Жарты ғасырдан астам тағылымды тарихы бар, әлемдегі мыс өндірушілер арасында алғашқы ондықтың бел ортасынан ойып орын алған, Қазақстанда мыс өндіретін кәсіпорын көшін бастаған, қалыптасқан өзіндік еңбек дәстүрі бар Жезқазған мыс қорыту зауытының ұйымшыл ұжымы даңқына дақ түсіріп көрген емес.
Әлемдік нарықтағы мыс бағасының таразы басындай теңселген тұрақсыздығы мен кездескен қиындыққа темірдей төзімі мен толымды тәжірибесін, қажымас қайратын қарсы қойған балқыма бапкерлері кәсіби мерекесін лайықты тарту-таралғымен қарсы алып отыр.
Шұрайлы шихта
Кенші жөнелткен жентек-жентек кенді баптаған білікті байытушының құнарлы концентратынан майталман металлург сапасы төрт тоғыздықпен таңбаланған шақпақ мыс шығарады. Әңгімені кәсіпорынның табалдырығы іспетті шихта дайындау буынынан бастайық. Өйткені, байыту фабрикасынан келген концентрат осында мыс алатын шикізат – шихтаға айналып, одан әрі балқыту цехына жол тартады.
Өр тынысты өндірістегі осындай жауапты буында еңбек ететін екі жүзден астам адамға «отызында орда бұзып, қырқында қамал алуға» беттеген жезқазғандық жайсаң жігіт Қайырбек Мархабатов басшылық жасайды екен. Бастапқыда сөзге сараңдау көрініп еді, артынан ашылды. Орта мектепті осыдан тура жиырма жыл бұрын бітіріпті.
Қайырбек Мархабатов
Сосын Өмірхан Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіне түскен. Жоғары оқу орындары арасындағы сол кездегі мәмілеге сәйкес екі жылдан кейін Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетіне ауысып, студенттік өмірінің қызықты үш жылын асқақ Алатаудың баурайында өткізген.
Еңбек жолын Жезқазған мыс қорыту заводының балқыту цехында бастаған жас инженер-металлург келесі жылы көктемде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанды. Одан оралған 2010 жылы осы шихта дайындау цехына орналасты. Айтпақшы, зайыбы Мөлдір де заводтың күкірт қышқылы цехында оператор болып істейді. Екеуінің үш ұл, бір қызы бар екен. Маған «металлург әулеті» қалыптасып келе жатқандай көрінді.
– Сапалы мыс алу үшін шұрайлы шихта дайындау керек. Біздің ұжым оның қыр-сырын мінсіз меңгерген. Шихта тиеуші Дәулет Нысанбаев, ұнтақтаушы Жұмағали Ермағанбет, күйдіруші Төлеген Салқауов сынды өндіріс ардагерлеріне арқа сүйесек, күйдіруші Әшім Әбдінасаров, слесарь-жөндеушілер Алдияр Құрылыс пен Ерлан Мұқанов сияқты жастарға үлкен үміт артамыз, – дейді цех бастығы.
Шихта дайындау цехында жабдықтың бей-берекет бұзылуын болдырмауға және концентратты кептіру үдерісін жақсартуға мүмкіндік беретін бірқатар техникалық шара жүзеге асырылуда. Келешекте мұндағы технология түбегейлі өзгертіледі деп күтілуде.
Бабындағы балқыма
Шихта дайындау цехынан шыққасын жолбасшым – завод өндірістік-техникалық бөлімінің маманы Нұрсұлтан Ермағанбетов әрқайсысы анау-мынау өндірістік буыныңды он орап алатындай үш телімнен тұратын, металлургтер «өндірістің өзегі» деп әспеттейтін балқыту цехына бастады.
– Цех электр пеші, конвертор, анод телімінен тұрады, механикалық және энергетикалық қызметі бар. Шихта электр пешінде қорытылып, құрамында мыс, темір мен күкірт бар штейн конверторға қотарылады. Онда қайнаған қара мыс тазартылып, соңғы сатысында анод негізі алынады. Қазір соған барамыз.
Цехта екі рудотермиялық пеш толық қуатында ырғақты жұмыс істеп тұр. Балқытушылар биылға белгіленген көрсеткіштен көрінуге жұмылған. Жасыратыны жоқ, завод – қауіп-қатері қанжығаласып жүретін өндіріс. Сондықтан, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жіті назар аударылады, – дейді Нұрсұлтан.
Нұрсұлтан Ермағанбетов пен Жалғас Есенов
113 адам еңбек ететін анод телімін басқаратын, осы салада отыз жылдық тәжірибесі бар Жалғас Есеновті өндірістік алаңда жолықтырдық. «Біздің мыстың өзіндік бірегей ерекшелігі Жезқазған кен орнының керемет қасиетінде. Одан өндірілген шикізатты өңдеу арқылы алынған өнім әлемдік нарықта айрықша сұранысқа ие.
Тұтынушылардың талабы мен талғамынан табылған саф алтындай сары мыс алынатын шикізат – анод негізін балқытушылар ақжалқын жалынмен жағаласып, өндірістің осы буынында өндіреді. Кәсібінің қыр-сырын мінсіз меңгерген білікті балқытушылар кәсіби мерекесін әдеттегідей лайықты тарту-таралғымен қарсы алғалы отыр» дейді ол.
Сондай саңылақтың бірі, Жезқазған мыс қорыту заводының табалдырығын бұдан тура 16 жыл бұрын, 2007 жылы шілдеде аттаған, бүгінде білікті балқытушы, жастар тәлімгері атанған түсті металл құюшы Батырлан Құсайыновпен алқынған алып пештің алқымы астында кездестік.
– Келген бетте Қанат Әйтеновтің бригадасына тап болдым. Ұжымдағы жиырма жігіт өте ұйымшыл еді. Мамандығым бригадир болса да, өндірістік тәлімгерім Дүкенбай Ыбыраевтың шыдамдылығы мен шеберлігі арқасында мына мамандықты меңгеріп кеттім, – дейді ол.
Маңдай тері моншақтаған металлургтердің көтеріңкі көңіл-күйіне қарап-ақ, еңбек нәтижесінің осал еместігін ұқтық.
Маңызды сары мыс
«Маңызды» деп мән беруіміздің мәнісі мынада: Жезқазғанды жаhанға танытқан саф алтындай сары мыс, түпкі өнімнің тұсауы кесілетін тұс — электролиздеу цехында өндірілетін катод негізінің құрамындағы металдың үлесі төрт тоғыздықпен (99,99%) өлшенеді. Мұнда шақпақ мыстың сапасын арттыруға бағытталған электролит температурасын реттейтін және оның құрамындағы активті затты бақылайтын автоматты желі өндіріске енгізілген.
Кез-келген ұжымның арқасүйер ақылшысы – ардагерлер. Бар саналы ғұмырын қызығынан қиындығы басым металлург мамандығына арнап, әріптестерінің ыстық ықыласына бөленген ондай өрендер осы цехта да жеткілікті. Ерен электролизші Берік Әбдірахман сондай саңылақ өндірісші қатарында. Қуатты кәсіпорынның қақпасы оған отыз жылдан астам уақыттан бері етене таныс. Алғашқыда электролиздеу цехының табалдырығын имене аттаған алыстағы ауыл баласы, ұлытаулық өрен Берік – бүгінде бір ұжымның бетке ұстары.
Берік Әбдірахман
Өндіріс ардагерлерінен өнеге алып, еңбек көрігін қыздырған жастар жағы да жеткілікті. Матрица табағын өңдеуші Марал Иманғалиева, слесарь-жөндеуші Ержан Сексенбаев, аппаратшылар Алтынбек Елемес пен Олжас Тұңғышбаев, электролизшілер Мадияр Амантай, Сәбит Мусин, Нұрғазы Асанов, Азамат Есмурзинов тындырымды тірлігімен әріптестерінің ыстық ықыласына бөленген. «Венера Құрашева жетекшілік жасайтын бізідң матрица дайындау теліміндегі 5 бригадаға біріккен 72 адам жемісті жұмыс істеп, көздеген көрсеткіштен көрінуде» дейді Марал Иманғалива.
Марал Иманғалиева
Қайыржан Балабиев басқаратын бригададағы 70 адам бес ауысыммен жұмыс істейді. Ортақ мақсатқа жұмылған жігіттер ай сайын өндірістік тапсырмасын ойдағыдай орындап келеді. Ең бастысы – бригаданың бірлігі бекем. Әңгіме орайында айта кетейік, осы цехта Қайрекеңнің ұлы Нұрлан – катодшы, күйеу баласы Самат Сатыбалдин слесарь болып еңбек етеді.
Қайыржан Балабиев
– Біздің басты міндет – сапалы өнім шығару. Өйткені, онсыз талғамы тегеуірінді тапсырыс берушінің талабын қанағаттандыру қиын. Сондықтан, катод мысының құрамындағы қоспа мөлшерін еуропалық стандарт деңгейінде ұстауға ұмтыламыз. Сонда ғана сапасы төрт тоғыздықпен таңбаланатын мысты тұтынушыға жөнелтесің, – дейді білікті бригадир.
Цехтың дәл іргесінде дайын өнімдер қоймасы қоныс тепкен. Оның ұйымшыл ұжымы электролизшілердің илеуінен өткен катод мысын талапқа сай қалыпқа келтіріп, тұтынушыларға жөнелтуге дайындайды.
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.