Қарсақбайды қазақстандық түсті металлургияның «Ашық аспан астындағы мұражайы» десең, қателеспейсің! Тұнып тұрған тарих! Таратып айтсаң, том-том кітап жазуға тақырып табылады.
Ағылшындар негізін қалаған Қарсақбайды қазір «Қарашаңырақ» деп қастерлейміз. Қазақстандық түсті металлургия өнеркәсібінің ошағы! Аудан орталығы да болған. Атағы аспандаған керемет кезеңде жеті мыңдай жан тұрған.
Сосын өндірістің орталығы Жезқазған жағына ойысты. Аяғы тоқырауға келіп тірелді…
«ҚАРСАҚБАЙ!» десе, қаны қызбайтын қазақ сирек. Осы сөздің өзінде керемет қасиет жатқандай…
Таста таңбаланған тарих
Ұлытау-Жезқазған өңірінде б.д.д. V ғасыр шамасында ежелгі Сақ тайпасы кен ұқсатып, металл алған. Жылнамашы Геродот жазбасындағы дерек осыны дәйектейді.
«Түгін тартсаң, майы шығатын» құйқалы өңірдің қойнауындағы қазба байлығы отаршыл орыстың мазасын алды. XVI ғасырдың бастапқы үш онжылдығының ортасынан бастап Ресей империясы үш ғасырдан астам уақыт елші-тыңшы арқылы қазыналы қазақ даласын егжей-тегжейлі зерттеп, маңызды мәлімет жинады.
Ен байлықты еншілеп қалу үшін, оны игеруге ниет білдірген кәсіпкер біткенге барынша жағдай жасап бақты. Бізге біршама белгілісі – көпес Никон Ушаков. 1846 жылы сәуірде қазақ даласының топырағына табаны тиген ол қарашада генерал-губернатор П.Горцовқа жолдаған мәлімдемесінде Ұлытаудың оңтүстік-шығысынан мыс кенін тапқанын баяндайды.
Бір жылдан кейін тағы екі жерден мыс кенін табады. Бар-жоғы бір-екі жылда Жезқазған жерінен тапқан кен көзіне «Покровск», «Златоусовск», «Никольск», «Крестодвиженск», «Спасск» деп ат қойып үлгерген келімсек көпес тиісті құжатты Көкшетау дуанының аға сұлтанына тапсырады.
Дархан даланы дамылсыз үңгіген олардың ойында мыс алу болған жоқ. Тек алыпсатарлықпен айналысты. Бір мысқал мыс алынбай-ақ алты кен орны мен Байқоңырдағы көмір шахтасы 1908 жылы күзде бас кеңсесі Лондонда орналасқан «Атбасар мыс кен орындары» АҚ-на сатылып кетті. Ол 1912 жылы желтоқсанда зауыт салуға қаулы қабылдады.
Шығысында кен шахтасы шоғырланған Жезқазғанның, батысында отын көзі орналасқан Байқоңырдың ортасындағы Қарсақбайға қалауы түскен ағылшындық алпауыт жерді жергілікті байдан отыз жылға жалға алып, 1913 жылы құрылысқа кірісті.
Осы кезден Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңді қамтитын маңызды мәлімет мұрағатта сақталған.
Даладағы дүбір
Аязды ақпандағы төңкеріске айылын жимаған ағылшындық алпауытты қазанда қайталанғаны қатты алаңдатқаны анық. Өйткені, иі жұмсақ Уақытша өкіметтің орнына қылышынан қан тамған «қызыл» келген. Оны арқаланған кедей-кепшік те қарап жатпады.
Жосалыдан үш жыл әуреленіп әрең жеткізген жабдықты ағылшын алпауыты толық орнатып та үлгермеді. Өндіріске қажетті негізгі 16 нысан мен бірқатар қосалқы құрылымды қиратып, жабдық біткенді бүлдіріп, шахтаны суға толтырып, тайып тұрды.
Ағылшын алпауытының аранынан аман қалған Қарсақбай мемлекеттің меншігіне өтті. Қираған кәсіпорынды Кеңес өкіметі қалай қалпына келтіргені тарихтан мәлім. Төрт жыл (1920-1924 ж.ж.) қаңтарылған зауытты жеделдетіп қатарға қосу үшін 1925 жылы жазда «Атбасартүстімет» тресі құрылды.
Тоқ көзі тартылды. Кен байыту бөлімшесі мен мыс балқыту цехы бабына келтірілді. Жосалы мен Қарсақбайды жалғастырған шойынжол Байқоңыр мен Жезқазғанға жетті. Қумола өзенін бөгеп, су мәселесін шешті.
1928 жылы 16 қыркүйекте балқыту пеші қыздыруға қойылды. 10 қазанда шихта тиелді. Тоғыз күннен кейін түнгі 23.00 сағатта алғашқы балқыма алынды. Айтулы оқиға құрметіне салтанатты жиын өтіп, дала комиссары Әліби Жанкелдин қарсақбайлықтарды қызу құттықтады.
Қарсақбайдың даңқты дастанының жарқын бетін жазу даланы дүбірлеткен сол айтулы күннен басталды. Мыс зауытының тұңғыш директоры «төңкерісшіл топты» төңіректегені үшін патша өкіметі 1913 жылы осы өңірге жер аударған Иван Васильевич Деев болды.
1958 жылы 16 шілдеде Жезқазған кен басқармасы мен Қарсақбай мыс зауытының базасында Жезқазған кен-металлургия комбинаты құрылды. Ал, елдегі түсті металлургияның қарашаңырағы атанған Қарсақбайды қазір де қатардан көру қандай ғанибет!
Қаныштың «көзі»
Қарашаңырақта Қанышқа қатысты өткен-кеткенді қозғауға «тамызық» болатын бәсіре баршылық. Ал, академик атындағы мемориалдық мұражай – қанша көрсең де жалықтырмайтын, жан-дүниеңді рухани жаңғыртатын айырықша әлем.
1928 жылы салынған екі пәтерлік үйдің бір басы – геологиялық кеңсе, екіншісі 1941 жылға дейін Қаныш Имантайұлы отбасының баспанасы болды. Бұл ғимарат – 1969 жылғы 12 сәуірден мемориалдық мұражай. Үйдің ішкі құрылымы өзгертіліп, бес бөлмеге белгілі бір жүйемен жәдігер қойылған.
Бұрынғы «қонақ бөлмеге» қазір академиктің өмірбаянын өрнектейтін жәдігер жинақталған. Бір кездегі «жатын бөлме» – бүгінде «минералогиялық кабинет». Онда Жезқазған мысы мен мырышы, Байқоңыр көмірі, Ақтас сутасы, Жезді марганеці, Балқаш бариты, қысқасы, Менделеев таблицасын толық қамтитын коллекция қойылған. Академиктің ақ мәрмәрдан сомдалған мүсіні де осында.
Басқарма кеңсесі болғандағы «Қаныштың жұмыс кабинетінің» бір бұрышына жұмыс столы жайғасқан. 100 жылдығы тойланғанда ғұлама ғалым тұтынған жиһаз: стол, орындық, кітап сөресі мұражайға қайтарылған. Қабырғада – геологиялық карта. Академиктің жеке мүлкі қойылған келесі бөлмені геологтар кезінде «камералька» атапты. Қызы Мейіз айтқандай, «қайда барса да қалдырмайтын» шабаданы қозғалмағалы қашан?!
Бесінші бөлмеде бұрын есепші, жоспарлаушы, жабдықтаушы отырған. Адам аяғы бір басылмайды екен. Есепшоттың қағысы, бұйымтаймен жүрген адамның дауысы үнемі естіліп тұрған. Осы аядай бөлмеде батыл болжам жасалып, аймақ тағдыры шешіліп жатыпты. Бүгінде бұл бөлме Қарсақбай тарихына арналған.
…Мұражай ауласына аздап аялдасаң, тура табалдырықтың тұсында, кіреберістегі босағаның бойында Қаныш отырғызған қарағаш өзге тал-теректен оқшау көзге түседі…
Көмескіленбейтін көрініс
Қасқа жолмен «Қаратөбені» қапталдай көтерілгенде, қарсы алдыңнан ақшаңқан үйлі Қарсақбай көрінеді. Оң жақта – зауыт. Ойпаңдағы оны қырат көлегейлегенімен, мойнын созып қозыкөш қашықтықтан көзге шалынатын қос мұржасы көңіл түкпіріндегі сағынышты қоздатып, өткенді еріксіз еске түсіреді.
Табалдырығын талай аттаған, көзге таныс, көңілге ыстық кәсіпорын. Оның тарих қойнауында қалған, айбыны асқақтаған қуатты кезеңі күні кешегідей көз алдымда:
Қос мұржасы көкке шаншылған зауыт. Бура шудасындай шұбатылып, көкжиекке қарай көшкен көкшулан түтін. Иісі еріксіз емірендіретін туған жердің тәтті түтіні!.. Қызуы бет қаратпайтын қызылжалқын балқыма. Киіз қалпағын келістіре киіп, маңдайынан тер моншақтаған металлург. От көсеген өреннің тұлғасы таумен таласқандай…
Кереметтің бәрі Қарсақбайда болып жатқандай көрінетін:
«Қаратөбеге» қарай қасқайып жатқан орталық көшедегі ерсілі-қарсылы ағылған ел… Маңайынан адам арылмайтын «Московский» дүкені… Кеш түссе жастардың күміс күлкісіне көмілетін, салтанаты сейілмейтін саябақ… Қолы қалт етсе қарашаңырақтың кәрі-жасы жинала қалатын еңселі клуб…
Өзіне өзгені ынтықтырған осындай ордалы Қарсақбайдың басына өткен ғасырдағы жетінші онжылдықтың ортасында қара бұлт үйірілді. Майталман металлург біткен Жезқазғанда жаңадан қатарға қосылған, Қарсақбайдағыдан әлдеқайда қуатты мыс қорыту зауытына ауысып кетті.
Қарсақбайда қалған қауымның «екі қолына – бір күрек» тауып беру кәдімгідей күрделі мәселеге айналды. Зауытқа жабылып қалу қаупі төнді… «Қарсақбайдың күні бітті!» деген қаңқу сөз де естіліп қалды. Құдайға шүкір, қарт Қарсақбай әзірге қажитын, көштен қалатын түрі жоқ. Қайта уақыт талабына сай қайта құрылып, етек-жеңін жинап, «Қазақмыстың» қажетін өтеп отыр.
Қарсақбай мен ҚадІр
Қарсақбайға барған сайын Қадыр-аға еріксіз еске түседі. Ұзақ уақыт зауыт тізгінін ұстаған, қарашаңырақты тағдыр тәлкегіне қалдырмай, соңғы демі таусылғанша толассыз тер төгіп, ерен еңбек сіңірген Мәткеновті айтам. Қарсақбайға қатысты құмарыңды қандырып әңгіме тиегін ағытатын Қадір ағадай адамды әлі кездестірген емеспін.
Жол түсіп Қарсақбайға барып қалғанда жарықтық табиғатына тән байсалды қалпымен салиқалы сөз сабақтайтын. Мол пішілген пошымы қандай?! Кеңпейілділік, парасаттылық самалы есіп тұратын. Қарсақбайдың кешегісін көктей шолып, бүгінгісін бүкпесіз баяндап, келешегіне кемел ой жүгірткенде тыңдаушысын тамсандырып тастайтын.
«Қарсақбай» дегенде жаны бөлек еді. Енді, міне, екеуі егіз ұғымға айналып кетті. Халқы да оны қатты құрметтейтін. Жерлестері зыр жүгіріп жүріп, Қарсақбайдағы бір көшеге көзі тірісінде-ақ, 1998 жылы атын алып берді. Әдетте, басшы артынан абырой әпермейтін әңгіме ереді. Мынандай мерейге бөленіп, көпшіліктің құрметіне кенелу Мәткеновтің маңдайына жазылғанын мойындау керек.
Асқан адамгершілігін, қайырымдылығы мен қарапайымдылығын қарсақбайлықтар күні бүгінге дейін жыр қылып айтады. Оның кеңсесінен ешкім еңсесі түсіп шықпайтын. Бұйымтайын айтқан адамның шаруасын табанда шешіп тастайтын, реті келмей қалса тілін тауып, тігісін жатқызып, көңіліне кірбің түсірмей шығарып салатын. Алдына барған адам ештеңе алмаса да, ат мінгендей мерейленіп қайтатын.
Қарсақбайдың тағдыры таразы басына тартылған тұста шайқала бастаған қарашаңырақтың қадірін кетірмей сақтап қалған, өзіне үміт артқан бір қауым елдің сенімін ақтап, арқасүйері болған оның есіл еңбегі әлі толық бағасын алған жоқ. Оған көрсетілер құрметтің мөлшері бір көшеге есімін берумен шектелмесе керек! Енді металлургиялық зауыт оның атымен аталып жатса, қандай керемет болар еді?!
Бүгіннің бедері
Қоныс аудармай Қарсақбайда бауыр басып қалған, кезінде алқынған пеште от ойнатқан металлургтің інісі мен баласы, тіпті немересі тың кәсіпті мінсіз меңгеріп алған. Бұл – уақыттың өзі үйлестірген өзгеріс. 165 еңбек ететін зауытта «Қазақмыстың» кен-металлургиялық кешеніне қажет қосалқы бөлшек құйылады. «Бізде барлығы «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағына мүше. Оларға әлеуметтік, материалдық көмек көрсетіп отырамыз» дейді бастауыш ұйым төрағасы Зейілбек Қаратеміров.
Кент маңайында қырық шақты шаруа қожалығы құрылған. Олар мал асылдандырумен айналысады, тоғыз мыңдай ұсақ мал, үш жүздің үстінде ірі қара, жарты мың жылқы, он шақты түйе түлігін ұстайды. Тоқетеріне тоқталсақ, қарашаңырақтың тірлігі көптен көш ілгері болмаса да, көңіл жабырқайтындай жайы жоқ. Өңірге шақ – өндірісі, «тәубә!» дейтіндей тұрмысы бар.
Қазір кәсіпорын тізгіні – Қадір ағаның баласы Мұратта. Зауытта бірыңғай өз кәсібінің білгірі қалған. Атын атап, түрін түстеп, ешқайсысын бөле-жарғым келмейді. Бәрі ортақ мақсат жолында білек біріктірген. Тіпті Қазан төңкерісінен бұрын ағылшын әкелген жабдықтың өзі әлі кәдеге жарап тұр. Қарсақбайлық кәсіпқойдың кәнігі шеберлігі!
Кент іргесінен өтетін «Жезқазған-Бейнеу» теміржолы жаңа мүмкіндікке жол ашты. Оған отыз шақты адамның жұмысқа орналасқаны өз алдына, бұл қатынас экономика саласына да серпін берді. Енді ешкім Қарсақбайды «тұйықта тұр» деп айта алмайды. «Жезқазған-Қызылорда» жолаушы поезы қатынайды. Күніне он шақты жүк поезы өтеді.
Бұл – берекелі болашаққа бетбұрыстың бергі жағы. Жұртшылық Қарсақбайдың келешегін құрамы темірге аса бай «Балбырауын» кен орнымен байланыстырады. Кезегін күтіп «Керегетас» жатыр. Тарих талқысына төтеп берген, небір сындарлы сынақты көрген Қарашаңырақты құтты қонысқа айналдырған қарсақбайлық қауымға серік болған сенім сейілген емес. Сол сеніммен суғарылған үкілі үміт қазіргі қимылына соны серпін берген.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
ҚАРСАҚБАЙ кенті.
Суреттерді түсірген автор.