Кеңес заманындағы тарихтың ақтаңдақ беттері көп. Қаншама арыстарымыз жалған жаладан жапа шегіп, жазықсыз атылып кетті. Солардың бірі қазақтың аяулы перзенті, ұлт зиялысы Сәкен Сейфуллин еді. Сәкен өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болған айтулы тұлға екені белгілі. Өкінішке орай, ол өз қолымен құруға белсене қатысып, оның болашағына сеніммен қараған кеңестік жүйедегі солақай саясаттың құрбаны болды. Бүгінде асыл азаматтың қайраткерлік тұлғасын тек қызыл империямен ғана байланыстырып, тұқыртқысы келетін пенделер де бой көрсетіп қалуда. Сонымен қоса, кейінгі уақытта ақынның туған жерінің ала-құла болып жазылып жүруі де ойландырады. Осының бәрі бүгінгі кезеңнің бұрмалаушылығы мен ағаттығы тудырған тағы бір тарихи ақтаңдаққа айналмаса екен дейміз.
Сәкен ағамызды көпшілік жұрт қазіргі қазақ әдебиетінің негізін салушы, ақын, мемлекет қайраткері ретінде біледі. Кейбіреулер ұлтымыз үшін атқарған істерінің парқына бармай «революционер болған» деген бір ауыз сөзбен масұқтағысы да келеді. Қайраткер тұлға 28 жасында Үкімет басқарған. Сәкен жайлы ашылмаған тың деректер әлі де баршылық. Ал, байыптап қарар болсақ, оның биік тұлғасы жайлы зерттеулер мен айтылған айқын тұжырымдар жеткілікті. «Қалай десе де, Сәкен – қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы, біртуар дара тұлғалардың бірі. Ол өз ұлтын қалтқысыз сүйіп, халқына жойдасыз еңбек сіңірді», – деп тұжырымдайды сәкентанушы, ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы. Этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек ағамыз да көкейге қонымды әділдікке сай пікірін айтқан еді. «Тарихи тұлғалардың тағдырын парықтағанда олар қандай жолды таңдағаны бойынша бағаланбау керек, халқына қаншалықты қызмет еткені, қаншалықты еңбек сіңіргені, қаншалықты жілігі татитын мұра қалдыра алғаны бойынша лайықты бағасы берілуге тиіс. Тарихи әділдіктің де, ғылыми-әдіснамалық объективті ұстанымның да қисыны осы. Бұл тұрғыдан келгенде Сәкен халқымен мәңгі бірге жасайтын, халқының мәңгі сый-құрметіне лайық біртуар тұлға», – деп төрелігін айтқан болатын.
Негізінде Сәкеннің идеялары Тәуелсіз Қазақстанның саяси идеологиясымен ұштасып жатқанын аңғаруға болады. Ол ағартушылық бағытта айтарлықтай еңбек атқарып, қазақ елінің білімді жастарының өсіп жетіліп, еңсе көтеруіне көп күш жұмсады. Қызметін мұғалімдіктен бастап училищеде, инстиуттарда дәріс оқыды. Өзі басқарып отырған «Еңбекші қазақ» газетінде сол кезеңде қазақ тілінің мүддесін қорғайтын тоғыз мақаласы жарық көреді. Мәселен, 1923 жылы 9 маусымда «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген мақаласын жариялайды. Сәкеннің табандылықпен күресуінің арқасында Орталық атқару комитеті арнайы декрет қабылдап, ел тарихында тұңғыш рет 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап кеңсе істері қазақ тілінде жүргізілетін болған. «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» деген мақаласын Манап Шамиль деген бүркеншік атпен жазады. Сәкен Совнарком төрағасы болып, үкімет басына келісімен жаңа өндіріс орындарын ашайық, қазақ пролетариатын көбейтейік, ұл-қыздарын оқытып білімге баулыйық, тарихи қатені түзеп қазақты қазақ деп айтайық деген тұрғыда үндеу тастайды. Ұлттық мүдделерді көздейтін мәселелерді күн тәртібіне қойып шеше бастайды. Сөйтіп, ұлтын сүйген қайраткердің қозғау салуымен әуелгіде «Киргиз АКСР-ы, КирЦИК» деп келген еліміз 1925 жылғы V съезде «Қазақстан»
деген атқа ие болды. Бірақ, Сәкен Сейфуллинге Мәскеу тарапынан «ұлтшыл» деген атақ жапсырыла бастайды. «Сәкенді қызылдар жағында, ал біздерді «орда» жағында болды демесеңдер, Сәкен бізден гөрі әлдеқайда ұлтшыл еді», – деп Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтің баға беруі де бекер емес қой.
Өкінішке орай, асыл азамат 1937 жылы 24 қыркүйекте «ұлтшыл буржуа» деген айыппен тұтқындалып, екі жылдан кейін ату жазасына кесіледі. «Үштіктің шешімімен сіз атуға бұйырылдыңыз», дегенде Сәкен: «Басқа-басқа, мен мұны совет үкіметінен күткен жоқ едім», – деп ажал көзіне жасқанбай қарап, ұстамдылық танытқан екен. Ал, ендігі айтпағымыз, тарихи деректе және ел ішіндегі білетіндердің айтуы бойынша Сәкен Жаңаарқа өңіріндегі Аққұдық деген жерде күзекте отырғанда туған. Бұл туралы жазушы Сәйділ Талжановтың ертеде жарық көрген «Сейфулланың Сәкені» деген повесінде, сондай-ақ інісі Мәжиттің естелігінде де айтылады. Қыстаулары Ортаудағы Қарашілікте. Бір уақытта жаңа ауданның құрылуына байланысты Ортау ауылы Ақадырға қаратылғанмен, бұл жер де ежелден Жаңаарқа ауданына қарасты аймақ. Ақадыр ауданы таратылғанда Шет ауданына қарап кетті. Кейінгі уақытта осы аумақтық бөліністер салдарынан белгілі тұлғаның туған жеріне қатысты жаңсақтық орын алып жүр. Көптеген әдеби кітаптар мен оқулықтарда «Сәкен Сейфуллин 1894 жылы Шет ауданындағы Қарашілік деген жерде туған» деп жазылуда. Бұрынғы Жаңаарқа ауданында туған деген дерек көзге көрінбейтін болды. Шындығында қыстауында емес, күз айында күзекте туғанына дәлел көп. Жалпы алғанда, Сәкен есімін Жаңаарқадан бөліп қарау тарихқа жасалған қиянат болып табылады. Ол барша қазақтың ардақтысы болғанымен, Жаңаарқа елінің төл перзенті екендігіне дау жоқ болар. Олай болса, Сәкенді туған жеріне қайтарайық, жаңсақ жазылып жүрген деректерді түзетейік!
Амандық РАХҰЛЫ.