Күнделікті өмірде тізгіндеп жүрген көлігіміз сыр берген жағдайда арнайы жөндеу орталықтарына апарып, жөндетіп жатамыз ғой. Ондағы мамандар заманауи құрылғылармен әп-сәтте ахауын анықтап, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Өндірістің қызметіне жарар ауыр техникаларды бақылап, тексеру, кем-кетігін реттеу жетіқат жер астында да қызу жүріп жататынын көзіміз көрген.
«Қазақмыс» корпорациясыны тау-кен техникаларына қызмет көрсетумен шұғылданатын «ҚазақмысМэйнтенанс Сервисиз» ЖШс құрамындағы Жезқазғансервис кәсіпорнында ауыр техникаларды жөндеудің хас шеберлері топтасқан. Еңбекқорлығы мен өз жұмысына деген жауапкершілігі арқылы көптің көңілінен шығып жүрген Ақылбай Кісібаевты әріптестері техниканың тілін тапқан майталман ретінде таниды.
Жақында Ақылбай Қуанұлымен сұхбаттасудың сәті түсті. Асып-саспайтын, ақ көңіл азаматтың өз ісіне деген сүйіспеншілігі ерекше екендігі әңгіме барысында аңғарылып тұрды.
Ақылбай Кісібаев 1960 жылдың 7 тамызында Целиноград облысы, Балқашын ауданы, Алматы ауылында қарапайым отбаснда дүниеге келген. 1977 жылы Веселый орта мектебін бітіріп, Торғай облысы, Арқалық қаласындағы Ауылшаруашылық колледжіне түсіп,1979 жылы құрылыс шебері мамандығын алып шыққан. Сол жылы Арқалық құрылыс цехында ағаш шебері болып жұмысқа орналасқан.
Тоқсаныншы жылдардың қыспағымен өндірісті өңірге қоныс аударып, осында қоныстанады. 1997 жылдың қараша айында тау-кен, шахта жабдықтары зауытына жұмысқа қабылданып, Оңтүстік Жезқазған кеніші №45 шахтаға жер асты электр слесарь болып е4бек жолын бастады. Қазіргі таңда «Қакзақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС құрамындағы сервистік телімнің білдей бір маманы. Ақылбай Қуанұлы Оңтүстік Жезқазған кеніші №65 шахтадағы сервистік телімде үзіліссіз 26 – 27 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Көзді ашып, жұмғанша зейнеткерлік жас та төбе көрсетіп тұр.
Адамның өлшеніп берген әрбір кезеңі өмірдегі естен кетпес шақтар екен ғой. Жалынды жастық шақ, есею, білім алып, маман атану, отбасын құру сынды кезеңдерді артқа тастап, бүгін міне, зейнет жасына да жетіппін. Еңбек жолында да талай жолдан өттім. Бірақ жаныма жақыны осы еңбек ұжымым.
Жұмысым өзіме өте қатты ұнайды. Не ауырып жұмыстан қалған күнімде болмапты, жұмысқа барсам ауырғанымы басылып, жазылып шыға келетіндей болады. Бұл өз кәсібіңе деген сүйіспеншіліктің белгісі деп білемін. Жер асты техникасын жөндеп, оны қалыпқа келтірудің машақаты қандай екенін сол саланың ғана маманы жақсы түсінеді. Мен әрдайым өзіммен бірге кілт-саймандарымды алып жүремін. Жігіттер қандай кілт сұраса менен табылады. Өйткені, мен потрантажды ерінбей қолдан белдемше етіп тігіп аламын. Қазір дамыған заман ғой. Тоқсаныншы жылдардың соңы мен екімыңшы жылдардың бас кезінде техника жөндеуге арналған жабдықтар тапшы болатын. Тіпті өзіміз сатып алған кездер де болды. Өзіңнің күнделікті жұмысың тоқырап қалмай, өндіріске қажетті техникалар тоқтаусыз жұмыс жасау үшін бар күшімізді салатынбыз. Қазір не керектің бәрі бар. Тек еңбекке деген ынта болса болғаны.
Осы кезге дейін бір қатарда еңбек етіп келе жатқан механиктер Аян Кәкімжанов, Қайрат Оспанқұлов, Берік Тыныбеков, бригадирлер Рамазан Сандықбаев, Еділ Мәмкенов, электр слесарьлар Бауыржан Бекмурзин, Мәди Үсенов, Нұржан Құсайынов, Жамантай Жақыпов, Серік Бейісов сынды майталмандардың шеберлігінде мін жоқ. Бұл жігіттер бір-бірін қолдап, көмек беруде еш аянып қалмайды.
Жер астында катерпиллер көлігін жөндеуде ақыл-кеңесімізді ортаға салып, тәжірибемізді ортақ іске жұмсаймыз. Ізімізді басып келе жатқан ініміздей болып кеткен Бауыржан Қазбековтің де тәжірибесі толысып қалды. Қазір өз бетінше техника жөндеуге қабілетті, – дейді Ақылбай Қуанұлы.
Ақылбай Қуанұлы өсіп-өнген әулеттің тірегі. Ұл-қыздарының, немерелерінің қызығын отанасы Светлана Құндызбайқызымен бірге қызықтап отыр. Санаулы күндерден соң зейнеткерлікке шығып, бейнетінің зейнетін көрмек.
Шеберлігі мен іскерлігі астасқан кәсіби маман ақырын жүріп, абыройға кенеліп келеді. Бұл әрине адал еңбегінің арқасы. «Еңбек адамы – ел мақтанышы» деген қанатты сөз Ақылбай Кісібаев сынды майталмандарға қарата айтылғандай.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.