Кітап – қоғамның рухани күштерін дамытудың қуатты құралы, мәдениеттің қайнар бұлағы, оның өзекті саласының бірі. Рухани мөлдірліктің, биік парасаттың, асқақ адамгершіліктің, арқалы ойдың қоймасы. Кітап арқылы біз өткенге көз жібереміз, одан қымбат мұра жинаймыз, тәжірибеге кенелеміз. Кітаптың құндылығын ұғындыру мақсатында руханият ордасында кітап мерекесі аталып өтті.
Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасында 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Кітап шоу – 2023» фестивалі аясында «Даналық дариясына саяхат» атты мерекелік кеш өтті. Кітап фестивалінің мақсаты – «2023 жыл – Түркі өркениетінің даму жылы» деп жариялануына орай тамыры терең түркі өркениетін жаңғырту жолында, түбі бір түркі халықтарының өткен тарихы, тілі, әдебиеті мен мәдениетін насихаттау болып табылады. Осы ретте, «Қазақелі – түркі әлемінің қарашаңырағы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ежелгі түркі дәуірінің қоғамдық, әдеби, мәдени өмірін жыр еткен ғажайып дастандар «Күлтегін», «Тоныкөк» жырларынан үзінділер оқылды.
«Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру, кітап пен оқуға деген қызығушылығын қолдау, балалар мен жасөспірімдердің оқу сауаттылығын арттыру мен кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жазушы Төлен Әбдікұлының шығармашылығына арналған «Қалам ұшындағы ғұмыр» атты QR-кодты кітап көрмесі ұйымдастырылып, қаламгердің «Қонақтар» әңгімесінен көрініс көрсетілді.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Батырбек Мырзабековтің жаңадан шыққан «Дүтбай батыр» романымен танысу мақсатында авторлық кездесу өтті. Аталмыш кітаптан инсталляция жасалып, қаламгер жаңа туындысын оқырмандарға қолтаңбасымен сыйға тартты.
Кітап – таусылмас рухани қазынаның негізі, негізі ғана емес, бастауында тұрған кәусар бұлағы. Бұл дәуірді қойып, өткен замандардағы құндылықтарымыз, ұлтымыздың болмыс-бітімі, халқымыздың сан ғасырлық тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы осы кітап арқылы бізге жетіп отырғаны рас. Осы орайда «Ескіжылдарестелігі: Сирек қор қазынасынан» атты кітап көрмесі жасақталды. Жезқазған қаласының балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының оқытушылары Жұмабек Тукенов «Эбру» техникасымен, Құралай Бабасова «Гобелен тоқу» шеберлік сыныптарын көрсетті. Сонымен қатар оқырмандардың сыйға берген кітаптарынан «Буккроссинг» ұйымдастырылды. Іс-шара соңында кітап мерекесінің өтуіне белсене атсалысқан оқырмандарға Алғыс хат пен сыйлықтартабысталды.
Қайкезде де кітап адамзаттың жан азығы, рухани байлығы болған. Кітапты оқу арқылығана біз болашақты болжап, келешегімізге кемел жол сала аламыз. Бұл жол кітап бетіндегі ақпараққа таңбаланатын даңғыл жол болсын.
Әсел БІРӘЛІҚЫЗЫ,
Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасының
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің басшысы.