«Мысты өңір» газетінің 14 сәуірдегі санында «Өндірістегі жұмысшы денсаулығы өзекті» тақырыбындағы мақаланы көзім шалды. Онда «Қазақмыс» корпорациясы еңбеккерлерін көптен ойландырып жүрген денсаулыққа қатысты жайттар тізбектелген.
«КәсіпҚорған» кәсіподағының көтеріп отырған бұл бастамасына еліміздің Денсаулық министрлігі тарапынан қолдау табуға тиіс. Мен 33 жыл мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасында слесарь болып еңбек етіп келемін.
Белдегі грыжаға ота жасағандықтан мені жеңіл жұмысқа ауыстырып, қазіргі айлығымның 29 пайызын төлеу бойынша тексеру комиссиясы шешім қабылдап отыр. Алайда мен бұл шешіммен келіспеймін. Өйткені менің осы жұмысым өзіме қолайлы. Екі мәрте тексеру комиссясының отырысы өтті, мені пайызбен жеңіл жұмысқа ауыстыру мәселесі қаралуда.
Мақалада көтерілген мәселедегідей егер менің денсаулығым толығымен ауыр өндірісте еңбек етуге жарамсыз деп танылса толық мүгедектікке шығуыма тексеру комиссиясы мүмкіндік бергені жөн. Бұл бір менің ғана басымдағы жағдай емес, жеңіл жұмысқа жіберіліп, анық диагнозбен мүгедектігін растай алмай жүргендер жетерлік. Бұрындары цех еңбеккерлеріне қауіптілік деңгейіне байланысты жалақыға үстеме ақы қосылатын. Оны да алып тастады.
Министрлік пен корпорация басшылығы, осы бастаманы көтеруші тарап – «КәсіпҚорған» кәсіподағы осы мәселелердің оңтайлы шешімін шығарады деп ойлаймын. Өйткені бұл шешімді бізкөптен бері күтудеміз.
Еркінбек Заигелдин,
мамандандырылған жөндеу-механикалық
басқарамасы № 1 телімнің слесарі.