Маманның өз ісіне деген шеберлігі мен білім-білігін айқындау қай кезде де маңызды. Әсіресе, ауыр өндіріс жағдайында еңбеккерлердің кәсібилігін шыңдап, дамыту басты рөл атқарады. Сондықтан «Қазақмыс» сынды алып компания еңбеккерлерінің қорғанына айналған «КәсіпҚорған» кәсіподағы өндіріс ошақтарында «Кәсіби шеберлік» байқауын өткізуді дәстүрге айналдырды.
Осы негізде «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС құрамындағы Жезқазған мыс қорыту зауытындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті бұл байқауды жыл сайын металлургтердің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырып келеді.
Комитет төрағасы Ардақ Ақылбекова мен цехком төрағалары бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан байқау биыл зауыттың балқыту цехының анод және конвертор бөлімі еңбеккерлерінің арасында апта басында өз бастауын алды. Ардақ Мұқажанқызының айтуынша, байқау екі кезеңде өтуде.
– Зауыттың «жүрегі» саналатын балқыту цехының еңбеккерлері өздерінің кәсіби біліктіліктері мен білімдерін теориялық және практикалық тұрғыда сынауда. Арнайы құрылған бақылау комиссиясы олардың теориялық білімі мен іс-дағдыларын саралайды. Екі күн қатарынан теориялық тқрғыда сынақ тапсырса, екі күн бойы іс жүзінде өздерінің атқарып жүрген жұмыстарын еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі талаптарына сай көрсетуі тиіс. Қатысып жатқан жиырмадан аса еңбеккердің әрқайсы жеңіске лайықты деп білеміз.
Бұл байқау дәстүрлі түрде өткізілетіндіктен цех еңбеккерлері сынна сүрінбей өтуге тырысуда. Байқау жеңімпаздарын алдағы аптада анықтайтын боламыз, – дейді Ардақ Ақылбекова.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.