Дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі аясында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші-сазгерҚорабай Есеновтің «Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы» атты шығармашылық кеші болып өтті. Ауылшаруашылығында еңбек ете жүріп өнерін өгейсітпеген азамат биыл 75 жасқа толып отыр. Өнерімен өрге жүзген мерейтой иесін Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омар мен Жаңаарқа ауданы мәдениет бөлімінің басшысы Медет Мұқажанов құттықтап, иығына шапан жапты, астына ат мінгізді. Бұдан соң Қорекең қолға жеті шекті гитарасын алып, талай жылдан бері талмай орындап келе жатқан «Әке туралы ой», «Жас қалам» жәнебасқа да әндерін бірінен соң бірін әуелете түсті. Қоңыр кеште Қорабайдың қоңыр үні тыңдарманын тылсым иірімімен баурап алып, өнер сүйер қауым бір жасап қалды. Қазақ әндерін гитарамен тұңғыш орындап, кейінгі жастарға жол көрсеткен Қорабайды өзінің ұстазы тұтатын белгілі әнші-сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер іЕржан Белғозиев осы шараға алыстан арнайы келген екен. Ол өнер жолындағы ағасына деген ыстық ықыласын білдіре келіп, өзінің бірнеше әндерін орындап берді. Сондай-ақ, Қорабайдың Жаңаарқадағы біраз шәкірттері де сыңғырлаған гитараларымен ұстаздарының репертуарындағы әндерін орындап, кеш шырайын кіргізетүсті. «Қоштасу» әнін Қорекең олармен қосыла шырқады.
Әдемікеште әсерге бөлене отырып, жеті шекті аспаптың сиқырлы тілін шебер меңгерген әншінің өмір жолын көз алдымыздан өткізгендей сезімде болдық. Қорабай сонау алпысыншы жылдары Целиноград ауылшаруашылығы институтында оқып жүрген кезінде алғаш гитараны қазақша сөйлетіп, «Жас қалам», «Қоштасу» әндерімен жарқ етіп көрінген еді. Ол заманда бұл аспапты қолға ұстайтындар кілең орыс әндерін бебеулететін. Осыны көрген Қорабайға қазақ әндерін неге гитарамен орындамасқа деген ой келеді де қазақы әуендердің иіріміне келетін аккордтарды ойнауға машықтана бастайды. Сөйтіп, қазақ әндерін гитарамен еркін айтуға болатындығына көз жеткізеді. Алматыда 1968 жылы Целиноград қаласының он күндігі болып, соған қатысқан студент Қорабай үлкен сахнаға алғаш шығады. Сол жолы орындаған үш әні қазақ радиосы арқылы бүкіл қазақ еліне тарап кетті. Жезқазғандағы шығармашылық кешінің шымылдығын да жарты ғасырдан бері ел жүрегінен өшпей келе жатқан осы әндерін орындаудан бастады.
Кейбір музыка мамандары: «Қорабайдың жалғыз гитарасы тұтас бір оркестр ойнағандай әсер қалдырады» деп бағалаған екен. Шындығында Қорекеңнің шерту мәнері айрықша бөлек. Гитараны ұлттық аспаптың үніндей жүректі тербей отырып күмбірлетеді. Жеті шекті гитараның сиқырлы тілін шебер меңгерген Қорекең бұл аспапты қазақтың жетігеніне ұқсатады. «Жеті сым шекті аспаптың құлақ күйі де гитараға келеді», – дейді өнерпаз. Ал, ән айтқанда құлаққа жағымды қоңыр үні жеті ішектен сан құбылып шыққан сиқырлы әуенмен жымдасып, астасып жатады. Әншінің табиғи талантының ерекшелігі де осында болса керек.Оның репертуарындағы көп жылдардан бері түспей айтылып келе жатқан әннің бірі «Сурет сыры». Өлеңін жаңаарқалық ақын Еркін Игенберлин жазса, әнін де сол ауыл ішіндегі таланттардың бірі марқұм Нагаш Шимбеков шығарған еді. Бұл жолы да осы әнді шабыттана орындады. Одан әрі «Мәңгі шырақ», «Досыңның көзін ұғарсың» және басқалары бірінен соң бірі жалғаса түсті. Қорабайдың домбыра шертісі де ерен.Әкесі Әбікен домбырашы болған екен. «Құрметті теміржолшы» атанған ол кісі өнер жолын қумаса да өз жанынан шығарған күйлері бар. Қорабай да жасынан домбыра тартып өсті. Әуелде мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіндегі оркестрге қатысып, домбырамен күй тартатын.
Қорабай талай жылдан бері белгілі композитор Жағыпар Әлімхановпен тығыз шығармашылық байланыста болып келеді. Екеуі өнерде де, өмірде де ДОС болып кетті. Осы достық екеуінің Кәкімбек ағаларымен жақын араласуына себепші болды. Жағыпар көптеген әндерін ақын Кәкімбек Салықовтың өлеңдеріне жазғаны белгілі. Осы шығармашылық байланыстың жемісі ретінде «Аққу әні», «Досыңның көзін ұғарсың», «Мәңгі шырақ» сияқты шығармаларын айтуға болады. Бұлардың сөзін Кәкімбек ағамыз жазса, әнін Жағыпар шығарып, халыққа Қорабайдың орындауында тарады. Кәкімбек Салықов ағамыз: «Қорабай әншілік әлеміндегі зор құбылыс, қазақ сахнасында гитарасымен қоса сан тармақты жаңа әуез сырын ашқан сонны буын, заманға сәйкес туған ерекше дара тұлға» деп баға бергені бар. Қазақ өнерінің белгілі тұлғалары Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев, Ақселеу Сейдімбек те кезінде Қорабайдың өнері мен азаматтығына жоғары баға берген болатын. Этнограф-жазушы Ақселеу ағамыз: «Қорабай тәңірдің бізге берген сыйы, оның феномендігі әр әнге тамыршыдай бойына жан бітіріп өзіндік бояумен рең беретін хас суреткерлігінде. Бұл екінің біріне дари бермейтін қасиет» деген еді. Бұдан асырып не айтамыз.
Қорабай Есенов кеңшарда агроном, ауылшаруашылығын химияландыру мекемесінің және астық қабылдау кәсіпорнының басшысы сияқты үнемі науқандық жұмыстары таусылмайтын салада жүрсе де өнерден қол үзіп кеткен жоқ. Ол өнерді өлермендікпен қуған да жан емес. Алайда, табиғат берген дарын мен таланттың арқасында өнер ауылынан алыстай алмады. Өйткені, оның өмір жолы өнермен егіз өрілген еді. Халқы қолқаласа қолына гитарасын алады, сазды әуенін қоңырлата шырқайды. Айтпақшы, Қорабай Есеновтің орындауындағы бірнеше әні Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Қарағанды облыстық теледидарының қорында да айшықты мұралары бар. Бірнеше ән таспалары жарық көрген. Ауылшаруашылығында жеткен жетістіктері үшін Қорекең 1999 жылы Қазақстан республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды, рухани өмірдегі еңбегіне орай 2001 жылы Министрліктің «Мәдениет қайраткері» белгісіне, 2013 жылы Президент Жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды. Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы. Екі мәрте республикалық байқаудың лауреаты атанды.
Өнер майталманының жолын қуған шәкірттері де аз емес. Тәуелсіздіктен бергі 30 жылдың өзінде еліміздің әр түкпірінен Қорабайға еліктеп бард әншілер шыға бастады. Солардың қатарындағы Табылды Досымов пен СейілАяған марқұмдарҚорекең мен ауық-ауық жүздесіп тұруға асығатын. «Аға, мен сізді тағы іздеп келемін, сіз аңыз адамсыз. Ал, аңыз адамды арттағыларға жеткізубіздің міндет» деген Табылдының өмір жолының ерте қиылғаны қандай өкінішті! Қазақстанның халық артисі, дүлдүл әнші Қайрат Байбосынов: «Біз Қорабай ағаның әні арқылы өнерге ғашық болғанбыз», – десе, бүгінде ел алдында гитараларын сыңғырлатып ән салып жүрген Нұрлан Өнербаев, Гүлмира Ақүрпекова, Баян Нұрмышева сияқты әншілер де жас кезінде Қорекеңе еліктегендерін жасырмайды. Олай болса, Қорабайдың қоңыр әуені қазақ даласында әлі талай қалықтап, өшпес өнері өрістей берері анық.
Амандық Рахұлы