Жезқазған мыс қорыту зауыты өңірдің тіршілік тамыры іспетті. Өндіріс ошағында күкірт қышқылы цехының маңызы ерекше. Технологиялық газды күкірт қышқылына айналдырумен шұғылданатын цехта еңбек озаттары кәсіби мерекеде ұлықталып жатыр.
Отыз бір жыл еңбек өтілі бар Уәлихан Оразбаев солардың қатарында. Ұлытау ауданы Шеңбер ауылының тумасы Уәлихан Кенжебайұлының негізгі мамандығы механик. Кезінде ауылшаруашылығына мамандар даярлауда аты шыққан Талап ауылша-
руашылығы техникумын тәмамдаған соң, туған аулында 1990 жылға дейін еңбек етіп, кейін Жезқазғанға қоныс аударды. 1990-1992 жылдары тұрғын үй-коммуналдық бөлімінде жүріп, кейін Жезқазған мыс қорыту зауытына жұмысқа орналасты.
– Зауыттағы ірі құрылым саналатын күкірт қышқылы цехына келгенімде өндірістің қыр-сырына қанықпаған мені жассынбай, шетқақпай жасамай, ынтама қарай алдымдағы ағаларым үйретті. Кәсіпке баулыды. Әсіресе, сол кезде аға аппаратшы болған тәлімгерім Төлеубай Башаровтың бұл саладағы тәжірибесі маған үлкен мектеп болды. Сол кездегі шеберлер Жетпіс Шынқожаев, Кәкім Әбдіғұлов сынды майталмандар біздің бағыт-бағдар берушіміз еді. Отыз бір жылда көз қаныққан жұмысымнан ақау шықпауына жауапкершілікпен қарап келемін. Толысқан тәжірибенің арқасында қазір тәлімгерлікті де қоса атқарып жүрмін. Цех басшымыз Нұржан Данаев, кептіру бөлімшесінің басшысы Сағдат Әбдіғұлов сынды білікті басшылардың жетекшілігіндегі ұжым табысқа үлес қосып келеді. Қасым Әлменов, Ғалымбек Қожырбаев сынды озаттармен үзеңгі қағысып, қатар келемін. Білген, түйгенімді шәкіртім Расул Дүрментаевқа үйретіп отырамын. Ұжымымыз тату, бірлік пен берекені ту еткен, – дейді Уәлихан Оразбаев.
Әкесі Кенжебай мен анасы Зинаида Ұлытау ауданында ауылшаруашылығының өркендеуіне үлес қосса, Уәлихан Оразбаев өндіріске өмірін арнауда. Он баланың ішінде әулеттің металлургиядағы жалғыз өкілі Уәлихан Кенжебайұлы еңбегімен елеулі болған азамат. Саладағы жемісті еңбегі үшін бірнеше мәрте «Қазақмыс» корпорациясының, «Қазақмыс Смэлтинг», «Amanat» партиясы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағының Құрмет грамотасына ие болған. Уәлихан Оразбаевтың құдай қосқан қосағы Айжамал Кенжанова да өндіріспен өмірін байланыстырған. Отыз жылдан аса Жезқазған байыту фабрикасының сүзу және кептіру бөлімінде еңбек етіп келеді.
«Сонау 90-жылдары қалаға жас отбасы болып келіп едік. Арқа сүйер ешкіміміз де болмады. Біріміз зауытқа, біріміз фабрикаға тұрып, еңбектенгеннің арқасында бүгінгі күнге жетіп отырмыз», – дейді Уәлихан Кенжебайұлы.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.