Өңірімізге ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері мен ҚР Парламент Сенатының депутаттары келіп, бірқатар проблемалық нысандарды аралады.
Жұмыс сапары барысында алдымен сенаторлар төрт учаскеден құралған жалпы ұзындығы 208 шақырым болатын республикалық маңызы бар Жезқазған –Қызылорда тасжолын жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басшылығы республикалық маңызы бар автожол Мемлекет басшысының «өңірдің көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту» жөніндегі тапсырмасының аясында қайта жаңартылып жатқанын баяндады. Құрылысқа жауапты мамандар қазіргі жұмыстар Қызылорда жақтан қарқынды жүріп жатқанын және биыл Қызылордадан Жезқазғанға дейін 100 шақырым жолда қозғалысты ашу көзделгенін жеткізді.
Бұдан бөлек, вице-министр Алмаз Ыдырысов Сенат депутаттарына өңір үшін өте маңызды Жезқазған – Қарағанды күре жолын қайта жаңғырту жобасымен таныстырды. Бүгінде жобалау сметалық құжаттама жұмыстары аяқталып, биылғы маусымда құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланған.
Қарағанды – Жезқазған жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жұмыстардың басталуы биылғы жылы екі учаскеде, қалған учаскелерде 2024 жылдан бастап жобалық-сметалық құжат әзірлеу аяқталуына қарай кезең-кезеңмен жоспарланған.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.