Таяуда ғана дүниеден өткен белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек САЛЫҚОВ газетіміздің белсенді авторларының бірі болатын. Ол кісінің ұшқыр қаламынан туған талай мақалалар мен өлеңдер «Егемен Қазақстанда» жиі жарияланып тұрды. Ақын қайтыс боларынан аз ғана бұрын редакцияға келіп, өзінің соңғы кездері жазған бір мақаласын өз қолымен тапсырып еді. Қаламгер ағамыздың сол бір дүниесін, рухы риза болсын деген ниетпен, бүгін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Кейде бір досыңды еске алғанда, аса қадірлі деуге татитын бір мінезі естен қалмай, жақын тарта түседі. Өлкеміздегі белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, Жезді, Ұлытау аудандарының құрметті азаматы, ел ағасы болған Мәкен Төрегелдинді көп жылдар аралас болғандықтан жақсы білемін, жақсы көремін. Ал, естен кетпес бір ғажайып мінезі өмір құбылыстарын алыстан сезгіш қырағылығы, сақ қырандай сергектігі мен алдағы нысанаға жан-тәнімен беріле құлайтындығы қуантатын. Көкірегінің көзі бар, керек істі алыстан болжай білгіш кемеңгерлігі аса жинақы көсеми мінезінен туындаған деп түсіндім. Бұл туралы Л. Н. Толстой: «Ұлы іске ұмтылсаң жаныңның барша күші бір бағытқа ұмтылу керек»,деген екен. Сол сияқты қандай жұмысты қолына алса да, одан белгілі нәтиже шығарғанша Мәкен аға тынбайтын.
«Жетіқоңыр», кейін ХХІІІ партсъезд атындағы қой шаруашылығымен айналысатын совхозда директор болып жүргенінде алғашқы рет кездескенім бар. Мен Қ. Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия комбинаты парткомының хатшысы кезім, бірде әдейі арнап іздеп келіпті. Шаруасын айтып алдында бірер күн бұрын телефонмен уәдеслескеніміз бар. Сол келісім бойынша жақсылап сұхбаттастық та, мәселенің түйіні совхозға комбинаттың көмегінің қажеттігі болғандықтан, комбинаттың директорына алып бардым. В. Гурба екеуі таныс екен, шүйіркелесе кетті. Мәкен аға шаруасын айтып, екеуміздің алдағы демалыс күні түске таман совхозға келуімізді сұрады. Виктор Васильевич келісімін берді, тек қана балықшыларды ертерек аттандыратынын ескертті. Сарысудың бір жақсы жағалауына орналастыруын сұрады. «Ол сөз емес, бәрі орынды шешіледі» деп Мәкең аттанып кетті.
Біз Жетіқоңырға барғанда көктемнің жазға салым ең шуақты да, қызықты кезі ғой, қызғалдақтар бүкіл далаға сән беріп, ал сол жылы шайыр өте қалың шықты. Оны жинауға кеншілер рұқсат сұрап, жазда малға азық дайындайтынын жақсы білетінмін. Биылғы шайыр көз қуантты, күміс сағым жылт-жылт етіп ойнап тұр, алыстан төлін шұбыртып ақ бөкендер өтті. Бәрі қызық, бәрі қуанышты, ал, Жетіқоңырға жетіп, директордың кабинетіне кірсек, қырғын айғай, аласапыран айтыс жүріп жатыр.
Директормен қатты қаһармен дауласып жатқандар әскери адамдар, бір полковник және подполковник пен капитан бар. Ауылдың адамдарын үйлерінен шығарып көшіруге дайындаңыз, қару-жарақтың ашық жарылған сынағы өткеннен кейін адамдарыңызды қайтадан әкеліп береміз дейді. М. Төрегелдин: «Біз сіздердің бұл әрекеттеріңізден жалықтық, бұйрықтарыңызды орындамаймыз» деп қасарысып бой бермей тұр. Сол кезде Гурба да кірісіп кетті, өзінің кім екенін сыпайы ғана таныстырды. Баппен бастап: «Жолдастар, сіздер Ұлытау маңайын, Сарысудың жағалауын мүлде былықтырып, барлық адамдарды мезі қылдыңыздар, тексере келсе жаман ауруға да шалдықтырып бердіңіздер, ендігі жерде бұл бассыздықты құрту керек», – деп тоқтады. Әлгі полковник: «Онда сіздің хақыңыз жоқ, кіріспеңіз. Біз Қорғаныс министрінің бұйрығын орындап жүрміз», – деп шапши бастағанда, Гурба «жарайды ендеше» – деп Қарағандыға телефон соғып, тез арада сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Банниковке бірнеше жылға созылған барлық ауыр жағдайды айтып, «тоқтатуыңызды сұраймын» деді. Көп ұзамай әскери жігіттерге Сарышағандағы бастығы телефон шалып, жедел қойғызды. Мәкен ағай: «Рахмет, Виктор Васильевич, бес жылғы соғыстан аман оралғанда, енді мына халқымның осындай қасіретке ұшырап жатқанын көріп, жанымды қоярға жер таба алмай жүр едім», – деп көзін сүртті де, шай алдырып, райынан қайта бастады.
В. Гурба Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан комитетінің Орталық партия комитетінің мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғандықтан, Мәкен аға: «Дұрыс болды сіздердің келгендеріңіз, енді бұл масқараны толығымен тоқтатуға ат салысыңыз», – деп асқынған апатты түбірімен тоқтатуға кірісті. В. Гурба: «Макен Торегельдинович, вы об этом напишите и это заявление привезете мне», – деп тікелей айтты. Әне, содан кейін бұл қорлықтан ел-жұрт арыла бастады. Қайда барсаң да, тіпті, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының арасында да бүкіл совхоздарға баратын жолдар да дөңкейіп, атылған ракеталардың қалдықтары жататын. Ендігі жерде оны жинайтын және ғарышқа атылған ұшақтардың қалдықтарын қоса әкететін арнайы әскери бөлімше пайда болды.
Мәкен Төрегелдин 1923 жылы 9 мамырда Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақбай кентінде дүниеге келді. Алғашқы білімді Қарсақбай орта мектебінде алды. Кейінгі жылдары Қарқаралы зооветтехникумын, Жоғары Партия мектебін тәмамдады. 1939 жылы 16 жасында Қарсақбайдағы Жезқазған мыс комбинатының геологиялық-барлау конторында қатардағы жұмыскерден бастап, тыңғылықты еңбекқорлығымен көзге түсіп, коллекторлық жұмысқа көтеріліп, одан кейін лаборанттық дәрежеге жетті. Бұл кезде Жезқазған мыс комбинатының геологиялық бөлімін, содан кейін Геологиялық дербес конторын Қ. Сәтбаев басқарыпты. Мәкен Төрегелдинге тағдырдың тартуы бұйырып, қазақтың ұлы ғалымы Қ. Сәтбаевтың қарамағына ілікті. Нағыз арпалысты жұмыстың қызу кезі болатын, аз уақытта Жезқазған кен орнындағы мыстың қорын күрт көбейту жолындағы аласапыран жұмыста коллекторлар, лаборанттар майдандағы жауынгерлерге ұқсап жан аямас талпыныспен өз міндеттерін мінсіз орындайтын. Ұлы ұстаздың ұлағатты саясында қызмет ету Мәкен Төрегелдин үшін үлкен бақыт болып, бүкіл өмір жолын меже шамдай айқындап тұрды.
1942 жылдың ақпан айында Мәкен Төрегелдин өз еркімен сұранып, әскер қатарына алынды. Жалынды жас жігіт Украинадан Ташкентке көшірілген Қызыл Тулы Харьков әскери-химиялық училищесіне оқуға жіберілді. Ұлы Отан соғысының ауыр жағдайы тәртіпті де орнықты Мәкен Төрегелдиннің оқуға, соғысқа деген жауапкершілігін әлдеқайда күшейте түсті. 19 жасар қыршын жас қазақ лейтенант атағы бар командир ретінде Сталинград түбінде соғысқа кірісті. Алғашқы кезде взводтың командирі болса, көп ұзамай жинақы да қажырлы мінезімен патриоттығы ескеріліп, рота командирі болып қызу айқаста жүрді.
Қарсақбайдан келген жас үшін бұл зор мәртебе,ішкі намысын қыздыра түсті, айбынды командир талай ерлік көрсетті. Сталинградтан кейін Украина, Бессарабия, Румыния, Болгария, Венгрия, Югославия, Австрия (Лиенц), Альпі тауларындағы жол жоқ, тайғақ кешуі көп қиын да, аса күрделі жорық жолдарынан жеңімпаз айқастармен өтуде ұлы жеңістің куәгері ғана емес, тамаша жеңіскерлердің бірі болып аман-есен оралды.
Елге келерінің алдында Ульянов қаласындағы «Выстрел» атты курсты тыңдады. Кім білсін, әскери қызметте қалдырмақшылар болды ма, әйтеуір бұл оқуын да тәмамдап Қарсақбайға келіп, № 3 орта мектепте әскери жетекшілік етті. Майданнан жеңіспен оралған атпалы жігіт басшылардың көзіне түсіп, Жезқазған аудандық комсомол комитетінің хатшылығына сайланды. Қаһармандық өтіп, енді, саясаткерлікке тұңғыш қадам басты. Ол кезде Жезқазған ауданының орталығы Қарсақбайда болатын. Бұл – комсомолдың беделі өте күшті кезі, сондықтан да мінезінің орнықтылығы жұмысқа үлкен ыждаһатпен қарайтын жауапкершілігін ескере отырып, М. Төрегелдин (1948 – 1952) Жезқазған аудандық халық депутаттары кеңесінің атқару комитетінің жауапты секретары қызметіне жоғарылатылды.
1952 жылы Қ. Сәтбаевтың бастамасымен құрылған Жезді геологиялық барлау экспедициясы бастығының орынбасары қызметіне шақырылып, оны ойдағыдай атқарды. Жалпы бұл жұмыс – Жезді марганец кен орнының болашығын айқындау жолында жасаған Қаныш Сәтбаевтың көрегендігі еді. Ақыры бұл жұмысты ұлы ғалым Жездінің геологтарымен, басқа да М. Төрегелдин сияқты беделді де, берекелі азаматтарды қосып, соғыстың бастапқы жылында аяқтап, Жездідегі марганецтің нақтылы запастарын анықтап, керегінде рудникті аша қоюға мұқият дайындады. Соның арқасында фашистер Украинадағы Никополь марганец руднигіне қатынасты үзіп тастағанда, аз уақытта Сәтбаевтың бастауымен Жезді марганец кен басқармасының атағы алысқа жетті. Марганецтің қоспасынсыз қару-жарақ жасайтын құрыш құйылмайды. Сондықтан, бұл жұмыстың асылдығын 1942 жылы ел көрді.
1955 жылы М. Төрегелдин аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы болып бекітілді. Кеңес Одағында мемлекеттік бір келелі жұмыс болса, ол осы жоспарлай білу тәртібі. Мәкен аға бұл игілікті істі де игеріп алды. Әне, соның арқасында 1956 жылы Жезқазған аудандық халық депутаттары кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына бекітілді. Содан кейін, Хрущевтің апыл-тапыл өзгерістері келіп, Жезді ауыл шаруашылық басқармасы құрылды. Басқарма бастығының бірінші орынбасары болып М. Төрегелдин бекітілді. Көреген басшылар Төрегелдинді нақтылы жұмыста өзін көрсетіп, тәжірибе алсын деп, 1968 жылы жоғарыда айтылған КОКП ХХІІІ сьезінің атындағы қой шаруашылығымен айналысатын үлкен совхозға директорлыққа тағайындады. Күрделі істі қолға алып, елді басқарар қайраткерлікке жету жолында бұл да өте құтты қызмет болып, Төрегелдиннің еңбек жолында үлкен белес орын тепті. Міне, содан кейін 1970 жылы Қарағанды, кейін Жезқазған облысына қарасты Ұлытау, Жезді аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып сайланып, бұл өте жауапты һәм зор беделді қызметті 1985 жылы одақтық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққанша табаны күректей 15 жыл абыройлы атқарды.
Мәкен аға зейнетке шықса да, жұмысты тастамады. Әуелі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында мелиорация және химизация жөніндегі аға маман қызметін атқарды. Содан кейін 1986 – 1989 жылдары Жезқазған облыстық аймақтық тарихи мұражайында бөлім меңгерушісі болды. Міне, осы кезде әлі де мығым күші бар қарт қыран өте қажет әрі қасиетті де, ұлағатты жұмысты көздеп, ғылыми-зерттеу бөлімінің негізінде Жезді кентінде тау-кен және балқыту жұмыстарының тарихына арнап мұражай құрды. Өзі сол мұражайдың директоры болып, барша жұмысын кемеліне келтіре құрастырып, үлкен өндірістік-тәжірибе алаңы дерлік тарихи мұражай ашылды. Қазақстандағы һәм Жезқазғандағы тау-кен жұмыстарын толығымен көрсетіп, ерте замандарда Ұлытауда бабаларымыздың мыс балқытқан тәсілімен шағын балқыту алаңын салып, онда алғашқы балқытудың тұсаукесеріне Қазақстан Респуликасының Президенті Н. Назарбаевты шақырды. Нұрсұлтан Әбішұлы келіп, сол мыс балқытудың ескі әдіспен жасалатын құпиясын өз қолымен ашып берді. Бұл бір тарихи күн болып қалды. Қарсақбайдағы ескі техниканы жеткізді. Тар табанмен жүретін паровозды вагондарымен көрмеге қойды. Жер астындағы тау-кен техникасы әр кезеңдегі түрлерімен түгел көрсетілді. Ғылыми-техникалық жұмыстардың базасы жасала қалды.
Бұл мұражай тек қана техникалық дәрежеде қалып қоймай, аймақтың мәдени, әлеуметтік, рухани үлгілерін көрсететін жәдігерлерді молынан орнатты. Өңірдің флорасы мен фаунасы да мұражайды көркейтіп тұр. Бұл мұражай Қазақстанда һәм бүкіл Орталық Азияда теңдесі жоқ қалпымен әлі де М. Төрегелдиннің үлкен ұлы Рүстемнің басшылығымен жұмыс істеп жатыр. Айтуға бәрі жеңіл көрінеді, ал осы келтірілген істерді жасау ерен еңбектердің ғана қолынан келетін ауыр жұмыс екенін түсіну керек. М. Төрегелдин төңіректегі аса беделді қайраткер болғандықтан, дер кезінде Қ. Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия комбинатының көмегін қарымды қарқынмен қамтып қалды, ғажайып мұражай салып, өзіне деген ескерткіштің тұғырын орнатып кетті.
Қазақтың асыл перзенті, Ұлытау – Қарсақбай – Жезді – Жезқазған өңірінің ұлы азаматының еңбегін туған елімізде, бұрынғы Одақта лайықты бағалады. Мәкен Төрегелдин «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденіне соғыста жүргенде иегер болды. Майдангер үшін бұл зор баға – 1985 жылы осы орденнің І дәрежелісі берілді. Барлық саны 16 медальмен марапатталыпты, соғыстағылары басым болса да, бейбіт күндергі еңбектегі ерендігі үшін алған медальдары да аз емес және өте бағалы белгілер. Мәкең «Жезді және Ұлытау аудандарының құрметті азаматы» атағына иегер болған елдің елеулісі. Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің құрметті профессоры. Бұл атақ та жастар арасындағы қасиетті де, өсиетті еңбегі үшін беріліп отыр. Мұражай 2000 жылдан бастап Жезқазған университетімен ынтымақтастық келісімшарт негізінде жұмыс атқаруда. Музей университеттің ғылыми-әдістемелік базасы ретінде танылған.
Мұражайдың жұмысы партия қайраткері Мәкен Төрегелдинді республика көлемінде танымал үлкен қоғам қайраткері етті. Ол музей директоры ретінде ғылыми кеңеске де жетекшілік етті, облыстық «Дулығалы» қоғамдық қорының президенті болғандықтан, аймақтағы тарихи, рухани мәселелерге ат салысып отырды. «Тайқазанның» дәлме-дәл көшірмесін Балқашта құйдырып, Түркістанға сыйға тартты, осы еңбегі үшін «Түркістан қаласының құрметті азаматы» атанды. Ұлытау – Торғай өңіріндегі тарихи маңызды істерді мұқият зерттеп, нәтижесін елге жеткізуде атқарған еңбектері бір төбе. Ол білгендерін университеттің студенттеріне де жеткізе білді, көптеген мақалалар және екі кітап шығарды.
Мәкен Төрегелдин жолдас-жораларымен, қызметтес әріптестерімен, майдандас достарымен ара қатынасын үлкен өреге жеткізе білетін мейірбанды, ұлтжанды, адамсүйгіш, азаматтық борышына кір түсірмес парасаттылық танытты. Мысалға, майданда қаза тапқан бір үйдің жалғыз баласы, өзінің қимас жорықтас досы болған Николай Ельцовтың ата-анасына саулығының мықты кезінде әр жылда Кавказға бір рет барып тұратын, кемпір мен шалдың өз баласындай көмек көрсететін. Міне, достыққа деген парызын ақтау жолының нағыз адамгершілік үлкен кісілік, қазақы бауырмалдық, мейірбандығын өте жоғары дәрежеде танытқаны осы деп білемін.
Мәкен аға әкеден ерте айырылса да анасы Мейіздің тәрбиесінде болып, шаңырағын шалқытты. Мейіз шешейдің қолынан дәм татып, батасын алып едім, ол кісі бүкіл әулеттің демеушісі, ақылшысы, жебеушісі болатын. Мәкен мен Әлима жеңгемізден туған 4 ұл, 1 қыз қанат жайды. Рүстем, Серік, Марат, Ерлік, Бақыт бәрі де ержетіп жақсы өрендер болып кетті. Мәкен ағаның артында оннан астам немере, оншақты шөберелері өсіп келеді.
Мәкен ағамен үзеңгілес, қатарлас қызмет атқарып жүрдік. Ол кісі аудандағы мен қаладағы партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезімізде есте қаларлықтай талай кездесулер өтті. Әсіресе, жазғытұрым егін салу, күзде егін ору жұмыстарында қаланың көмегі күшті болды. Кейде облыстық бастықтарым Жездідегі егін орағы жайлы ақпаратты менен сұрайтын күндері де болды. Мен ешқандай бөтен мінез білдірмей, көмектесуден аянбадым. Мәкен ағайдың сыйластығы да өте зор болатын. Сондай бір қызу науқанды кездерде бірнеше күн бірге болудың арқасында Қоскөлді де, Арғанатыны да, Қорғасын руднигінің қалдығын да көрдім. Мәкеңнің бұл өңірді білетіндігі маған да зор сабақ болды.
Мәкен аға байсалдылығы, ұстамдылығы, ерекше біткен сыпайлығы кербездікке тартатын зиялыдан да жоғары бекзат кісі болатын. Ол ағамен бірге жүру кісіліктің нағыз ашық сабағы деп білемін. Биыл есен болса, М. Төрегелдин 90 жасқа келер еді. Әттең, ажал ертерек алып кетті. Ардақты аға, топырағың торқа, иманың серік болсын. Сенің есімің ел есінде мәңгілікке қалары айдан анық!
Кәкімбек САЛЫҚОВ.
Суретте: (ортада) ақын К. Салықов пен мұражай меңгерушісі М. Төрегелдин.
(«Егемен Қазақстан», 2013).