«Ас – адамның арқауы» деп бекер айтылмаса керек. Орынды айтылған сөз. Жеті қат жер астында кен өндіріп, елдің ырысын тасытқан кеншілердің бойына қуат беретін құнарлы тағамдарды дайындауда «Нұрқазған» кенішіндегі аспазшылардың қолынан шыққан түрлі ас-ауқат кеншілердің көңілінен шығып жүр.
Асхана мегерушісі Шолпан Жалғасбаеваның айтуынша, мұнда күніне 400 адам тамақтанады. Ұжымда 24 қызметкер еңбек етсе, олар төрт ауысым бойынша жұмыс істейді. Кеншілерге үш мезгіл тамақ беріледі. Күн сайын ыстық тамақ, шахтаға алып түсетін 500 жүрекжалғар дайындалады. Сонымен қатар кондитер өнімдері дайындалады.
– Біз « ULY DALA» тамақ комбинатының құрамындағы асхана желісіміз. Бізге сертификатталған, талаптарға сай азық-түлікті тасымалдайтын да осы ұйым. Қазірге дейін асхананың мәзіріне ешкім кереғар пікір айтқан емес. Қарамағымдағы аспазшылардың барлығының өз саласында тәжірибелері бар. Гүлнар Майемгенова, Жанар Мырзахметова, Бақшагүл Ержауова, Кенжегүл Сәлімбаева, Қарашаш Базарбаева, Евгения Ботина сынды аспазшылар тіл үйірер тәтті тағамдарымен көңілден шығуда, – дейді отыз жыл тәжірибесі бар аспазшы Шолпан.
Дәмді дайындалған тағамдарын олар асханаға келген кеншілерге шынайы ықыластарымен ұсынып жатқанын көрдік. Асханадағы ың-шыңсыз, ретті ұйымдастырылған жұмыс көңілге ризалық ұялатқандай.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.