Біздің ғасыр – заманауи әдістер арқылы білім мен ғылымды жетілдіруге жол ашқан ғасыр. Ұлттық педагогикамен қатар шетелдік білім дағдыларын қалыптастыру арқылы Қазақстанның білім жүйесін жаңаша бағытқа икемдеу педагогтардың ізденісі аса маңызды. Бүгінгі таңда «Қазақмыс» компаниясы өзінің өндірістік ошақтары орын тепкен аймақтарда білім сапасына барынша көңіл бөліп отыр. 2021 жылдан бастап республика көлемінде «Ustaz Ulytau» жобасы «Қазақмыстың» қолдауымен өз жұмысын бастады.
Бұл аталмыш жоба білім ошақтарының заман талабына сай жас буынға білім игеруін, шетелдермен байланыс орнатып, олардың тың технологияларын елімізге тарту болып отыр. Құрылған сәттен бастап жоба жетекшілері Қарағанды, Балқаш, Жезқаған, Сәтбаев қалаларында семинар-тренингтер өткізіп, аталмыш жобаның тиімділігін түсіндірді. Сәуір айының 9 – 11 аралығында Балқаш қаласында «Орта білім сапасы: өлшем, талдау, басқару» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Астанадан, Алматыдан, Қарағандыдан шақырылған сарапшылар, сондай-ақ Ресей мен Канададан шетелдік мамандар қатысты. Ал, конференция мектеп директорлары мен олардың оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен пән мұғалімдерін қамтыды. Жүзден аса педагог қатысқан бұл алқалы жиынға Ұлытау облысынан қатысқан бірқатар ұстаздар қауымымен жүздескен болатынбыз.
Конференциядан мол тәжірибе алып қайтқан педагогтің бірі – Жезқазған қаласындағы №8 мектеп-гимназиясының директоры Марал Әбиева. Марал Сламбекқызы:
– «Ustaz Ulytau» білім ошақтарының даму стратегиясын қазіргі заманға сай қалыптастыруға ықпал ететін бірден-бір жоба болып отыр. Сондықтан бұл жобаға қатысқан бір жарым жыл ішінде табысты мектеп тетігін қалыптастыруда мектебімізде қадамдар жасалуда. «Ustaz Ulytau» бұл – педагогтардың және оқушылардың ізденісі мен дамуына жол ашатын кең ауқымды жоба. Сондықтан біз жобаның әрбір бағытын білім сапасын жақсартуда қолданамыз. Балқаш қаласындағы тәжірибелік конференция біздің қазақстандық және шетелдік мамандармен тікелей сұхбат құрып, мектепті дамыту мен білім беру мазмұнын жақсартуға бағытталған ұсыныстарын тыңдауға мүмкіндік алдық. Алдағы уақытта біз өз тәжірибемізде сарапшылардың ұсынған тетіктерін жүзеге асырамыз, – деп өз ойын бөлісті.
Аталмыш білім ордасынан жобаның қатысушысы бастауыш сынып мұғалімі Шолпан Бименова қазіргі білім саласындағы педагогикалық-психологиялық мәселелерді зерттеп, зерделеп жүр. Бұл тақырыптың ауқымын кеңейтіп, өзі зерттеген сала бойынша жұмыс жасауға «Ustaz Ulytau» жобасы көп мүмкіндік бергенін айтады.
– Педагогика саласында отыз жылдан аса еңбек етіп келемін. Балаға білім негізі бастауыштан дұрыс қалануы керек. Сонда ортаңғы және жоғарғы буында оқушы пәндерді дұрыс игере алмақ. Ал, бастауышта оқушының толықтай білім игеруіне педагогикалық-психологиялық ахуал әсер ететінін ескерген жөн. Мен бұл жобаға қатысу арқылы педагогикалық шеберлігімді шыңдадым. Балқаштағы конференцияда өзіміздің секциялық бағыт бойынша біраз мәлімет алдым. Енді оны іс-тәжірибеде қолдану білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Шолпан Әбенқызы.
Сәтбаев қаласындағы №7 орта мектеп базасында инклюзивті білім беру жүйесі қалыптасқан. Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жасау бүгінгі таңдағы саладағы өткір тұрған мәселе. Осыған басымдық берген мектеп директоры Дастан Оспанов инклюзивті білім берудің жаңаша әдістері «Ustaz Ulytau» жобасында да қамтылғанын алға тартты.
– «Ustaz Ulytau» жобасының білім беру саласындағы тиімді тетіктері мол екенін мойындауымыз керек. Тек бір ғана бағытта қатып қалған жобаларды да сынақтан өткердік. Олардың да өз тиімділігі болды. Алайда, бұл тың жобаның мектеп пен мұғалімнің, оқушының дамуындағы ерекшеліктері бізді қызықтырды. Басшылық жасайтын мектепте инклюзивті білім беру жолға қойылған. Басшы ретінде осы бағыт мені жоба арқылы ізденуге ұмтылдырды. Қыс мезгілінде «Ulytau» қоры басшылығының ұйымдастырумен Алматыда директорларға арналған семинар өтті. Он күндік семинар біз ұстанып отырған бағытты дамытудың көздерін ашып берді. Мектептің даму стратегиясында инклюзивті білім берудің жаңаша формасын енгізуді көздеп отырмыз. Балқаштағы тәжірибе алмасу сапарынымызда еліміз бойынша аккредациялаудан өткен тұңғыш Ә.Ермеков атындағы лицей-мектебінде болдық. Білім ошағындағы заманауи жүйе мектеп басшыларына біраз ізленіске бару керектігін айқындады. Біз жоба шеңберінде алған біліміміз бен тәжірибемізді мектепті дамытуға бағыттаймыз, – дейді Дастан Бағдатұлы.
«Жобаның бағыттарын тиімді жүзеге асырса табысты мектеп қалыптастыруға негіз бар» деген пікірді алға тартқан Сәтбаев қаласындағы №7 орта мектептің қазақ тілімі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Толқын Күзенбаева Балқаш қаласында өткен конференциядан алған әсері жайында:
– Білім сапасын жақсарту – біздің басты міндетіміз. Сондықтан жоба аясындағы конференция бұл бағытта қандай шаралар атқарылу керектігін айқындап берді. Пленарлық отырыста бас ғалымдар мен директорлар өз білімдері мен тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ конференцияның бағыттары бойынша панельдік пікірталастар өткізілді.
Пікірталастар өте қызықты болды.Tamos Space School бас директоры Нұрболат Бисенғалиев модерациялаған «Сапалы білім беру ортасы – мектептің табысты даму факторы» бағыты өте үлкен қызығушылық тудырды.
Бұл конференция қатысушыларға білім беру саласында білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді және қазақстандық білім беру жүйесін белсенді дамытып жатқанын көрсетті. Ұстаздарға осындай үлкен мүмкіндік тудырып, өңірлік мектептердің дамуына, ынтымақтастықта жұмыс жасауына ықпал еткен ұйымдастырушыларға, «Ulytau» қорының Ұлытау аймағы бойынша басшысы Гүлмира Жаппасова серіктес мектеп ретінде үлкен алғысымызды білдіреміз,– деді Т.Күзенбаева .
Ұлағатты ұстаздардың пікірінен байқағанымыздай, білім сапасын көтерудегі тиімді тетік ретінде қалыптасқан «Ustaz Ulytau» жобасының өңірдің білім ошақтары мен педагогтарына тигізер пайдасы мол.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
Суретте: Балқаш қаласында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияның бір топ қатысушылары.