(Соңы. Басы газеттің № 22 (1775) санында).
Алпамыс кейін барып білді ғой, сол Жорик өздеріне екі бірдей доп соққан Ерланнан өш қайтармақ ниетпен оған кездесетін жеріңді айт деген ғой. Одан қаймығатын Ерлан ба, кешке теміржол вокзалында кездесуге сөз байласады. Не керек сол жолы әпербақан Жорик Ерланнан оңбай таяқ жейді. Жайшылықта Рудниктен келетін қазақ балаларына қалаға келе қалса күн көрсетпейтін Жориктердің беті қайтып қалады. Есесін қайтаруды ойлап, Ерланның басқан ізін аңдуды шығарады.
Жайдары жаздың жаймашуақ мезгілі келіп жеткен. Алпамыс Салтанатты Рудниктегі «Космос» кинотеатрының кешкі сеансына апарып, одан үйіне шығарып салып, таксимен түнделетіп қайтып келе жатқан. Комбинатскийге келіп қалғанда жол үстінде көрінген машинаға қол көтеріп, аласұрып жүрген бір қызды көрді. Оған тоқтап жатқан ешкім жоқ. Алпамыс такси жүргізушіден тоқтауын өтінді. Қыз:
– Ағай-ай, көмектесіңіздерші. Өлтіретін болды ғой оны! – дей салып жанындағы көшені бойлай жүгіре жөнелсін. Милиционер формасындағы Алпамыстан көмек боларына көзі жеткендей.
Милиционер мен қыздың өздеріне қарай жүгіріп келе жатқанын көше жарығынан көріп қалса керек, биік ағаштың қаракөлеңке тұсынан шыға келіп, үш жігіт тұра қашсын. Ағаш тұсында жатқан денеге бірінші жеткен Алпамыс Ерланды бірден таныды. Тамырын ұстап көрсе, соғысын тоқтатыпты. Қыз келе денені құшақтай жылап құлады.
– Сұмырай Жорик!.. – деп қыз ботадай боздайды.
Ерланның ажалы сол Жориктен келді-ау деген күдік ойына бірден оралған. Сол күдігін қыз растаған. Қарап тұрар уақыт жоқ, қасына келіп жеткен такси жүргізушіге:
– Милиция мен жедел жәрдемді шақырыңыз. Мені Папов көшесіндегі 13-үйге кетті деңіз.
Бұл «атаман» Жорик үйінің мекенжайы еді. Тікесінен сол үйге қарай тартқан. Оған жақындай бергенде бірнеше көшені айналып, із тастай қашқан үшеудің гаражға барып тығылғанын анық көрді. Гараж қақпасына тақалғанда милиция машинасы да келіп жетті. Милиционерлер ішке кіріп келгенде Жорик бастаған үшеу отырған жерінен қолдарын көтере өре тұра келді…
Жорик – Григорий Андреев жасаған қылмысын бірден мойындады. Ол тік шегінен ағаш тығып асқан қатыгездікпен Ерланды ажал құштырған болатын. Он екі жыл мерзімге темір торға қамалған еді.
Алпамыстың берген тапсырмасына орай Андреев туралы мәлімет жинап келген тергеуші оның түрмеден босап келген соң қалалық автопаркте жүк көлігін жүргізуші болып үш-төрт жыл жұмыс істегенін, сол мекемеде такси жүргізушілігіне ауысқанына бір жылдай болғанын айтты. Бригадир өліміне бірден-бір күдікті сол көрінген. Өйткені ол қылмыс болған түні жұмыста болған екен. Алпамыс үшін ең басты күдігі кісі өлтіру әрекетінің бұрынғысымен бірдей екендігі. Бірақ онысы қаныпезердің кінәлілігін мойындатар айғақ болып саналмақ емес. Ендеше бұлтартпас айғақты қайдан таппақ?
Алпамыс ой үстінде. Оған бір нәрсе анық: қылмысқа итермелеген мән-жай ақша екені сөзсіз. Кассир айтқандай, бір пакет қомақты ақша. Таксиге отырған соң өзі масаңдау бригадир сол күні жалақы алғандарын, өзінің демалысқа шығып, дүйсенбі күні Бурабайға санаторийге баратынын жайып салуы мүмкін ғой. Оның бәрін айтпаған күнде бума-бума ақша толы пакетті такси жүргізушісі байқап қалған шығар…
Айтпақшы, кассир жауабында кімге қанша ақша бергенінен шатаспас үшін әр пачканың нөмірін дәптеріне жазып отырғанын айтып еді-ау. Енді қайтсын, сақтық үшін солай істеген. Бір шахтаның кеншілеріне еңбекақысын қолма-қол ақшамен беру оңай емес. Міне, кассир мына жауабында бригадирге берген 25 сомдық купюр салынған бумалардың нөмірін жазып қойыпты. Ендеше, қолды болған купюрлер белгілі. Ал, ол қомақты ақшаны қайда сақтауы тиіс? Біреулермен бөлісуі де мүмкін ғой. Олай болса, Андреевтің жақындарын анықтау керек. Сосын өзі бола ма, әлде ақша бөліскен жақыны бола ма, әйтеуір біреулер ол қомақты ақшаны банкке апарып, депозитке салуы әбден мүмкін! Алпамыс қарамағындағы тергеушілерге осы тұрғыда тапсырмалар берген.
Күдіктіге сезік тудырмай жүргізілген тергеу шаралары біршама жайттың бетін ашқан. Григорий әлі үйленбепті. Бірақ бір әйелмен жақын екен. Ол – сол автопарктегі такси қызметінің диспетчері Лена.
Банк бөлімшелеріне қатаң бақылау қойылды. Андреев пен оның бірге тұрып жатқан ашынасы Ленаның фотобейнелері мен қолды болған ақша бумаларының нөмірлері банк кассирлерінің қолына таратылып берілді. Ақыры содан бес күн өткенде ол істің нәтижесі белгілі болды.
Тергеушілер күткендей-ақ, Григорийдің ашынасы банк бөлімшесіне депозитке қомақты ақша салып жатқан жерінде ұсталды. Әйел өзі әкелген бума нөмірлері өлтірілген кісінің алған ақшасымен бірдей екеніне көзі жеткенде шошып кетті. Болған жайдың барлығын жайып салды.
Лена түнгі кезекшілікте отырған. Түнгі сағат он жарым шамасында Григорий кіріп келеді. Ол кіре асыға сөйлеп:
– Жаңаарқаға адам апарып, түнделетіп қайтамын. Ол көп ақша бермекші. Бірақ менің Жаңаарқаға кеткенімді ешкім білмесін. Түнімен қаланың ішінде жүрген болайын. Әр жарты сағат, бір сағат өткен сәтте тапсырыс қабылдады деп жазып отырғайсың, – деді де екі 25 сомдықты бере салды.
Григорий содан таңғы сағат беске қарай оралды. Мына ақшаны түндегі тапқан олжасы ретінде таңертең үйде отырғанда береді. Григорий «бұл ақшаны тығып қой, кейін үш-төрт ай өткен соң керегіңе жұмсайсың» деп Ленаға қатты тапсырады. Бірақ ол депозиттің процентіне қызығып, банкке әкелген екен. Осыны баяндаған Лена ботадай боздап отырып, Григорий өзін өлтіретінін, сондықтан өзінің айтқанын құпия ұстауды тергеушілерден жалынып өтінеді. Сөйтіп Ленаның жеке басының амандығын ойлағандықтан оның жауабы сот отырысында жария етілмеуге шешім қабылданып, айғақ ретінде қылмыстық іске тіркелді.
Григорий сезіктенбес үшін Лена жауап алысымен дереу үйіне қайтарылды. Әйелдің қолындағы ақша бригадирге берілген соманың небәрі үштен бірі ғана. Сонда қалғаны қайда болмақ?! Әрине, Андреевте.
Ленаның берген жауабы – нақты айғақ. Бригадирдің өлімі Андреевтің қолымен жасалғанына дәлел. Ал, қылмысын қалай мойындатқан жөн? Ол үшін қалған ақшаны табу керек. Қайдан? Алпамыс тергеушілерімен өткізген жедел кеңесінде қалған ақшаны табу үшін Ленаның үйіне тінту жүргізу керек деген ұйғарымға келді.
Сөйтіп қалған ақша көңілдесінің пәтерінен Григорийдің тыққан жерлерінен табылды.
Жауап алу сәтінде күдікті Григорий Андреев қылмысын мойындамауға барын салып бақты. Табылған ақшаны өзінің жинап-тергені екенін айтып, бригадирдікі дегенді жала жауып отырсыңдар деп байбалам салды.
Күдіктілерден жауап алуға арналған бөлмедегі айтылған әр сөзді сырттан бақылап, тыңдап тұрған Алпамыс сол сәтте ішке кіріп келді. Кірген адамға жалт қараған Григорий сол кездегі лейтенант Елеуовті бірден танып, түрі бұзылып кетті. Оның бет құбылысын жіті аңғарған майор:
– Күдікті Андреев, есіңде ме Ерланды қалай өлтіргенің? Ақшасына қызығып, кеншіні де солай өлтірдің! Дәл сенің қолтаңбаң! – деген жұлып алғандай нық үнмен.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ