ЖЕЗҚАЗҒАН
Ұлытау облысы бойынша Наурыз мерекесіне арналған «Армысың, әз Наурыз!» мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралары 22 наурыз күні облыс орталығы Жезқазған қаласында кең көлемде аталып өтті.
Шара мерекелік театрландырылған қойылыммен басталып, облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының құттықтауымен жалғасты. Берік Әбдіғалиұлы басталған жыл баянды болуын, былтыр ғана 16 наурызда мемлекет басшысы Ұлытау облысының ашылуын жариялағанын және әділетті тарихи шешім қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ, мемлекет басшысының арқасында өңіріміздің дамуының үлкен кешенді жоспары қабылданғанын,жаңа облыста жаңғыру енді басталатынын халыққа жеткізді. Жаймашуақ ауа райы халыққа ерекше көңіл күй сыйлап, халықтың қуанышын еселей түскендей. Наурыз думанның шымылдығын көш керуен шеруі ашты. Жер ана мінген түйе,ондаған жасаулы ат, құс ұстаған саятшылар мен тазыларын ерткен итбегілер. Жалпы саны екі жүздей адам орталық алаңмен жүріп өтті. Қазақ эпостарының кейіпкерлері «Тазша бала», «Мыстан кемпір, «Алдар көсе» де осында. Қала тұрғыны Серік Жүндібаев осындай үлкен іс-шаралардың қаламызда болуы, рухымызды, көңілімізді көтерді дейді.
Дәстүрге сай қалалық әкімдік биыл да мерекеге орай киіз үйлер байқауын ұйымдастырды. 21 наурыздан бастап Алаша хан даңғылы бойында киіз үйлер қалашығы бой көтерді. Қала бойынша барлығы 25 киіз үй тігілді. Жезқазған мыс қорыту зауыты, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Жезқазған блогерлері, «Қазақмыс Мәйкер» ЖШС және тағы басқа ұжымдар киіз үй тікті. Байқау шарты бойынша қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттауы қажет. Конкурста арнайы жасақталған қазылар алқасы төрелік жасады. Олар киіз үйдің ішкі, сыртқы жасауына, безендірілуіне, ұлттық нақышқа орайластырылуына және дастарқан мәзіріне баға берді. Сонымен байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Ұлытау облыстық полиция департаменті жеңіп алды.
Жалпы, Жезқазған жұрты ұлық мерекені ұлттық деңгейде тойлауға әбден дағдыланған. Сол дәстүрден жаңылмай, әдемі ауа-райында мереке жиылған көпшілік бұқаралық серуенге қатысты. Айнала әуезді әнге толып, ет пен наурыз көженің иісі аңқып, жамағат жақындарымен көрісіп жатты.Мейрамға қатысушыларға Өзбекстаннан арнайы келген аспаз Айбек Ғұламов 2 тонна палау пісіріп, халыққа тегін үлестірді. Наурыз мейрамының басты асы – наурыз көже де тегін үлестірілді. Сондай-ақ, бұл күні қолөнер бұйымдары сатылымға шығарылды. Мерекенің көрігін спорттық шаралар қыздырды. Кетбұқа ескерткішінің алдында өткен ұлттық ойындар бойынша қала тұрғындары ерекше белсенділік танытты. Білекті, жүректі ер-азаматтар күштерін сынап, арқан тартысып, кір тасын көтерді, қол күрестірді. Ересектер жағы өзара күш сынасып жатқанда, кішкентай бүлдіршіндер асық атып жарысты. Олар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға асықты. Осылайша, бұл күні ұлттық ойындарымыз ұлықталып, қайта жаңғырғандай әсер сыйлады.
СӘТБАЕВ
Ұлық мейрамды жылдағы дәстүрге сай жеті қат жер астынан кен өндірген кеншілер шаһарының жұртшылығы биыл да көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алды.
Ұлы академик Қаныш Сәтбаев даңғылының бойына тігілген ақшаңқан киіз үйлер байырғы қазақ ауылдарын еске салды. Айналасында той-думан дүбірі сезілді. Наурыз мейрамының бастауы театрландырылған көрініспен ашылып, Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкіровтің құттықтауына ұласты.
Кеншілер алаңына жиналған көпшілікке жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарламаларын ұсынды. Спортқа епті жастар ұлттық ойындардан бақ сынады. Қала басшысы бастаған қаланың зиялы қауым өкілдері этноауылды аралап, киіз үйлерде болды. Жағалай тігілген киіз үйлердің маңында көпшілікке наурыз көже, бауырсақ таратылды.
Мерекеге орай «Үздік киіз үй» байқауы ұйымдастырылған болатын. Ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, қазақы болмысымызды танытқан «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ «Батыс» кеніші байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Бірінші орынды қалалық Ардагерлер кеңесі алса, екінші орынды «Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС еншіледі. Үшінші орынның жүлдесі «Әділетті жол» Қоғамдық бірлестігіне бұйырды.
Жыл басы – Наурыздың мән-маңызын жастарға ұғындырып, ұлттық құндылықтарды насихаттаған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Жезқазған өндірістік алаңындағы құрылымдарға Тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы да сый-құрмет көрсетті. «КәсіпҚорған» кәсіподағы төрағасының орынбасары Уәлихан Нұржанов пен «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергенов қос қаладағы мерекеге ортақтасып, бірқатар өндіріс ошақтарының киіз үйлерінде болды. Кәсіпорындардың басшылығына кәсіподақ атынан алғыс жарияланып, сыйақы тапсырылды.
БАЙЫТУ ФАБРИКАСЫ
Халқымыздың бойтұмарындай болған әз Наурыз мейрамын атап өту дәстүрі Жезқазған байыту фабрикасының еңбек ұжымдары арасында жыл сайын жалғасын тауып келеді.
Көрісу күнінен басталатын мерекелік шараны өндіріс ошағының әкімшілігі мен «КәсіпҚорған» кәсіподағы желісін үзбей ұлан асыр тойға ұластыруда. Мұрат Бөрібаев басшылық жасайтын бірлігі жарасқан еңбек ұжымы Қоян жылын Жезқазған қаласындағы «Екі Жұлдыз» тойханасында дүбірлетіп атап өтті. Ауқымы кең шара былтырғы жылы фабрикадағы Нұрғали Есілбаевтың жетекшілігіндегі №1 бас корпустың еңбеккерлерінің ұйымшылдығымен бастауын алған болатын. Нұрғали Есболұлы бас болған сол дәстүрді биыл фабриканың өзге де ұжымдары қолдап, мерекені той-думанға ұластырды.
Байқау түрінде өткен тойға фабрикадан алты топ қатысты. №1 бас корпус – «Кетбұқа баба», қойма шаруашылығы – «Аманбай батыр», №2 ұнтақтау корпусы – «Абылай», №1 бас корпустың үшінші бригадасы – «Ұлытау», сүзу, кептіру бөлімшесі – «Қаныш Сәтбаев», №2 бас корпус «Жаңа Қазақстан» ауылы болып, өзара ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерімізді, ұлттық спорт түрлерін насихаттады. Қазылар алқасы әр ауылдың ұлттық киімді насихаттауы, дастарқан мәзіріне баса мән берді.
Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекеге фабрика директоры Мұрат Бөрібаев, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Ардагерлер кеңесінің басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров пен сала ардагерлері қатысты. Төлеген Нұрмағанбетұлы байытушылардың бұл бастамасына батасын беріп, қолдау білдірді.
Байқауға «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Amanat» партиясы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағы демеушілік танытты.
Ұлттық құндылықтар насихатталған байқауда «Кетбұқа баба» ауылы «Amanat» партиясы бірінші орынға тағайындаған 250 мың теңгені жеңіп алса, екінші орынды «Абылай» ауылы еншіледі. Үшінші орынның жүлдесі «Жаңа Қазақстан» ауылына бұйырды.
Сонымен қатар, «Жезтаңдай әнші», «Талантты актер», «Білікті жігіт», «Ұлттық көркем киім», «Ұлттық тағам» аталымдары бойынша да жеңімпаздар анықталып, марапатталды.
Мерекеге қатысқан еңбеккерлердің балалары да тойдан құр қол қайтпады. Олар да сый-сияпатқа ие болды. Халқымыздың бітім-болмысын, салт-дәстүрін насихаттаған байытушылардың жыл басындағы тойы келер жылы да кең көлемде аталып өтпек.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ, Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.