмайтынын айтты. Анар «Жалғыз бармайсың, бірге барамыз”, – деп Тұмардың алаң көңілін орнына түсірді. Келесі күні оқудан шыққан Тұмар Анармен бірге басшысы айтқан қала сыртындағы кафеге жол тартты. Діттеген жерге жеткен екеуін басшының қол астындағы қызметкерлері күтіп алды. Басында кафе деп шақырған жер құдды бір жеке тұрған қалашық сияқты көрінді. Биік дуалмен қоршалған ғимараттың ауласына кіргенде Анар «Осының бәрі маған күмәнді», – деп үрейлене бастады. Тұмар басшысының ешқандай арам пиғылының жоқтығына сенді. Анар Тұрмарды кетуге қанша көндіргенімен райынан қайтпады. «Құрметтеп шақырды. Бір-екі мәрте қысылғанда көмек те берген еді. Енді келіп тұрып, кетіп қалғанымыз жарамас. Бұлай жасау арыма сын болар», – деді Тұмар. Не керек отырыс көңілді өтіп жатты. Тұмарды айналып, құрақ ұшып жүрген жігіт оны оңаша әңгімелесуге шақырды.
– Тұмар ханым, менің сізге көптен бері айта алмай жүрген сырым бар еді. Соның реті енді келген сыңайлы. Мен Алматыға келіп, Жаратқанның жазуымен бір мекеменің шаруасын және жеке бизнесімді аштым. Бұлар маған оңайлықпен келген жоқ. Менде барлығы бар. Тек құшақ жылытар адамымды жолықтыра алмай жүрмін. Көңілімнен орын таппады көп қыздар. Енді міне, үзілген үмітім қайта жалғанғандай болды. Мен сені бір көргеннен ұнатып қалдым, – дей бергенде Тұмар:
– Не айтып отырсыз? Мен сізді аға ретінде сыйлап жүрмін. Бұған дейін де сізге сүйген адамымның барын айтқам. Біз өмірдегі сынақтарға қарсы күресіп келеміз. Мені енді мазаламаңыз, – деп ызаға булыққан Тұмар сыртқа қарай жүгіре жөнелгенде жігіт қолынан ұстап алып, дөрекі қылықтар көрсетіп, қорқыта бастады.
– Мен сендердің қайдан, қандай жағдайда келгендеріңнің бәрін білемін. Сүйгенім бар деп қоймайсың. Сол сүйген адамың мықты болса неге әлі лашықта жүрсіңдер? Мен саған қиналып алдыма келгенде көмек бердім. Соның барлығын ұмытқаның ба? Егер осы бір түнді менімен өткізсең өміріңе жетерлік байлыққа ие боласың, жағдайың жақсара түседі. Ал, келіспесең өмірің құрдымға кетеді. Сүйген адамыңа да маза жоқ, – деп жас қыздың намысына тиді.
Қыспаққа шыдамай қалш-құлш еткен Тұмар есінен танып, талықсып қалды. Жалма-жан бетіне су сеуіп, есін жиғызған жігіт Тұмардың шешімін күтті. Сыртта тағатсыздана Анар күтіп тұрды. Тұмар қашып шығайын десе жан-жағында адамдар тұр. Пиғылы жаман адамның қармағына ілінгенін түсінген Тұмар амал жоқ, басын изеп, көзі жасқа толып келісім берді. Алдағы өмірі үшін алаңдады. Қасымның да өмірін ойрандағысы келмеді. Тұмардің өзегін өрт шалса да келісімін беріп, басқа күні кездесуге рұқсат сұрады. Ғашықтық сезім бе әлде әз-әзіл бойын арбады ма әлгі жігіт Тұмарды қасынан ұзатқысы келмеді. Жігіт: «Бүгінге осы да жетеді, жарығым. Сені бұл жолы қиянатқа қимай тұрмын. Бара ғой. Бірақ, мен айтқан күні кездесуге келетін бол. Әйтпесе менің қолымнан не келетінін сендер білмейсіңдер», – деп шығарып салды.
Анар Тұмар мен жігіттің ұзақ әңгімелескеніне алаңдап, қайта ішке кіріп еді, ешкімді таппады. Оқшау бір бөлмеден Тұмардың шығып келе жатқанын көрген Анар:
– Не болған саған? Түрің бозарып кетіпті ғой, – деп мән-жайды білмек болды. Бірақ Тұмар оған тіс жармады. Таксиде Анар Тұмарды әңгімеге тартып еді:
– Құрбым, реті келгенде түсінідіріп айтамын, – деп қысқа қайырды.
Үйге жеткен Тұмар Қасымның жүзіне бір қарады да, іштей «кешір мені» дегендей ишарат танытты. Жұмыстан шаршап келді ғой деген оймен Қасым да Тұмарды мазаламады. Төсекке басы тие бере Тұмардың көзінен жас моншақтап төгілді. Болған жайттарға сене алмай, өзін-өзі жек көргендей күйде жатты.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
(Жалғасы бар).