Жезқазғанның шетінде Қабанбай батыр деген шағынаудан бар. Соңғы он жылда қараусыз қалған. Мәселен – жол, ауыз су, сапалы электр жарығы. Айта берсе ауыз толады. «Оны шешуге келгенде жергілікті билік өкілдері салғырттыққа салынып отыр», – дейді тұрғындар. Бұл жергілікті БАҚ-тарда көтеріліп келеді де. Десек те, баяғы жартас – сол жартас. Проблема әлі шешілмеген.
Батыр атамыздың есімі берілген ауданда шешілмей тұрған проблема шаш етектен. Өзектісі – тұрақты берілмейтін ауыз су мен жарық. Кәріз жүйесі, жылу мен газ мәселесі де қарашаның жүйкесін тоздырып, қалтасына салмақ түсіріп келеді. Бұл проблемалар бүгін туындаған жоқ. Сорақысы сол, елдімекеннің жағдайын түзеуге жергілікті бюджеттен қаражат жылда бөлінеді. Бар гәп оның игерілуі мен мемлекеттік тапсырысты ұтып алатын мердігерлердің шала жұмысында жатыр.
– Сумен қамтамасызету жұмыстарын 2012 жылы бастаймыз деп уәде берген. Содан 2014 жыл болды. Құжаттарға қол қойылды, ақша бөлінді, енді бастаймыз деді. 2015-2016 жылдары жер асты сулары сыртқа шықты. Барлығымыз жабылып төтеншеліктерді шақыртып, оны сорғыздық. 2017 – 2018 жылдары әкімдіктегілер сендерде жер астысулары жоқ дейді. Бізде барлық дәлел бар. Әйтеуір дегенде сумен қамтамасыз ету жұмыстары басталды. Бірақ тағы аяқсыз қалды, – деп ащы шындықтың бетін жайып салды, Қабанбай батыр шағынауданының тұрғыны Марина Яскунова.
Оны ауылдасы Аяна Мукеева толықтыра түсті:
– Халыққа қиындық туғызып тұрған – ауыз су. Халыққа ең бастысы ауыз су керек. Газға қосылыңдар деп жатыр. Жарайды, халық көнеді оған. Бірақта 60 үйге газ колонкасы қойылмаған. Бізді бір ұмытып кеткен сияқты. Су болсын, жарық болсын, жылу болсын. Бүгінгі күні ауылда ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ, – дедіол.
Ауыз судың жыры осымен тоқтамайды. 2017 жылы ауданға ауыз су құбырларын тарту жұмыстары басталған. Жерді ешқандай тексерістен өткізбей, мердігер бірден құбырларды тарта бастаған. Ал, жерді қазған сайын, жер астысулары шыға берген. Мердігердің сөзіне сенсек, жұмыстың толық аяқталмауы, тұрғындардың кінәсі. Өйткені, септикте толған су, жердің астынан шығатын көрінеді. Жезқазған қаласына су желісін қайта жаңғырту мен қайта қалпына келтіруге 10 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Оған бұл аудан да кірген. Газдың қажеті не, бізде ауыз су болмаса деп налиды тұрғындар.
Жарықтандыру мәселесі де көкейкесті күйінде қалуда. 2022 жылдың қыркүйегінде шағынауданның электр жүйесін айрбастауға қаржы бөлінген. Келісімшарт бойынша 2022 жылдың 31 желтоқсаны аяқталуы тиіс еді. Алайда, бұл жұмыс та тұралап тұр.
Құжат жүзінде Қабанбай батыр ауылына газ берілген. Жарық бағандары орнатылған. Алты жылдан бері су құбырлары тартылып келеді. Ал, ауылдың шынайы көрінісі қағаздағыдан мүлдем бөлек. Сондай-ақ, 300-ге жуық үйдің іргесіне көгілдір отын келгенімен, халықтың оны баспан аішіне дейін тартып кіргізуінем үмкіндігі жоқ. Қарашаның дені әлеуметтік осал топқа жататындықтан, қомақты шығынды қалталары көтермейді. Осы ретте айта кеткен жөн, аз қамтылған отбастары мен жалғыз басты зейнеткерлерге әкімдік тарапынан 250 мың теңгеден берілмек.
– Қазандық биылғы қыстан әзер шықты. Оның тозығы бүгінгі таңда 100 пайызға жетіп тұр. Оны қалыпқа келтіру өте қиын, өте қымбат. Сондықтан, азаматтарды газ жүйесіне көшуге үгіттейміз. Сол үшін біз қалалық сессияда бюджеттен бөлінетін субсидияның аз қамтылған азаматтарға пайызын көбейттік. Біз шілде мен тамыздың ішінде жұмыстарды аяқтауға дайынбыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов.
Жезқазған қалалық прокуратурасы барлық дәйектерді тексеріп растаған. Тұрғындар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментіне де арызданыпты. Әзірге бұл былыққа жол берген шенеуніктер де, жұмысын шала орындаған мердігер де жауапқа тартылған жоқ. Ал, облыс басшылығы жиында көтерілген барлық мәселе екі айда шешіледі деп кезекті уәдесін үйіп-төкті.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.