Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түркі жұртына ортақ Түркістан шаһарында екінші Ұлттық құрылтайдың отырысына қатысты.
Еске салайық, Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы былтыр 16 маусымда Ұлытау облысында өткен болатын. Алқалы жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынған еді.
«Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құрылтай өтіп жатқан алаң қазақтың 12 қанатты киіз үйі тәрізді безендірілген. Әр аймақтан жиналған түрлі сала өкілдері кеше Түркістанға келіп, алғашқы секциялық жұмыстарға қатысты.
Құрылтай барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдерін қамтыды. Мұнда азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесі, жаңаша ойлайтын жастардың тың идеялары ортаға салынды.
Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы аясында жұмыс секцияларының отырысы өткен болатын. Онда «Қоғамдық консолидация», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым» жұмыс секциясына бөлінген сала мамандары ел ішіндегі мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын ұсынды.
Жұмыс секциясы отырыстарының қорытындысы бойынша, Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсынысын мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыру жөніндегі іс-шаралардың арнайы жоспары әзірленетін болады.Президент құрылтайда қасиетті мекендегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін қолдайтынын, айта келіп, қарапайым еңбек адамының мәртебесін көтеру жөнінде ұсынысын жеткізді.
Бір сөзбен айтқанда, бұл алқалы бас қосуды ұлттың руханиятының негізгі діңгегі деп білген жөн.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.