Қырық тігінші тізіліп отырған құстың ұясындай шағын цехтан өзінің қызметін бастаған «Ютария LTD» ЖШС қазір көп салалы қуатты өндірістік-инновациялық компанияға айналған. Былтыр жиырма жылдық белесін артқа тастаған оның экономиканың өзге саласындағы қайырлы қадамын былай қойғанда, Астана мен Қарағандыда, тұңғыш тұсауы кесілген Жезқазғанда заманауи құралдармен жабдықталған үш тігін фабрикасы бар.
Әңгіменің әлқисасын компанияның беделін бедерлейтін дәйекті дәлелден бастайық. Бұдан үш жылдай бұрын әлемді аузына қаратқан әнші Димаштың «Арнау Тур Энвой» атты шоу-концерті кәрі құрлық АҚШ-та айрықша аншлагпен өткені баршаға белгілі. Бірақ, былайғы жұрттың назарынан тыс қалған бір оқыс оқиғаның орын алғанын көпшілік біле бермейді.
Сол концертке әншінің продюссер, режиссер, жарық беруші, тағы басқа қосалқы топтағы көмекшілеріне бір үлгідегі киім тігіп беруді бір ұжым мойнына алады. Алайда, оның үлгермейтіні белгілі болып қалады. Сол бір сындарлы сәтте «Ютария» туралы естіген Димаштың режиссер-хореографы Надин компания басшылығына шығып, қолқа салады.
Ал, компания тігіншілері айналасы 10 күннің ішінде әлемдік бренд үлгісіне сай, өте сапалы киімдер топтамасын дайындап, ұшаққа салып үлгереді. Сол жолғы ютариялық өрендердің ерен еңбегіне, өнім үлгісі мен сапасына өте тәнті болған Димаштың ата-анасы әншінің өзіне де киім тіккізуге тапсырыс береді…
Кәсіби мереке қарсаңында ел ырысын еселеп, отандық жеңіл өнеркәсіптің көшін бастап жүрген, өзінің ілкімді жобаларын ортақ игілікке айналдырған «Ютария LTD» өндірістік-инновациялық компаниясының Жезқазғандағы тігін фабрикасына арнайы ат басын бұрдық. Кәсіпорын директоры Әсия Ешбаева мен технолог Татьяна Александровна Жидолович өндірістік алаңды асықпай аралатып, ұжымның тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Шынымды айтайын, тігін фабрикасын аралап жүріп таң-тамаша болдым. Елде жеңіл өнеркәсіптің жолы ауырлап, тігін және тоқыма саласы тығырыққа тіреліп, тоқырап тұрғанда жиырма жылдың о жақ, бұ жағында мынандай жетістікке жету көрмеген адамға ертегідей естілер еді. Ойыма кезінде аты дүркіреген, кейін нарықтық қатынастың қатаң талабына шыдамай күйреген Алматы мақта-мата комбинаты, Шымкенттегі «Восход» тоқыма-тігін фабрикасы, өзіміздің Жезқазғандағы тоқыма фабрикасы оралды. Өзегімді өкініш өртеді.
Кең де жарық тігін цехын еңбек күйі кернеп тұр. Алаңсыз іске кіріскен тігіншілер бір үлгімен пішілген шикізатты шеберлікпен дайын өнімге айналдыруда. Қыз-келіншектердің арасынан жас жігіттерді де көзім шалып қалды. Біреуімен танысып, сөзге тарттым. «Мамандығым ұнайды. Берілген тапсырманы орындасаң, жалақың да жаман болмайды» дейді тігінші-оператор Бауыржан Смағұлов. Еңбек ардагері, тәлімгер, тігінші-оператор Айнұр Юлдашевамен де пікірлесудің сәті түсті.
– Ұжымда екі жүзден астам адам еңбек етеді. Барлығы дерлік жергілікті тұрғындар. Компания жұмыс күшін, мамандарын өз қаражаты есебінен оқытып, заман талабына сай қайта даярлаудан өткізіп отырады. Негізінен арнаулы жұмыс киімдерін тігеміз. Түскен тапсырысқа сәйкес басқа да өнім түрлерін шығарамыз.
Рас, Қазақстанда тоқыма өнеркәсібі кенжелеп қалған. Бірақ, «ауызды құр шөппен сүртуге» болмайды. Біз матадан түймеге дейін қазақстандық шикізатты тұтынуға тырысамыз. Мәселен, Шымкенттегі «AZALA» тоқыма өндірісінің өнімі ешқандай шетелдік матадан кем емес. Сондай-ақ, жылу ұстайтын синтепон, холлофайдер сияқты материалдар озық технологиямен Қазақстанда өндіріледі, – дейді кәсіпорын басшысы Әсия Ешбаева.
– Бізде өндірістік технология мен құрал-жабдықтар ғана шетелдік. Қалғанының бәрін кәсіпорын мамандары өзі атқарады. Кез-келген шикізатты талапқа сай өңдеп, кесіп-пішіп көз тартатын келісті киім-кешекке айналдыру қолдан келеді, – деп, технолог Татьяна Александровна сөзді түйіндеді.
Шикізаттан қажетті киімнің нобайын жасау конструкторлық бюродан басталады. Оның жөн-жобасын бір ізге түсіруді конструкторлар Салтанат Кенжетаева мен Мәдина Төкенова мінсіз меңгерген. Оны одан әрі жетілдіру экспериметтік цехтағы тігінші-операторлар Гүлнара Тоғызбаева, Зейнегүл Серікбаева, Дәмеш Сәрсенбаева және Ақтолқын Әділбекованың еншісінде. Сосын киім пішу цехындағы Зина Әбдірахманова мен Татьяна Гайнуллина жобалаған шикізат тігіншілердің қолына тиеді…
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.