«Шеберлік сында шыңдалады» деп жатамыз ғой. Мамандығының жілігін шағып, майын ішкен майталмандардың сыналуы әрі сол сыннан сүрінбей өтіп, кәсібилігін танытуы заңдылық.
Сында сүріну дегенді білмейтін Жезқазған мыс қорыту зауыты мыс балқыту цехының еңбеккерлері «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті ұйымдастырған «Кәсіби шеберлік» байқауында білімдері мен біліктіліктерін сарап қасалды. Дәстүрге айналған байқауда аталмыш цехтың анод және конвертор бөлімшелерінің еңбеккерлері бақ сынады. Теориялық және практикалық тапсырмалардан мүдірмей өткендер марапатқа ие болды.
Металлургтердің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шеберлік байқауына қатысушыларды арнайы құрылған комиссия бақылап, үздіктерін анықтады. Байқаудың бірінші орнын балқыту цехының механикалық қызмет бөлімшесінен слесарь-жөндеуші СағындықҚұлмәжитов, анод телімінен аспалы кран машинисі Тұрсынәлі Тайғараев, анод телімінен балқытушы Болат Айдаболов пен электрпеші телімінің балқытушысы Дүйсен Салмұрзинов жеңіп алды.
Екінші орынды энергия қызметі бөлімінен телім шебері Нұрлыбай Айтжанов, балқыту цехынан телімнің аға шебері Нұрболат Сағат, анод телімінен мыс құюшы Қайрат Дәулетов, конвертор телімінен конверторшы Едіге Молдабеков еншіледі. Электрпеші телімінен балқытушы Данияр Сеилов, анод телімінен мыс құюшы Марғұлан Момбаев, конвертор телімінен конверторшы Абылай Туғанбай, механикалық қызмет бөлімінен слесарь-жөндеуші Марлен Бақытов үшінші орынның жүлдесіне ие болды.
Кәсіподақ комитетінің төрағасы Ардақ Ақылбекова байқауда бақ сынаған барша қатысушыларға алғысын білдіріп, бірқатар еңбеккерлерді арнайы номинациялармен марапаттады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.