Жезқазған өндірістік аймағында корпорацияның нысандарына түрлі бөлшектер дайындауда өзіндік тәжірибесі қалыптасқан құю-механикалық зауытын көпшілік осылай әспеттейді. Күрделі және орташа деңгейдегі бөлшектерді дайындауда бір арнаға тоғысқан металлургтердің кәсібилігінің арқасында шахта, фабрика мен мыс қорыту зауыты қапысыз еңбек көрігін қыздыруда.
Бірнеше цехта тұратын зауыттың жұмысында әр үлгіде болат құю цехы мен шойын құю цехының алар орны ала бөтен.
Металлургтердің кәсіби мерекесі қарсаңында зауыттағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Асқар Құлмағанбетовпен бірге аталмыш еңбек ұжымдарында болып, олармен мереке алдында тілдесіп қайтқан болатынбыз. Металлургияның майталманы атанған Болат Наурызбаев басшылық жасайтын цехта болаттан өндіріске қажетті бөлшектер дайындалады. Атшаптырым аумақты алып жатқан цехтың ішінде қайнаған қызу еңбек қарқын алған. Болат өңдеуші, шихташы, электр-газбен дәнекерлеуші, кесуші сынды кәсіп иелерін бір телімге топтастырған өндірістік үдерістің құдіреті өнімді еңбектің нәтижелі болуына жол ашады. Телімнің шебері Қаныш Манабаев күтіп алып, бірден еңбек озаттарымен таныстырды.
Еркін Ертісбаевтың бұл ұжымда еңбек еткеніне биыл 31 жыл толыпты. Жаңаарқа ауданы Ералиевка ауылының тумасы әуеліде мәдениет саласын таңдаған. Сәтбаев қаласындағы мәдени-ағарту училищесін халық аспаптар бөлімінің домбыра класына оқуға түсіп, екі жыл әскерден соң аяқтап, жолдамамен Тайжан қалмағанбетов атындағы филармонияға жұмысқа орналасты. Алайда, тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда өнердің күйісі кетіп,мәдениттің мәні қашты. Күн көрерлік жол өндіріс екенін түсінген Еркін Есмағанбетұлы зауыттың әр үлгіде болат құю цехына жұмысқа қабылданды. Содан бері осы ұжымда саланың дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
Еңбек жолын болат тазалаушыдан бастаған Еркін Ертісбаев арада бес жыл өткен соң термопешке болат үйдіруші болып ауысты. Тоқтар Жақашевтың бригадасындағы термо өңдеу пешінің тілін тапқан Еркін Есмағанбетұлы жас мамандардың тәлімгері.
– Өнер саласынан өндіріске бет бұру алғашында қиын болғаны рас. Мәдениет пен өнердің әліппесін арнайы оқу орнында меңгерсем, өндірістің тілін тәжірибеде жинақтадым. Болаттан түрлі үлгідегі бөлшектер дайындаудың өзіндік қыр-сыры барын сол кезде ұғындық қой. Шыңдалу мектебінен өтіп, жас мамандарды тәрбиелеп жатқан жайым бар. Қайрат Қожабеков, Сергей Дигдерев сынды жас мамандар біздің үмітімізді ақтайтынына сенемін, – дейді Еркін Ертісбаев.
Еркін Ертісбаев
Ұжымдағы еңбек озаттарының сапынан аты аталып жүргендердің бірі – Нұрпан Дүкембаев. Қара шаңырақ – Қарсақбайдың тумасы Нұрпан Омарұлы бұл цехқа 1996 жылы жұмысқа орналасқан. Әуеліде газбен кесуші болған Нұрпан Дүкембаев ширек ғасырдан соң шихта дайындаушы болып бекітілді.
Болаттан жасалатын бұйымдардың төзімділігін барынша ұлғайту мақсатында түрлі қоспалар дайындалып, бөлшектің құрамының берік бола түсуіне септігін тигізеді. Бұл ретте шихта дайындаушылардың атқаратын рөлі маңызды. Нұрпан Омарұлы ізінен ерген шәкірті Ғабит Елшібеков екеуі бұл міндетті мінсіз атқарып келеді.
– Алғашында газбен кесуші болып жүргенде болаттан бөлшек жасаушылардың жұмысына қызығатынмын. Сол қызығушылықтың нәтижесінде бүгінде шихта дайындаушы кәсібін де игеріп алдым. Қасымдағы жас маман Ғабиттің бұл кәсіпке деген ынтасы ерекше. Бұрын газбен кесуші болып еңбек етіп жүргенде қатар еңбек еткен Серік Әлібеков, Кенжебек Нәжіменов, Владимир Николаев, Дінмұхамед Ибайдулла, Дінмұхамед Исаев сынды жігіттердің шеберлігінің арқасында межелі міндеттерімізді орындап отырмыз, – дейді Нұрпан Дүкембаев.
Нұрпан Дүкембаев (сол жақта)
Зауыттағы цехтардың атқаратын қызметі әртүрлі болғанымен олардың мақсат-міндеттері бір. Тапсырыс берушінің өнімін сапалы әрі өндірістік үдеріске төзімді етіп дайындауда мінсіздік бірінші орында болуы керек. Міне, осы қағидамен жұмыс атқарып отырған зауыттың келесі желісі – шойын құю цехы.
Нұрмұханбет Әжіғұлов басшылық жасайтын цехта бес бөлімшенің жұмысы жолға қойылған. Атап айтқанда, үлгі құю, балқыту, өңдеу, жөндеу, құрамдық-материалдар дайындау бөлімшелері. Бұлар тұтас цехтың сапалы өнім өндіруінің кепілі саналады.
Нұрмұханбет Ідірісұлы бұл салаға өткен ғасырдың сексенінші жылдарында келген. Қарағанды политехникалық институтын 1981 жылы инженер-металлург мамандығы бойынша тәмамдап, жолдамамен осы өндіріс ошағына келген ол саланың барлық сатынысан өтті. Цех басшысының орынбасары, цех басшысы, зауыттың бас инженері, металлургі сынды жаувпты қызметтерді атқарған Нұрмұханбет Әжіғұловтың 42 жылдық еңбек тәжірибесі жастарға үлгі. «Еңбек даңқы» төсбелгісінің толық иегері атанған Нұрмұханбет Әжіғұлов еңбек ұжымының тыныс-тіршілігін бізге былайша баяндады.
Нұрмұханбет Әжіғұлов
– Біздің негізгі міндетіміз модельдеу цехынан келген жоба бойынша шойын және тағы да басқа металл түрлерінен бөлшекті дайындау. Цехтың бес буынында әртүрлі үдерістер жүзеге асады. «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік құрылымдарынан келіп түстетін тапсырысқа сайбіз өз міндетімізді 100 пайыз орындап отырмыз. Мереке қарсаңында ұжымды алға сүйреп жүрген еңбек озаттарын атап кеткен жөн болар. Шеберлер Ербол Жанбаев пен Нұрдәулет Ерғалиев, цехтың технологі Данияр Әлиякбаров, электрмеханик Ерболат Махатов, Өңдеушілер Нұрғали Сайдалинов, Айтқали Сәулембеков, Станислав Моторин, Бақыт Есімсейтов, Ерхан Айтмағанбетов, Бекмұханбет Әбілдин, Төлеухан Тұрғанбаев, аспалы кран машинистері Людмила Черная, Нұрбала Махметова ұжымның мақтанышы. Жұмысты үйлестірушілер Жеміс Жауыртаева, Алмаш Биболова, химиялық зертхананың зертханашылары Анжелина Севостиянова, Лаура Қуандықова, сапа бақылау бөлімінің маманы Елизавета Вольт, электрик Дүйсенбек Төребеков, «ЗиЛ» жүк көлігінің жүргізушісі Имантай Омарбековтің еңбектері ерен, – дейді Нұрмұханбет Әжіғұлов.
Шойын құю цехының үлгі құюшылары солдан-оңға қарай: Еркебұлан Жәркебаев, жас маман Аңсар Әдиетов, Нұрсұлтан Әбілдин.
Елімізде түсті металлургияның дамуында өзіндік бет-бейнесі қалыптасқан құю-механикалық зауытының өндірістегі өрісі осылай өрлеуде. Кезінде даңқы аспандаған еңбек озаттары мен еңбек әулеттері ортақ мүддеге қызмет еткен зауыт ұжымы төл мерекелерін табыспен қарсы алып отыр.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.