Сәтбаев қаласының Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қайырымдылық қорының «Ustaz Ulyтau» педагогикалық трансформация орталығының ұйымдастыруымен «Spelling Bee» байқауының финалы өтті.
Финалға Балқаш, Сәтбаев, Жезқазған қалаларының әрқайсысынан – 4, Жездіден 2 оқушы қатысты. «Spelling bee» – ағылшын тілді елдердегі танымал жарыс, оның мәні сөздерді емле бойынша дұрыс айту болып табылады. Ағылшын тілінде біршама сәйкес келмейтін орфография бар – көптеген сөздердің жазылуы олардың айтылуына сәйкес келмейді. Сайыстың шарты өте қарапайым, жетекші сөзді айтады, мағынасын оқиды және қолдануға мысалдар келтіреді, егер қатысушы сөзді дұрыс айтса, ойында қалады, айта алмаса ойыннан шығады.
– Сайыстың идеясы – бұл ойынды біздің мектеп оқушыларының білім беру жүйесіне енгізу. Байқаудың өзі өте қызықты, ол абсолютті биіктікті талап етеді, балалар барлық ағылшын дыбыстарының транскрипциясын білуі керек. Бұл ойын оқушылардың сүйікті ойынына айналады деп ойлаймын, – дейді «Ustaz Ulyтau» педагогикалық трансформация орталығының аймақ бойынша жетекшісі Гүлмира Жаппасова.
Байқаудың мектептік кезеңі 19 сәуірде басталып, қалалық кезең 21-23 сәуір аралығында өтті. Облыстық деңгейдегі финалдық кезең 2 маусымда өтіп, оған мықты деген 14 оқушы қатысты. Дода қорытындысы бойынша 1-орынды №22 орта мектептің оқушысы Кристина Семенова, 2-орынды №26 гимназия оқушысы Дарья Аврахова, үшінші орынды Балқаш қаласы Абай атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Нәзира Қалышбекқызы жеңіп алды. Жеңімпаздарға скрабл ойындары мен кубоктар, ал қалған қатысушылардың барлығына күнделіктер берілді.