Кеншілер мен байытушылардың, металлургтер мен түрлі сала мамандарының басын бір арнаға тоғыстырған «КәсіпҚорған» кәсіподағы еңбек адамының құқығын қорғаумен қатар, еңбек демалысы кезінде олардың еліміздегі шипажайларда ем алып, тынығуына да мол мүмкіндікберіпотыр.
Кәсіподақ тарапынан қалыптасқан жүйенің қызметін пайдалануға ниетті еңбеккерлердің қатары да қалың. Кеңес заманында батпақты емі мен тұзды суымен аты шыққан Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы шипажайдың емі көпке шипа болып даруда. «Транко Экспресс» ЖШС қарасты «ПАТП» кәсіпорнының жүргізушілері шалғайдағы шипажайдың емін бойларына қуат етуде. Жақында кәсіподақтың жолдамасымен кәсіпорынның еңбеккерлері Медет Исаев пен Ерлан Тайлақов Жаңақорған ауданындағы «Шипажай» санаторийіне емге барып, денсаулықтарын оңалтуда. Елдімекеннің өзінен шығатын батпақ пен тұзды судың пайдасын жете түсінген еңбеккерлер түрлі ем-домдарды қабылдауда. Жалпы, аймақтағы шипажайларда «Қазақмыс» еңбеккерлерінің қатары көп. Олар денсаулықты жақсартып қана қоймай, таза ауада серуендеп, өңірдегі киелі мекендерге де саяхаттайды.
Медет Исаев пен Ерлан Тайлақов өздеріне осындай мүмкіндік берген «КәсіпҚорған» кәсіподағына зор алғыстарын білдіруде.
Жаңақорған аумағындағы балшықпен емдеу үдерісі өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап қолға алынған. Бүгінгі таңда аймақта бірнеше шипажай жұмыс істеуде.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.