Көне кәсіптің көзін тауып, ел ырысына үлес қосып отырған металлургтердің мерейі үстем. Қара және түсті металлургияның мекені болып қалыптасқан Балқаш өңіріндегі мыс балқыту зауытында еңбегімен елеулі болған металлургтердің сапында Сейітқали Сағалов есімді майталман бар. Ол жақында кәсіби мерекесінде I дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Сейтқали Беркенұлы – Балқаш мыс балқыту зауытының бұрыннан еңбек етіп келе жатқан мамандарының бірі. Ол өзінің еңбек жолын мысты электролиздеу цехында пакеттеушіден бастаған. Ал 1998 жылдан бастап осы цехта дайын өнімді тазалаушы болып еңбек етеді. Оның міндетіне мыс катодтарын қаптамас бұрын артық қоспалардан тазарту кіреді.
Мысты электролиздеу цехында еңбек еткен жылдары Сейітқали Беркенұлы өз ісінің майталманына айналды. Мысты электролиздеу цехының басшылары оның еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетін бағалай отырып, оны 2000 жылдан бастап бригадир етіп тағайындады. Оның қарамағында дайын өнімді тазартатын жиырмаға тарта өз ісінің шеберлері жұмыс істейді.
Бір ауысымда Сейітқали Сағаловтың бригадасы 140 пакет салып, 200 – 300 тонна, ал бір айда 15 мың тоннаға жуық катодты мыс береді. Мұнан әрі, катодты мыс өнімі тұтынушыларға, соның ішінде шетелдік серіктестерге жіберіледі.
Сейітқали Сағаловтың бригадасы бірнеше жылдан бері цехта алдыңғы шептен көрініп келеді. Еңбек өнімділігі мен сапасын арттыра отырып, жылдан жылға өндірістік көрсеткіштерді асыра орындайды. Сейтқали Беркенұлы қазір өзімен бірге иық тіресіп жұмыс істейтін көптеген мамандарды тәрбиеледі. Оның бағыт-бағдарын өзіне үлгі тұтқан шәкірттері білікті маманның мектебінде шыңдалғандарын мақтат тұтады. Сейітқали Сағалов өндіріс озаты ретінде өз жұмысын бес саусағындай білетін майталман ғана емес, өзі еңбек ететін цехының, кәсіпорынның және жалпы қаланың қоғамдық өміріне белсене қатысады.
Сейтқали Сағалов бірнеше рет кәсіпорынның және «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Жылдар бойына «Құрмет тақтасына» суреті ілінді. Ол бұған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің III, II дәрежелі «Еңбек даңқы» салалық белгісімен марапатталды. Оның қарапайымдылығы, ұқыптылығы мен еңбекқорлығы ұжым арасында бедел мен құрметке ие болуға көмектесті.
Биыл, мыс электролиздеу цехының ұжымы Сейтқали Сағаловты бірауыздан I дәрежелі «Еңбек даңқы» салалық төсбелгісімен марапаттауды ұйғарды. Осылайша Елордамыз – Астананың төрінен қарсаңында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан Сейітқали Сағалов «Еңбек даңқы» салалық төсбелгісінің толық иегері болып оралды. Бұл марапат Сейтқали Сағаловтың салаға қосқан үлесін бағалау ғана емес, металлургтердің еңбегіне деген құрмет деп білген жөн.
Ләззат Смағұлова.