ХІ ғасырға дейін біздің өлке дерекнамалар мен географтардың еңбектерінде «Муфазат-ат-гузз», яғни «Оғыз даласы» деп аталған. Бөртешені оңалған мұңғыл елін Ергенеқоннан шығарған уақыт күллі түрктердің кең даланы қайтадан игерген кезеңге сәйкес. Әбілғазы пайдаланған дерекнамалар бойынша Бөрте-шеніден Добын-баянға дейін 13 ел басқарушы фәниден өткен. Олар: Бөрте-шені – Қоймеріл – Бешін-қиян – Тамаша – Қыши-мерген – Қожын-бурыл – Бөкебендүн – Самсаушы – Қалмашы – Темірташ – Меңліқожа – Жұлдыз – оның, есімдері белгісіз, екі ұлы – екеуінің біреуінен – Добын-баян.
Аталған дерекнамалық тарихи тұлғалардың тұрған жері күмәнсіз Кендірлі (Үлкен Жезді) мен Теріс-Кендерленің (Кеңгір) жағалары болғанын және олар Оғыз қағанатының қалыптасып дамуына тікелей қатысқанын атап өткен жөн. Ресми тарихнамаға сәйкес V-VI ғасырлары Сырдарияның орта ағысы мен Ұлытау даласын қаңғар-пешенек тайпалық одақ мекендеген. Кейін олар оғыздардың қыспағына түсіп, батыс жаққа қарай ығыстырылған. 922 жылы славяндарды Ислам дініне үйретуге бара жатқан арап елшісі ибн-Фадлан пешенектерді Шалқар көлінің маңайынан көреді, ал Хорезмнен Шалқарға дейінгі дала оғыздардың құзырында болған.
Бұл ұстаным дерекнамаларда келтірілген мазмұнға сәйкес келеді. Егер қаңғар-пешенектер татарлардың қоғамынан тараған болса, оғыздар (мұңғылдар) татарлардан өз атамекенін азат етті деген деректер растанады. Мұңғылдар Оғыз қаһан бабаларының есімін алып, «оғыздар» деген этнониммен тарихи сахнаға шықты. Олар Бұғылытаудан Тінеге дейінгі жерлерді қайта меңгерді. Екіғасырлық құрғақшылық шегінген сайын жауын-шашын көбейіп, шөп пен судың мөлшері өсіп, бұлақтар мен қарасулар өз деңгейлеріне көтерілді. Бұл табиғи өзгеріс мал мен адамның санын арттыруға себеп болды. Аман қалған күллі түрк қауымы тау жыралары мен тоғайлардан шығып, VI ғасырдың ортасында бір бүтін Түрк қаһанатын құрады. 570-жылдары қаһанаттын аумағы Машыннан Қара теңізге дейін жайылып, түрктер Ұлы жібек жолын қайтадан дамытып, қалалардың өркендеуіне жол ашады. VIII ғасырда Кононовтың санауы бойынша Инал қан өмір сүрген, ал Әбілғазының жазуында, ол кезде Инал қанның бас уәзірі, Қайы қоғамынан шыққан Қорқыт-ата болған. Бұл уақытта «оғыз елінің жұрты шығыста Ыстық-көл мен Алмалыққа, түстікте – Сайрам мен Қазығұрт және Қаражық тауларына, теріскейде – мыс тауып жатқан Ұлықтақ пен Кічіктақ тауларына, батыста – Сыр бойындағы Йангикент пен Қарақұмға дейінгі жерлерді алып жатқан». Әбілғазының ойынша бұл жерлер 4-5 мың жыл бойы оғыздардың атамекені болған.
VIII ғасырдың бірінші жартысында тасқа қашалып жазылған Күлтегіннің жазбасында оғыздар Шығыс түрк қаһанатының көршілері, әрі үнемі соғысып келетін қарсыласы ретінде көрсетіледі. Ортағасырлық дерекнамалар бұл қарсыластықты шығыстағы татарлар мен бүгінгі қазақ даласындағы мүңғылдардың ұрпақтары оғыздардың, шамамен ІІ ғасырдан бастап орын алған жауластығы деп түсіндіреді. Күлтегіннің кезінде, оған тәуелді және бір түрк елі болып отырған оғыздар оған қарсы көтеріліп, егемендік алады. Күлтегіннің жағдайды түзеу әрекеті сәтсіз аяқталады.
VII-VIII ғасырларда оғыздар дамуы үзілген мемлекетті қайта қалпына келтірумен айналысты. Олар архитектуралық маңызы ерекше, жоғары материалды деңгейінің куәгерлігі болған қамалдар мен қалалар көтерді. «Оғыз-нама» Оғыз қаһанның қала салғаны туралы бірінші мәлімет береді. Ол жерде Күн қанның аталығы, Оғыз қаһан салдыртқан Енікент қаласының басшысы, Ірқыл Қожа болған дейді, яғни б.д.д. І мыңжылдықтың аяғында сол кездегі мұңғылдар қала салған.
Ұлытаудағы қамалдар құрылыс өнерінің гүлдену кезеңін көрсетіп, цитадель мен берік бекіністі сыртқы қабырғаларымен ерекшеленеді. Сауда, егіншілік, колөнер салалары Сыр бойындағы қалаларда дамыса, даладағы қамалдарда билік басындағы саяси элита – қаһан-ябғу (жаһамғу – ұлы әмір), оның орынбасарлары – кұтеркіндер, қаһанның қанзадалары – иналдар, олардың атабектері және сүюбашы басқарған тайпа басшылары қоныстанған. Олар VII-VIII ғасырларда Сыр бойы мен Ұлытаудың тау өзендерінің аңғарында жыл бойы тұруға қолайлы резиденциялар салды. Оғыздардың Ұлытаудағы қалаларының қатарына басты әкімшілік орталығы болған Қиян қаласы жатады, оның бүгінгі атауы Басқамыр. Оған қоса, оғыз заманына Сарай (Шотқара), Айбас, Аяққамыр, Нуджах (Нөгербек), Бадагах (Ақсай), Дарқу (Домбағұл), Қаратон қамалдары жатады.
Атап өтілген архитектуралық ескерткіштерге қоса, ОҚАЭ Ұлытау өңірінде Аманбай дуалы, Жер-Қорған немесе Қаражар қамалы, Төртқұлақ-Қорған, Жаман-Қорған, Жетіқоңыр құмдарындағы Талдыкент және Бетпақ-Даладағы Өлке қалаларын анық-
таған. Сарысу өзенінің аңғарында бірінен соң бірі шым қабырғалы, қапталдар мен бұрыштарда мұнаралары бар, бұрыштары әлемнің төрт жағына қарап тұрған цитадельді сарайлар бой көтерді. Бұл ғимараттардың ерекшелігі оңтүстік-батыс қабырғаларының Меккеге қарап тұрғанында. Осы жайт оғыздардың ата-баба дінін сақтап, Ислам дініне бет бұрып, арап халифтерінің ықпалында болған ба деген ой келеді. Оған бізді Теректі әулиеге қатысты Әли халиф туралы аңыз итермелейді. Бірақ, 922 жылы Хорезмнен Шалқар көліне дейін созылып жатқан оғыздардың жайлауларымен жүріп өткен Ахмет ибн-Фадлан былай деп жазады: «Олардың үйлері жүннен иленген. Олар бір жерде көп тоқтамай, үнемі жүріп кете бергеннен, үйлерін біресе бір жерде, біресе екінші жерден көресің. Сонымен қатар олар адасқан есектер сияқты Аллаға бағынуға бой алмайды, еш нәрсеге сенбейді. Бірақ, бір естігенім олар мұсылманға жақын болу үшін, өз сөздеріне сенбей, «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммет Оның елшісі» деп айтқандарын естідім…Біз бірінші болып кездескен кіші Янал атты патшалары: «Мен кезінде Исламды қабылдағам, бірақ менің елім «сен исламды ұстансаң, енді біздің басшы бола алмайсың» деді. Сондықтан, мен Исламнан бас тарттым», – деді». Осы мәліметті ескере отырсақ, кейін, Х ғасырда мұсылмандық Ислам арқылы емес, байырғы бабалардың бір Құдайға сену арқылы жүзеге асқан деген ой келеді, өйткені Фадлан тағы бүй дейді: «Олардың біреуінің басына әділетсіздік пен қиыншылық төнсе, ол басын аспанға көтеріп: «Бір Тәңір!» – деп айтады.
«Тәңір» – түрікше Құдай, Аллаһ деген сөз». Сонымен қатар, Фадлан оғыздардың жерлеу рәсімі туралы былай жазады: «Өз ата-бабаларына құрбандық жасап, қайтыс болған кісіге арнап үлкен үй секілді шұңқыр қазып, мәйітке киім, белбеу кигізеді де, қасына жебесі, ағаш тостаған және басқа заттарын қояды, кейін оны отырғызып, үстін жауып, үрге сияқты қылып шымнан ғимарат көтереді. Егер қайтыс болған адам батыр болса, онымен бірге өзі өлтірген қарсылас жауынгелерінің бейнесін ағаштан қашап көмеді. О дүниеде Жұмаққа тез жету үшін және аяғы шаршамасын деп құрбандыққа жылқы сойып, моласының ішінде ағашпен керіп қояды». Ұлытаудағы оғыздар үрге секілді күмбездерді тастан қалаған. Ол ескерткіштерді бүгін «үйтас», «қос-үйтас», «дің» деп атайды.
Өңірдегі үйтастардың ең кереметі шамамен VIII ғасырда салынған Домбауыл діңі болып табылады. (Домбауыл, немесе Добын мерген мақаласын қараңыз). Ибн Фадлан оғыздар арап халифатын мойындамайтыны туралы кесіп айтады. «Бір де бір мұсылман олардың жерлерімен өз еркімен өте алмайды. Ол үшін оған жолсерік тіркеледі. Жолсеріктің ақысын киім мен оның әйеліне көйлек және шамалы бұрыш, тары, жүзім және жаңғақпен өтейді».
Ұлытаудағы оғыз қамалдарының пайда болуына көшпелі мал шаруашылық, металлургия, қолөнер кәсібі және билік сарайларының қасындағы қосалқы егіншіліктен құралған көпсалалы шаруашылық экономикалық негіз болған. Қамалдардағы ел басқарушылар Ұлытауда жыл бойы қоныстанған.
Дерекнамалардың жазуы бойынша, оғыздар Ұлытауды тек күзеу ретінде пайдаланған. Бұл пікір жалпы елге қатысты болу тиіс, өйткені, шынымен қыста қар қалың болғанда малдың тебінуі қиынға соғады. Қараша айы келісімен кенқазушылар мен металбалқытушылар және бекіністі қамалдардың тұрғындарынан басқасының бәрі, үргелерін түйе мен арбаға өңгеріп, Мойынқұм, Қарақұм және Борсыққұмға шашылып, қыстақтарына қоныстанған.
Демек, Ұлытау оғыздар үшін күзеу болса, олардың жайлаулары Есіл мен Жайықтың аңғарын алып жатқаны сөзсіз. Қатаң табиғи жағдай, топырақтың кебінуі және жоғарғы күн радиациясы Ұлытау өңірінде өмір сүрудің басты шаруашылығы ретінде көшпелілікті қалыптастырды. Бірақ, археологиялық зерттеулердің берген ақпаратынан, мал шаруашылығына қоса өзендердің жағасына орналасқан қамалдардың айналасында жер жыртып егін егу тәжірибесі де дамығаны туралы белгілі.
Кейбір деректер, оғыздар қарасулардың арнасындағы көздер арқылы азаймайтын суды шығыр арқылы пайдаланғаны туралы жазады. Өңірде ата заманнан көп көлемде шығыр болғанын бізге Әлкей Марғұлан айтады: «Біздің заманымыздың өзінде Торғай, Жыланшық, Кеңгір, Сарысу, т.б. өзендердің алқабында шашылып жатқан шығырларға назар аудардық. Шығыр сөзінен Шығырлы-Жыланшық өзені өз атауына ие болған». (Марғұлан Ә. Шығармалар. VIII т. 2011).
Көшпелілік пен аз көлемдегі егіншіліктен басқа, жергілікті мемлекеттің экономикасын өсіруге басты көз болған, өңірде металлургия дамыды. Металлургиялық өнімдерін Еуразияның әртүрлі елдеріне ортаазиялық саудагерлер таратып, көшпелілердің әскери күшін қамтамасыз ету мен күшеюіне мүмкіндік беріп отырды. Жезқазғанның кен қазушылары, металлургтері, қолөнершілері және зергерлері мемлекеттің қазынасын толтыруға басты себепші болатын өнім шығарған.
Оғыздардың сыртқы саясаты оңтүстікте Араб халифатымен сауда байланысын орнатумен, батыста Қазар қаһанатымен қарсылас-арпалыспен өтсе, шығыста татарлардың қарсыластығына төтеп беріп отырды.
VIII ғасырда Күлтегінге қарсы көтеріліс жасап, егеменді елге айналған оғыздар қолдарына ірі көлемдегі қазынаны жұмылдырды. Көшпелілер үшін Ұлы жібек жолынан түсетін салық әскерді күшейтіп, жорықтарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан, ІХ ғасырда әскерді күшейткен оғыздар қарлықтар мен кимектермен одақ құрып, батыстағы қаңғар-пешенектердің тасталқанын шығарды.
Деректерде оғыздарды Тоғыз-оғыз деп араларындағы айырмашылықты ажыратпайлы. Гавердовский тіпті тоғыз орда Оғыздың кезінде құрылып, оның балаларының еншісінде болған деп жазады. («Оғыз қаһан» мақаласын қараңыз). Бірақ арап деректері оғыздар мен тоғыз-оғыздарды екі бөлек қоғам ретінде қарастырады. Олардың карталары мен жолдар белгілерінде, оғыздар Жайықтан Ыстықкөлге дейінгі жерді алып жатса, тоғыз-оғыздар – Жетісу, Шығыс Қазақстан және Шығыс Түркістанды (СҰАР) мекендеген. Соған қарағанда, Гавердовский қателескен болу керек, өйткені Оғыздың кезінде мемлекет тек Бұзоқ пен Үшоқ атты әкімшілік аумақтарға бөлінгенін білеміз, Демек, тоғыз-оғыздар туралы ақпарат бізге Жошы қанның табытындағы тоғыз діңді плита арқылы жеткен. Бұл жайт Жошының бабалары, Бұқа қатық пен Бүтінжардан тараған, нируундар шамамен VIII ғасырдан бастап Ертістің жоғарғы жағында, тоғыз-оғыздардың құрамында өсіп-өнгенін дәлелдейді.
Сонымен, VIII-ХІ ғасырларда Ұлытау Оғыз мемлекетінің саяси орталығы болған. Бұл өңірде көшпелі мал шаруашылығы, металлургия және халықаралық сауда қызу дамыған. Ол заманның суреттемесін біз әртүрлі дереккөздерден, археологиялық зерттеулерден, басқа да ғылым жаңалықтарынан анықтаймыз. Зерттеулер жалғасуда, онымен бірге ұмытылған тарихымыз қайта жаңғыруда!
Мұхтар Бақытұлы.