Режиссер – жауапкершілігі мол күрделі кәсіп. Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін қадірлі мамандық. Театрдағы еңбегін актерлықтан бастап, бүгінде осынау күрделі кәсіптің тізгінін ұстаған Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрының бас режиссері Теміржан Досжанұлы Жанботаев таяуда елу жасқа толды. Осыған орай режиссердің шығармашылық жолы, бүгінгі жетістігі мен болашақ жоспары жайлы сұқбаттасудың орайы түскен еді.
– Теміржан Досжанұлы, ердің жасы – елуіңіз құтты болсын! Еңбегіңізге жеміс тілеймін. Қалай, қырық тоғыз бен елу жастың айырмашылығы бар ма екен?
– Рахмет! Бірақ елудің қырық тоғыздан айырмашылығын әзірге сезіне қоймадым (күлді). Дегенмен, орта жасқа келген соң, «не бітірдім, алда не істеймін?» деген сұрақтың көкейге оралары анық.
– Неліктен өнер жолын таңдадыңыз? Оған ата-анаңыз, театрдың іргетасын қалаушы ардагер артистеріміз – Досжан аға Жанботаев пен Райхан тәте Ибраеваның ықпалы болды ма?
– Артистер отбасында дүниеге келген балалар жастайынан театрдың тыныс-тіршілігімен тыныстап өседі. Мен де солардың бірі болдым. Кішкентайымызда әке-шешем спектакльдерге дайындық кезінде біздерді театрға алып келетін. Содан болар, театрды жанымдай сүйіп өстім. Театр менің екінші үйім болды десем артық айтқандық емес. Біртіндеп Қ. Тоқбаевтың «Үкім», Д. Исабековтің «Әпке», О.Бодықовтың «Әттең, қысқа өмір-ай!» спектакльдерінде балалар рөлдерін сомдадым. Ал Қ. Ысқақовтың «Таңғы жаңғырығында» Бақтығұлдың баласының рөлі сахнаға әбден төселген кәнігі әртістердей сезіндіргені рас. Әлі күнге сөзі есімде.
Әке-шешем ешуақытта «біздің жолымызбен жүр, әртістікті таңда, не режиссер бол» деп міндеттеген емес. Бұл – өз таңдауым, өз жүрегімнің қалауы. Осылайша театрға деген махаббат мені мектеп бітірген соң Алматыдағы Мемлекеттік театр және көркемсурет институтының актерлік факультетіне алып келді. 1996 жылы оқуды бітірген соң театрға келіп, еңбек жолымды жалғастырдым. Дегенмен, біраз жыл өнерден жырақтау өзге салада да еңбек етіп көрдім. Киноға, әншілердің бейнебаяндарына түсіп жүрдім. Бірақ олардың ешқайсысы жүрегімде қанағат сезім тудырмады. Көңілім қоңылтақсып, бірнәрсе жетпей тұрғандай болатын да тұратын. Жүрек түкпірінде театрыма деген сағыныш сыздап жататын. Ақыры сол сағыныш мені 2008 жылы Жезқазғанға, Серке театрына қайта алып келді.
– Сіз кейіпкерлерді сомдауда олардың ішкі жандүниесінің толғаныстарымен бірге сахналық суретіне, пластикасына, сөз мағынасының барынша ашылуына және осының барлығының олардың іс-әрекеті мен мінез өзгешіліктерімен шынайы байланыста болу жағына баса көңіл аударатынсыз. Осындай рөлдеріңіз әлі күнге көрермен есінде. Мәселен, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баянсұлуындағы» – Қодар, Д. Исабековтің «Актрисасындағы» – режиссер, М. Байғұттың «Ауған қасіретіндегі» – Нұржан, Э. Шмиттің «Тәңірге хатындағы» – дәрігер Дюссельдорф, В. Дельмардың «Өкінішті өміріндегі» – Роберт, Ғ. Ештанаев пен Р. Ибраеваның «Әбілмансұрындағы» – Ораз Аталық, К. Ахметовтің «Қанда бар ғой, қандасындағы» – Айдар, «Шырағындағы» – Дарий патша, М. Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-айындағы» – Есет, С. Жүнісовтің «Жаралы гүлдеріндегі» – Аплаш, «Қысылғаннан қыз болдығындағы» Жұмат сияқты кейіпкерлердің бітім-болмысын, мінез өзгешеліктерін жанрлық сипаты тұрғысынан түрлі кейіпте сомдап, сол кейіпкерлермен біте қайнасып кететін шеберлігіңіз көрерменді әрдайым тәнті ететін.
Ал балалар асыға күтетін ертегі кейіпкерлері ше? Р. Ибраеваның «Сиқырлы кітабындағы» – қара мысық, «Алпамыс батырындағы» – уәзір, «Бәйтерегіндегі» – мысық, А. Волковтың «Меруерт шаһарының сиқыршысындағы» Гудвин секілді шырайын шығара, жеріне жеткізе сомдалған ертегі кейіпкерілерін кішкентай бүлдіршіндер ыстық ықыласпен беріле қызықтайтын.
Сондай тамаша сомдалған рөлдеріңіздің бірі Жанат Хаджиев қойған М. Кәрімнің «Ай тұтылған түн» спектакліндегі Диуана рөлі дер едік. Аталған рөл 2017 жылы өткен Ж. Хаджиев атындағы аймақтық театр фестивалінде сізге «Ең үздік ер рөлі» номинациясын алып берді. Сахнаны сағынбайсыз ба?
– Оныңыз рас, шынымды айтсам, сағынамын. Кейде моноспектакль қойып, сахнаға шығып, өзім ойнасам ба екен деген ойға да кетемін. Ойда бір жос-
парлар бар. Ол енді алдағы күннің еншісінде.
– Талантты актер едіңіз, режиссерлыққа қалай бет бұрдыңыз? Қыр-
ғызстандағы Б. Бейшеналиева атындағы өнер институтының режиссерлік факультетіне оқуға түсіп, режиссерлық жолды таңдауыңызға не себеп? Алғашқы қойылымды сахналағандағы әсеріңіз қалай болды?
– Режиссерлік жолды таңдауыма ұзақ жыл осы театрдың бас режиссері болған талантты режиссер, әкемнің үзеңгілес досы Жанат аға Хаджиевтің тікелей әсері болды деп ойлаймын. Ол кісі де еңбек жолын актерлықтан бастап, кейін режиссерлыққа кетті ғой. Жанат ағаның мектебі, жалпы щепкиндік мектеп – менің режиссерлық еңбек жолымның бағдаршамы.
Алғашқы режиссерлік тырнақалды еңбегім – А. Чупиннің «Аладдиннің сиқырлы шамы» ертегісі. Бұл – режиссерлыққа салған соны соқпағым, алғашқы баспалдағым. Іздене жүріп, тәжірибе жинақтай келе қойған спектакльдерім Н. Птушкинаның «Кешікпе, махаббат!» атты лирикалық комедиясын, Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдығына орай Ғ. Ештанаевпен бірігіп жазып, қойған «Сәкеннің соңғы сәттері» поэтикалық қойлымын, С. Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» музыкалық комедиясын, С. Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» және К. Әбдірахманның «Кетбұқа» тарихи драмаларын, Г. Хугаевтың «Қара шекпен» әфсанасын, В. Красногоровтың «Естен кетпес сабақ» спектаклін көрермен жылы қабылдады. Әлі күнге репертуардан түспей келеді. Олардың қатарына кейін Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?», Ғазиз Ештанаевтың «Төртеу түгел болғанда…» спектакльдері қосылды. Әрине, әр қойылым сахналанған сайын көңілге «көрермен қалай қабылдар екен» деген сұрақ туындайды. Жақсы қабылдап жатса, көңілің марқайып қалады. Сын пікірлерді де қабылдай аламын. Ол жігеріңді жаниды. Әрдайым таңдаған мамандығымның ауыр жүгін сезініп, маған сенген жандардың ықыласына селкеу түсірмей, үмітін ақтауым керек деген жауапкершілікті естен шығарып көргенім жоқ.
– Режиссерге қажеттісі не? Шығармашылық тоқырауға ұшырамас үшін не істеу керек? Актерлермен жұмыс барысында нені естен шығармау керек деп ойлайсыз?
– Меніңше, режиссерде өзгеге ұқсамайтын өзіндік авторлық қолтаңба болу керек. Өзіндік ішкі «мені». Бірақ ол спектакльдерінде өзін-өзі қайталау деген сөз емес. Режиссердің бір жұмысы екіншісіне ұқсамаса ғана ол тоқырауға ұшырамайды деп ойлаймын. Сонымен қатар, режиссерге еркіндік керек. Шығармашылық еркіндік. Шығармашылық еркіндік шабыт береді. Оны сезінбеген режиссер қанатын кеңге жая алмайды. Бізде бір даталы мереке, не біреудің мерейтойына орай тапсырыспен спектакль қойғызатын жағдайлар кездесетіні жасырын емес. Амал жоқ, тапсырысты орындайсың, бірақ одан рухани ләззат алмайсың. Ол шеңбер ішіндегі тұсаулы аттай ой-қиял еркіндігін шектейді.
Режиссер үшін ең бастысы – актер. Дұрыс режиссерге тап келмесе өмір бойы ашылмай, тасада қалып қоятын актерлер болады. Сондықтан режиссер актерді ашуы керек, оны ашудың кілтін табуы керек, сол үшін де ол жауапты.
– 2018 жылы қаламызда өткен Ж. Хаджиев атындағы Халықаралық театр фестивалінде ХХ ғасырдың басында халқымыз бастан кешкен зұлматтың ащы шежіресі, ұмытуға болмайтын ауыр қасіретін көрсеткен «Қара орамал» спектакліңіз үшін «Үздік режиссерлық жұмыс» номинациясын иелендіңіз. 2019 жылғы Халықаралық театрлар фестивалінде Ш. Айтматовтың «Шыңғыс ханның ақ бұлты» спектаклі тағы да осы аталымға лайықты деп танылды. Одан басқа да марапат-мақтаулар баршылық. Қалай ойлайсыз, марапат қанағат сезімін туғыза ма, жоқ қанат бітіре ме?
– Халқымызда «Жақсы сөзге жан семіреді» деген қанатты сөз бар. Әрине, марапаттар жүрегіңе қуаныш, көңілге сенім ұялатады. Бірақ «болдым, толдым» десең, тоқырауға ұшырарың анық. Марапат қиялыңа қанат бітіп, ынталандыруға, жаңа жетістікке ұмтылуға, тынбай ізденіспен еңбектенуге бастауы керек деп ойлаймын.
– Республика театрларындағы актерлерден кімдерді ерекше атар едіңіз, кімнің рөл сомдаудағы шеберлігі ұнайды? Режиссерлерден ше?
– Әуезов театрындағы Дулыға Ақмолданы ерекше атар едім. Режиссерлерден Нұрқанат Жақыпбай. Өсіп келе жатқан, ойлау жүйесі ерекше, жаңашыл жас режиссерлер де баршылық.
– Қазір экпериментальдық бағыттағы спектакль қою үрдіске айналғандай. Біздің театрда да бірнеше спектакль қойылды. Көрермен түрліше қабылдады. Жалпы осындай спектакльдер жайлы ойыңыз, пікіріңіз қандай? Өзіңізге қай бағыт ұнайды?
– Театр – тірі организм. Ол бір орында тұрмайды, дамиды, ілгерілейді. Сондықтан заман талабына сай оған да жаңа бағыт, жаңа форматтағы дүниелер еніп жатады. Оны біреу қабылдайды, біреу қабылдамайды. Әр театрда сондай спектакльдердің болғаны да дұрыс шығар. Бірақ бірыңғай үрдіске айналып кетпеуі керек деп ойлаймын. Ондай спектакльдер режиссердің өсуі үшін қажет болар, актер үшін емес. Ал өзіме Станиславсий жүйесі ұнайды. Яғни кейіпкердің жандүниесін ашып, көрерменді ойға қалдыратын, жүректі тербейтін спектакльдер қою – мақсатым. Репертуарда классика да, тарихи пьесалар мен бүгінгі күннің тақырыбын арқау еткен шығармалар да болу керек.
– Қазір театрдың бас режиссерісіз. Театрда көрерменді қуантатындай қандай жаңалық, өзгеріс бар? Өзіңіздің жоспарыңыз қандай?
– Соңғы жылдары «өз қазанымызда өзіміз қайнай бермей» сырттан режиссер шақырылып, спектакльдер қойылуда. Мәселен, өткенде ғана Ақтөбе театрынан келген Мейрам Хабибуллин Мұхтар Мағауиннің «Шақан-Шері» шығармасы бойынша спектакль қойып кетті. Ілияс Есенберлиннің атақты «Ғашықтар» романы желісінде инсценировкасын Ұлан Болатбек жасаған спектакльді Алматыдағы Ғ. Мүсірепов театрының актері Шағуан Үмбетқалиев дайындау үстінде. Олардың өткен жылғы «Сен және Мен» спектаклін көрермен өте жылы қабылдаған болатын. Сонымен қатар, балалар үшін Мируана Жанботаева, Райхан Ибраеваның «Шаншар хан» ертегісін дайындауда.
Ресейлік режиссер Константин Денискин қойған Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» спектаклімен Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өткен VI «BALAUSA» Халықаралық фестиваліне қатысып, Көксерек рөлін сомдаған артисіміз Мади Саденов «Үздік ер адам рөлі» номинациясына ие болды. Астанада өтетін Қазақстан драма театрларының ХХІХ республикалық фестиваліне Мұхтар Мағауиннің «Шақан-Шері» спектаклімен қатысуды жоспарлап отырмыз. Басқа да жоспарлар баршылық.
Ал өзіме келер болсам, қазір Мартин Макдонахтың «Человек-подушка» шығармасымен жұмыс жүргізудемін. Алла қаласа, биылғы жылы көрермен назарына ұсынбақшымын. Сондай-ақ, Вильям Шекспирдің «Ричард-ІІІ» шығармасын қуыршақ спектаклі түрінде қою да жоспарда бар.
– Әңгімеңізге көп рахмет! Шығармашылық жолыңыз сәтімен жалғассын! Көрермен көңілінен шығатын ойлы қойылымдарыңызбен қуанта беріңіз.
Үмітай Молдаберген,
театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі.