«Ер – еңбегімен еңселі» деп жатамыз. Шын мәнінде ердің аты мен даңқын асырып, беделін көтеретін ол – еңбек. Біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз құрылыс саласында тер төге жүріп, еңбегімен еңселі азамат атанды.
Ғұмырының 45 жылын құрылысқа арнаған Дүйсенбек Мәселеев табысқа жетіп келеді. Кеңестік кезең тұсында аймағымызда дүрілдеген Жезқазған тоқыма фабрикасында 1978 жылы шебердің көмекшісі болып еңбек жолын бастаған Дүйсенбек Әбдірашитұлы 1985 жылы толықтай құрылыс саласына ауысты. Алғашында мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасында үшінші разрядты монтаждаушы болып жұмысқа қабылданса,
1986 жылы энерегтика саласының ардагері Яхия Асатов басшылық жасаған «Казэнерготүстімет» кәсіпорнында жалғастырды. 1990 жылы «МеталлургСтрой» кәсіпорны құрылғанда қаладағы 91-орамның қалыптасуына атсалысып, тұрғын үйлер салды. Кейіннен бұл құрылымды Жезкент кәсіпорынмен біріктіріп, соның негізінде құрылыс-монтаждау тресі құрылды. Бұл 1996 жыл болатын. Құрылыс кәсіпорнының аты қанша өзгергенімен ондағы еңбек адамының өз кәсібіне деген ынтасы арта түспесе кеміген емес. Дүйсенбек Мәселеев мамандығына адалдық таныта отырып, құрылыстың майталманы атанды.
– Сол кездегі комбинат, кейін корпорацияның құрылысқа жауапты кәсіпорынның атауы қанша өзгергенімен біз өз қағидамыздан айныған емеспіз. Бүгінде құрылыс-монтаждау тресі деп аталатын кәсіпорында монтажшы болып еңбек етудемін. Мұнда алғаш келгенде кәсіпке баулыған Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, құрылыс саласының саңлағы Бәрменше Дәрібаевтың біліктілігі мен үшін үлкен мектеп болды. Алғаш басқарма болып тұрған уақытта басшымыз болған Әшірәлі Нұрымұлы, трестің басшылығында болған Бейсен Халықұлы, Марат Асансейтов сынды іскер азаматтармен еңбек ету бақыты бұйырды.
Жезқазған қаласындағы 91-орамда үйлердің салынуына ықпал еттік. Корпорацияның Жезқазған аймағындағы фабрика, зауытындағы ірі құрылыстарға атсалыстық. Сәтбаев қаласында салынған 24 коттедждің құрылысында да біздің жігіттер кәсібиліктерін көрсетті. Өскемен байыту фабрикасын жаңғырту жұмысына да қатыстым. Монтаждаушылар бригадасында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Болат Сиқымов, Қадырбек Әбілдин сынды майталмандардың шеберлігі кейінгі жастарға үлгі. Өзім аға буынның мектебінде шыңдалдым. Енді білгенімді ізбасар жастарға үйретіп келемін. Монтаждаушылар Асан Есімов, Төлеген Әбенов, Қанат Дүржанов, Қуанышбек жантілеуов, Сабыржан Қожаберген, Сәбит Серікбаев сынды шәкірттеріммен мақанамын.
Тас қалаушылар бригадасында Нұрлан Қасымов, Кеңгірбай Қанағатов, Жұманәлі Есмаханов, Бауыржан Әжібаев, Дулат Балиманов, Бекберген Жолдаяқов мамандықтарына адалдық танытқан азаматтар.
Құрылыс саласында, соның ішінде монтаждаушы кәсібін игергеніме әсте өкінішім жоқ. Монтаждаушы салынатын нысанның құрылыс бөлшектерін іргетасынан бастап орналастырып, қабырғасын тіктейтін маман иесі. Сондықтан бұл мамандықта жауапкершіліктің жүгі басым. Әр саланың өз қиындығы бар. Алайда одан қашуға әсте болмайды. Мен де еңбек ете жүріп, кәсібімнің қыр-сырын меңгердім. Қазіргі заман басқа жастар еңбек етуден қашпауы керек. Еңбек еткен жанға қазір барлығы бар. Жастар ата-анаға масыл болмай, өз бетінше еңбек етсе жүздері де жарқын болмақ, – дейді Дүйсенбек Әбдірашитұлы.
Дүйсенбек Мәселеев жайында әріптестерінен сұрай қалсаңыз оның кәсібіне деген адалдығын алға тартады. Бас инженер Ботакөз Тілеуова Дүйсекеңнің азаматтық болмысы жайында: – Алдымыздағы аға буын ретінде жөн-жобаны білетін кәсіби маман. Осы тресте еңбек еткен 16 жылда Дүйсекеңді өз ісіне адал маман ретінде танып, білдім. Телім басшысы мен шебердің тапсырмасын тиянақты әрі уақытында орындайды. Шыншыл, ұжымның ортасында беделді. Барлығы да Дүйсенбек Әбдірашитұлын кәсіби маман ретінде үлгі тұтады, – деген пікірін білдірді.
Ақырын жүріп анық басқан азамат мамандығына адалдығы үшін бірнеше мәрте марапатқа ие болды. Адалдықты ту еткен Дүйсенбек Мәселеев өмірлік жары Роза Түгелбайқызымен үш бала тәрбиелеп, отыр. Роза Мәселеева ұзақ жыл медицина саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Ұлдары Данияр он жылдан асты Жезқазған байыту фабрикасының №2 бас корпусында аспалы кран машинисі болып еңбек етіп келеді. Құрылыс саласына еңбегі сіңген Дүйсенбек Мәселеевтің еңбек адамы ретінде абыройы асқақ.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.