Ардагерлер кеңесі, ақын-жазушылар, ұстаздар, журналистер мен Шымкент қаласының құрметті азаматтарынан құралған топ өңірімізге атбасын тіреді.
Ұлт ұясы Ұлытау – қашаннан қазаққа қайырлы қоныс болған киелі мекен. Оның төрінде елдіктің еңселі рухы, бірліктің биік байрағы бар. Көне тарихқа көз жүгіртсек те, қазақтың ең тағдыршешті ұлы оқиғалары осынау қастерлі байтақтан бастау алады. Сондықтан, Шымкент делегациясының өңірімізге ат шалдыруы бекер емес. Делегация мақсаты – 1000 шақырым жолды еңсеріп,ұлылар мәңгілік тыныс тапқан өңірдің топырағын аралау.
Алдымен, жолаушылар Жошы хан мәдени кешеніне барды. Мұнда тарихпен қатар мәдени демалыс та ұйымдастырылған. Кешен ішіндегі келушілерге арналған қонақүй, асхана, музей, заманауи фильм көрсететін бөлмені аралады. Тас кескінді тұғырға орналасқан жылжымалы экран арқылы Ұлытау жерінің ұзақ жылдар бойғы тарихын үш тілде біле алды. Экранда қазақтың тарихи жерлері, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы, жалпы ұлттық құндылықтары топтастырылған ақпаратпен қанықты.
Одан әрі зиялы қауым өкілдері Жошы хан кесенесіне зиярат етті. Ұлытау ауданында орналасқан «Шыңғыс алаңы» этноауылына барып оюлы тостағаннан сары қымыз ішіп, Ұлытаудың тарихынан сыр шертісті. Домбыра мен баянның сазды үні шырайлышым қаладан келген қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлады. Делегация мүшелері тарихи орынның бірі «Хан Ордасына» да аялдады.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.