Денсаулық – адам баласының еш байлықпен теңгермес құндылығы. Оны сақтап, күту өміріңнің басты кепілі деуге болады. Әсіресе ауыр өндіріс жағдайында еңбек ететіндердің денсаулығына келетін зияндарды азайту жұмыс берушінің негізгі міндеті саналады. Сондықтан «Қазақмыс» корпорациясы деңгейінде бұған аса көңіл бөліну маңызды.
Мен кен өндірісінде ұзақ жыл еңбек еттім. Одан алған зиянның салдарынан мүгедектікке шықтым. Алайда оны дәлелдеу де оңайға түскен жоқ. Қазірдің өзінде де жыл сайынғы медициналық тексерісте көп кедергілер бар. Жұмысшыға қойылған нақты диагнозды анықтау үшін қаншама әуре-сарсаңға түсіп жүргендер жетерлік. Тіпті бұрынғы айлығының 5 пен 29 пайызын місе тұтып, жеңіл еңбекте жүргендердің жағдайын бір жола шешіп, мүгедектігін айқындау соншалықты неге қиынға соғады?
Айдан анық диагнозға мүгедектік топты беру мәселесі жыл сайын күрделеніп барады. Осы жағдайларды Тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы ҚР Денсаулықминистрлігіне жолдағанын «Мыстыөңір» газеті арқылы біліп, үн қосуды жөн санадым.
Жұмысшының денсаулығына тікелей әсері бар факторларды жойып, медициналық тексеріс кезіндегі қарама-қайшылықтарды жою арқылы қаншама сабылып жүрген азаматтар мәселелерін оңтайлы шешер еді. Осыған медицина мамандары мен корпорация басшылығы аса мәнберген жөн деп ойлаймын. Ұзақтан бері күрмеуі шешілмей келе жатқан бұл жағдайды ҚР Денсаулық министрі АжарҒинаят ретке келтірсе қазақмыстық еңбеккерлердің өз саласына қосқан үлесін әділ бағалау болатынына сенемін.
Әбулайс Молахов,
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Ардагерлер кеңесі Сәтбаев филиалының жетекшісі.