Терең маңызға ие атаулы күн Жезқазғанда соңғы ширек ғасырда алғаш реет облыстық деңгейде аталып өтті…
Ел ішіндегі түрлі этнос пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттауды мақсат еткен мерекелі күн мамыр айының мамыражай таңына ерекше шуақ дарытқандай көрінді. Бірлік болмай – тірлік болмайтынын жақсы түсінген дана қазақ қай заманда да дарқан құшағын жайып, ұлы даласынан қоныс тапқан халық өкілдерінің қайсысына болса да қонақжайлық пен татулықтың дара дәстүрін таныта білген.
Алғашқы құрылысшылар алаңынан жиналған жұртшылық алдымен жергілікті қолөнершілер мен жас кәсіпкерлер дайындаған көрмені тамашалады. Сонымен қатар, келушілерге Жезқазған қаласы әкімінің жастар кәсіпкерлігін қолдау мен дамытуға арналған грантының жеңімпаздары да өз өнімдерін ұсынды. Мұндағы баға нарықтағы саудадан 10-15 пайызға төмен. Осылайша әлеуметтің әлеуметтік ахуалы да назардан тыс қалмаған…
Алаңдағы мерекелік іс шара әр ұлттың киімін киіп, мың бұрала билеген бишілердің биімен басталды. Одан кейін сахнаға Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали мен қала басшысы Қайрат Шайжанов көтеріліп, халықты мерекемен құттықтады.
– Күні кеше ғана мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан халқы ассамблеяссының 332-сессиясына біздің облыс делегациясы қатысып келді. Онда татулыққа, достыққа ұмтылыстың тағы бір куәсі болдық. Құрметті жерлестер, осы күні бір шаңырақ астындағы Қазақстан халқының татулығы мен бірлігі берік болып, ынтымағымыз жарасып, еліміз көркейе берсін, – деді Ғалымжан Құсманғали.
– Қымбатты жерлестер, сіздерді Бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Халқымызда «ырысалды – ынтымақ» деген қанатты сөз бар. Бірлігі бекем елдің ынтамағы бекем. Мереке құтты болсын!, – деді қала басшысы Қайрат Шайжанов.
Бүгінде Ұлытау облысында жиырмаға жуық түрлі этнос өкілі ымыра-бірлік тетіршілік кешуде. Олар қоғамдық даму мен өңір экономикасының түрлі салаларында жемісті еңбек етуде. Айта кетейік, жезқазғандықтар үшін жергілікті өнерпаздармен бірге қазақ эстрадасының жарқын өкілдері Ибрагим Ескендір мен Мистер Кенжебек әннен шашу шашты.Татулықты ту еткен Тәуелсіз Қазақстан ынтымақтың ымырасынан еш айныған емес. Азаттықтың алтын бесігі – бірлік деп ұғынатын ұрпақты тәрбиелеу үшін мұндай күндердің берері мол, әрине.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.