Қазіргідей бәсекелестік дамыған заманда еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру, кәсіби жетілу – уақыттың талабы. Заман ағымына ілесе отырып, мамандығына сай жұмыс жасау – табыстың көзі.
Кәсіпорындар мен мекемелерде жұмыстың жүйелі жүзеге асып, қызметкерлердің өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруына кадр жөніндегі бөлімінің ықпалы айрықша. Осы орайда «Нұрқазған» кенішінің кадр бөлімінде жетекші маман болып қызмет істеп жүрген Шолпан Ахметованың еңбек жолы жайында сыр шертуді жөн санадық.
Шолпан Бұқпақызының негізгі мамандығы – мұғалім. Ұлағатты ұстаздық жолда бірнеше жыл еңбек етіп, 2011 жылы кеніштің персонал жөніндегі бөлімінің құрамындағы кадр жөніндегі маман болып келді. Содан бері арада он екі жыл өтті. Шолпан Ахметова бұл салада да өзінің іскерлігін аңғартты. Алғыр да ізденімпаз маман осылайша оң тәжірибе жинақтады.
– Кеніштің ішкі кадрлық саясатын жүзеге асыруда біздің ұжымның айтарлықтай үлесі бар. Кадр маманы– кәсіпорындағы негізгі мамандық. Кадр маманының құзырына қызметкерді жұмыс орнына қабылдау, ауыстыру, жұмыстан босату кіреді.
Жаңа құжаттаманы құру кірсе, міндеттеріне кеңсе жұмысы, әкімшілік, еңбекті қорғау бойынша кейбір мәселелерді шешу, қызметкерлермен айналысу, жалданушы қызметкерлерді таңдау, жұмыс берушінің атынан еңбек даулары мен сот отырыстарына қатысу жүктеледі. Біз осы талаптарға сай жұмыс атқарамыз.
Қазіргі таңда кеніште 768 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның тоқсаны әйел адам. Біртұтас отбасындай қалыптасқан ұжымның алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыруда «Нұрқазған» кенішіндегі персонал жөніндегі бөлімнің басшысы Дәулет Аханов бастаған білікті мамандар өз білімдерін ортақ іске бағыттай білуде. Өзімен қатар үзеңгі қағысып, қатар еңбек етіп жүрген жалақы және еңбекті ұйымдастыру бөліміндегі Айнұр Қощығұлова, Гауһар Әмірқұлова сынды сала мамандары
өздеріне жүктелген міндеті жүзеге асыруда көзге түсе білуде, – дейді Шолпан Ахметова.
Бүгінде кеніштегі кадр жөніндегі білікті маман атанған Шолпан Бұқпақызы ұжымның табысына өзіндік үлесін қосып келеді.
Бағдат Айтөреұлы.